Путин мен Лукашенко неге келісе алмады?

0
104

Екі ел президентінің кездесуінен кейін баспасөз конференциясы болмаған. Журналистер келіссөз басталған кезде ғана қатысқан. Сондықтан келіссөз барысы жайлы толық ақпарат жоқ.

Владимир Путин журналистер көзінше «екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсы дамып жатыр» деп айтқанмен келісе алмаған мәселелер барын да мойындаған: «Егер келіссек, тіпті жақсы» деген. Ал Лукашенко «мәселелерді жаңа жылға қалдырмайық» деп ұсыныс жасаған.

Келіссөзге қатысты әзірге Ресейдің қаржы министрі Антон Силуанов ресми түсініктеме берді. Оның айтуынша, 2020 жылға қарай екі тарап газ бағасын қалыптастыру механизміне қатысты «ұсыныстар әзірлеуі» тиіс. Бұған қоса, екі жақ «интеграция және даулы мәселелер бойынша ұсыныстарды дайындайтын жұмыс тобын құруға» келіскен. Силуановтың сөзінше, келіссөз барысында екі тарап позициясының жақындауы байқалған.

Сарапшылар соңғы уақытта шикізат бағасына байланысты екі ел арасындағы қарым-қатынас ушыға бастағанын айтады. Бұған дейін Ресей келесі жылдан бастап Беларусьқа экспортталатын мұнай-газ бағасының өзгеретінін мәлімдеген. Мамандар мұнай бағасы өзгерсе, 2019 жылы Беларусь 300 миллион доллар шығынға батады деп болжайды.

Кремльдегі кездесуге дейін Александр Лукашенко бұған қатысты талай рет мәлімдеме жасап, ақырында «Ресей Беларусьті жаулап алуға тырысып отыр» деп айыптауға дейін барған. Саммит қарсаңында екі ал арасында бұрынғыдай «бауырластықтың» қалмағанын да айтқан. Ал Ресей шенеуніктері Минскінің саудада «лайықсыз» артықшылықтарға ие болғысы келетінін айтқан.

Беларусь президенті баспасөз қызметінің өкілі Наталья Эйсмонт кеше журналистерге екі президенттің жаңа жыл алдында «шұғыл мәселе бойынша» шешім қабылдау үшін тағы кездесетінін хабарлады.

Еуропалық трансформация орталығының директоры Андрей Егоров шикізат бағасына байланысты тараптар нақты келісе алмағандықтан жаңа жыл алдында тағы кездесуге мәжбүр болып отырған сияқты дейді.

– Беларусь-Ресей қатынасында шешімдерді қабылдаудың барлығы президенттердің еркіне тәуелді. Мұндай кездесулер әдетте өзара кикілжіңдерге нүкте қойып, жаңа шарттар бойынша келісімге жетелейді. Ал нақты жағдайда бұл болған жоқ. Әзірге Ресейдің Беларусьқа қысым жасауына, ал Беларусьтың қарсыласуына мүмкіндігі бар. Өзара келісімді жылдамдататын сыртқы оқиғалар да болып жатқан жоқ. [Сондықтан] мұндай жанжал жалғаса береді деп ойлаймын, – дейді сарапшы.

Дереккөз: Азаттық