25 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі
АСТАНА. ҚазАқпарат — ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 25 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.
25 желтоқсан. СЕЙСЕНБІ
Рождество
Христиандардың ең басты мерекелерінің бірі. Әлемнің 100-ден астам елінде мемлекеттік мейрам дәрежесінде. Еуропаның көптеген елдерінде бұл мереке — нағыз отбасылық мейрам болып саналады. Рождествоны тойлау екі-үш күнге созылады да дәстүрлі бірінші жұлдыз жанған сәтте кешкі асқа отырудан басталады.
Қытайда Конституция күні
1946 жылы Қытай Республикасының Конституциясын қабылдау күнінің құрметіне құрылды. Конституция әлемдегі ең көп халқы бар — сол уақытта шамамен 450 миллион адам тұратын елдегі демократияны құжат бойыша бекітті.
Қытай Республикасының Конституциясы 1946 жылдың 25 желтоқсанында қабылданып, заңды күшіне енген 1947 жылдың 25 желтоқсанынан бастап едәуір өзгерістерге ұшырамай келді: соңғы өзгертулер 2000 жылы енгізілген.
Пәкістанда Мұхаммад Әли Джиннаның туған күні
Мұхаммад Әли Джинна 1876 жылы 25 желтоқсанда туды және ол Пәкістанда ұлттық мемлекеттіліктің негізін қалаушы ретінде саналады. Ол Британдық Үндістан бөлімінің белсенді қатысушыларының бірі болды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1979 жылы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік қорық-мұражайы құрылды. Оның құрамына Ежелгі Тараз қаласының жұрты, Айша бибі, Қарахан, Бабажы қатын, Дәуітбек (Шамансұр) кесене ғимараттары, Қали Жүніс моншасы, Әбдіқадыр мешіті, сақтардың Үштөбе қорғаны, төменгі Барысхан, Атлах, Адахкет, Хамукет, Жікіл қалаларының жұрты, т.б. тарихи және мәдени ескерткіштер біріктірілген.
1982 жылы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі құрылды.
1990 жылы Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы 2-СЭС-нің бірінші энергоблогы іске қосылды.
1995 жылы Елбасы Н.Назарбаев Конституциялық заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық бойынша сот жүйесінің құрылымы және оны қалыптастырудың тәртібі, барлық деңгейдегі соттардың өкілеттіктері, соттардың мәртебесі мен олардың тәуелсіздігінің кепілдігі, оған қойылатын талаптар, судьяларға өкілеттік беру мен оны тоқтату тәртібі, судьяларды жауапқа тарту, оларды материалдық және әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету белгіленген.
2000 жылы Алматыда тұңғыш отандық өндірістің троллейбусы жасалды.
2006 жылы Алматыда «Ахмет Жұбанов» атты деректі фильмнің премьерасы болды. Авторы — танымал режиссер Қалила Омаров. Фильмнің сценарийін музыкант Жұбановтың қызы Ажар Ахметқызымен бірге жазған. Фильмде кейіпкердің танымал және белгісіз өмірінің көріністері пайдаланылған. А.Жұбановтың туған жері — Ақтөбе облысында және Алматыда, Астанада және Париждегі мерейтойлық шаралар өткен ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде түсірілген. Мәскеу мұрағаттарынан материалдар пайдаланылған. Фильмде Жұбановтар әулетінің көптеген мүшелері және оның шөбересі, жас танымал дирижер Алан Бөрібаев та қатысқан.
2006 жылы Семейде алғашқы рет Қазақстандағы дөңгелекті тракторды ТТЗ-80.10. құрастыру конвейерлік желісі іске қосылды. Бұл Беларусь, Ресей, Өзбекстан және Қазақстан қатысқан бірлескен кәсіпорын.
2009 жылы Атырауда Қазылар сарайы ашылды. Мұнда облыстық және ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттар орналасқан. Жаңа ғимаратта судьялардың жұмыстары үшін барлық жағдай жасалған. Инновациялық телекоммуникациялық технологиялармен жабдықталған, сот отырыстарын өткізуге арналған бірнеше зал жұмыс істейді. Мәжіліс залы, судьяларға арналған қолайлы бөлмелер бар.
2012 жылы Астана ТМД және ЕурАзЭҚ қалалық тәжірибелерінің «Тұрғың келетін қала» V көрме-байқауының лауреаты атанды. Аталған байқау Мәскеуде «Мегаполис: XXI ғасыр: Қала және балалар» атты IV халықаралық форум аясында өтті.
Қазақстан астанасының атынан келген делегаттарға Ресей муниципалдық академиясының наградалары мен Астаналар мен ірі қалалардың Халықаралық ассамблеясының дипломдары табысталды.
Астана қаласы мұндай абыройлы наградаға жастардың еңбекпен қамтылуы саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған «Жасыл ел» жалпыұлттық бағдарламасын жасап, іске асырғаны үшін қол жеткізді.
2012 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Astana Solar» ЖШС-нің ұжымын фотоэлектрлік модульдердің өндірісі бойынша зауытта іске қосу-жөндеу жұмыстарының басталуымен құттықтады.
2012 жылы Алматыда «Құлагер» жыл сайынғы ұлттық кинематографиялық сыйлықты тапсыру рәсімі өтті.
2014 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа» байқауының арнайы сыйлығын табыс етті. «Үздік индустриялық жоба» номинациясында — «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» лауреат атанды. «2014 жылғы өндірістегі үздік инновация» номинациясында — ШҚО «Посук Титанум» ЖШС лауреат атанды.
2014 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үш дәрежеден тұратын арнайы Еңбек даңқы орденін тағайындады. Үш дәреже иегері Еңбек еріне теңеседі. Еңбегімен еленген жұмыскерлер, шаруаларға ғана беріледі.
2014 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күні аясында жалпыұлттық телекөпір өтті. Президентке Индустрияландыру картасының 15 жаңа жобасы таныстырылды.
2015 жылы «Қазпошта» АҚ ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған пошта маркаларын айналымға шығарды. Марка 4 бояулы офсеттік тәсілмен басылды. Формасы — сегіз маркадан тұратын марка парағы. Парақтың өлшемі: 140х120, марканың өлшемі 28х40. Таралымы 5 мың дана. Суретшісі К. Плужникова. Марканың номиналы 300 теңге.
2015 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Дала қазынасы» сериясының «Алқа» естелік күміс монеталарын айналымға шығарды.
Номиналы: 500 теңге, металдың құрамы: 925 сынамалы күміс, массасы — 31,1 г, төрт қырлы монета диаметрі 43 мм шеңбердің ішіне сыяды. Дайындау сапасы: proof. Таралымы: 3 000 дана.
1991 жылы КСРО басшысы М.Горбачев телеарна арқылы сөз сөйлеп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылғанына байланысты КСРО басшысы ретіндегі қызметін тоқтататындығын мәлімдеді. Сол түні Кремль күмбезінен Кеңес одағының қызыл туы алынып, орнына Ресейдің үш түсті туы ілінді.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz