21 желтоқсан. Туған күн иелері
2018 жылғы 21 желтоқсан 08:15
АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін, яғни 21 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
83 жыл бұрын (1935) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Инженерлік Ғылым Академиясының академигі Сухан Мақсотұлы ҚАМАЛОВ дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
1965-1972 жылдары — Қазақстан Республикасы Геология министрлігінің бас геологы. 1976-1985 жылдары — Орал мұнай және газ барлау экспедициясының аға геологы, бас геологы. 1985-1989 жылдары — «Оралмұнайгазгеология» өндірістік бірлестігінің директоры. 1989-1991 жылдары — Қазақ КСР-нің Геология және жер қойнауын қорғау жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1991-1992 жылдары — «Қарашығанақгазөнеркәсіп» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры. 1992 жылдан «Қазақгазжобалау» газ өнеркәсібі ғылыми зерттеу-жобалау институтының директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясының батысқазақстандық орталығының директоры қызметтерін атқарған.
Республикамыздың барлық аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жобалаумен және жоспарлаумен айналысты. Сол жылдары қоры аса бай сұйық көмірсутекті Өзен және Жетібай кендері ашылды. Ақтөбе экспедициясының бас геологы ретінде тікелей қатысуымен «Жаңа жол» ірі мұнай кен орнын зерттеліп, ашылды. Осы кезеңде бірегей Қарашығанақ газконденсат кені барланды. 90-ға жуық ғылыми еңбегі бар.
«Құрмет белгісі», «Парасат», «Барыс» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Орал қаласының құрметті азаматы.
57 жыл бұрын (1961) «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» басқарма төрағасы Нұрмұхамбет Қанапияұлы ӘБДІБЕКОВ дүниеге келді.
Арқалық қаласында туған. Мәскеу тау-кен институтын бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты. Институтты бітіргеннен кейін өз еңбек ісін Шилісай фосфорит кенінде ауысым шебері болып бастаған. 1989-2009 жылдары Ақтөбе, Атырау және Астана қалаларында мемлекеттік органдарда әр түрлі лауазымдарда болған.
2009 жылы желтоқсаннан 2011 жылы шілде аралығында Өндіріс Комитеті өкілі, Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі. 2011 жылы шілдеден бастап — Ақтөбе қаласының әкімі. 2012 жылы ақпаннан бастап Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. 2014-2017 жылдары Қарағанды облысының әкімі. Қазіргі қызметінде 2017 жылғы наурыздан бері.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz