25 млн жымқырған Шымкент балалар ауруханасының бас дәрігері мен есепшісі сотталды

0
298
Сурет: Andy_Bay

Шымкентте ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінген облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері мен бас есепшісі сотталды. Бұл туралы AntikorNEWS алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының үкімімен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері А.А.Маймақов 4 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды», — дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров. 

Сондай-ақ, аурухананың бас есепшісі де жауапкершілікке тартылды.

«Бас бухгалтер Б.Т.Нарбаева заңды ұйымдарда материалдық жауапты тұлға лауазымын атқару құқығынан 5 жылға айырылды. Сонымен қатар оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы (ҚР ҚК 63-бабын ескере отырып, бас бостандығынан айыру мерзімі шартты болып саналады) тағайындалды. Олар 25 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру күдігіне ілінген», — деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Атырау облысында кәсіпкер әйелдің бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырғаны туралы хабарлаған едік. Ұрланған ақша тегін медициналық қызмет көрсетуге жұмсау үшін бөлінген.

Қаржы мониторингі комитетінің Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Атыраудағы екі кәсіпорынның директорына қатысты ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлімі 2-тармағы бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтаған. Компания басшысы қызметін пайдаланып, бюджеттен бөлінген 16,8 миллион теңгеден астам ақша қаражатты жымқырған.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету