2020-2021 жж. «Халық» қоры қайырымдылыққа 18 млрд. теңге бағыттады
Әлеуметтік жобаларды, сондай-ақ спорт, білім және мәдениет саласындағы жобаларды іске асыру және қолдау мақсатында 2016 жылы құрылған «Халық» қайырымдылық қоры 2020-2021 жж. аралығындағы қызметінің қорытындысын шығарды: көрсетілген қайырымдылық көмектің жалпы көлемі 18 млрд теңге.
«Халық» Қайырымдылық қорының есепті кезеңдегі негізгі жобалары:
- Коронавирус инфекциясының таралуы жағдайында Қазақстан тұрғындары мен медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету;
- Қазақстан бойынша кең ауқымды азық-түлік науқаны аясында халықтың ең мұқтаж топтарына көмек көрсету;
- «Мектепке жол» жобасы аясында және «SOS Қазақстан балалар ауылдары» қорымен ынтымақтастық барысында балаларға көмек көрсету;
- «Ozgeris powered by Halyk Fund» гранттық бағдарламасы арқылы және «Мирас» халықаралық мектебінде білім алуға гранттар бөлу, сондай-ақ Алматы қаласындағы мұғалімдердің «Almaty Digital Ustaz» байқауын қолдау арқылы балалар мен жастарға сапалы білім беруді дамыту;
- «Қайрат» ФК және «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрымен ынтымақтастық арқылы спорт пен өнерді танымал ету.
«Халық» Қайырымдылық қорының осы кезеңдегі басым жобасы коронавирус инфекциясы таралуының зардаптарымен күресу және отандастарымызды қолдау болды: 2020 жылы елде COVID-19 таралуына байланысты төтенше жағдай енгізілудің алғашқы күндерінен бастап Қор орасан зор жұмыс атқарды және ең алғашқылардың бірі болып, жан түршігерлік вируспен «майданда» күресіп жатқан қазақстандықтарға, сонымен қатар, карантин кезінде қалайда болса зардап шеккен қазақстандықтарға қаржылай көмек көрсетті.
Жалпы сомасы 5,1 млрд теңгеге: қажетті медициналық жабдықтарды сатып алуы қаржыландырылды; жедел жәрдем автомобильдері сатып алынды; COVID-19-мен күресу үшін қымбат медициналық препараттар, жеке қорғаныс құралдары мен көптеген басқа да құралдар сатып алынды.
Қор сондай-ақ «Birgemiz» республикалық қоғамдық қорына коронавирус инфекциясының салдарын жою мақсатпен көмек көрсетті – қаражат еліміздің әр өңірінен әлеуметтік осал азаматтарға атаулы материалдық көмек көрсетуіне бағытталды.
«Халық» Қайырымдылық қоры жаңа инфекцияның таралуына жанқиярлықпен қарсылық көрсеткендерді назардан тыс қалдырмады. Орасан зор жүктемеге, инфекция қаупіне, белгісіз вирусқа және моральдық күйзеліске қарамастан отандастарымыздың өмірі мен денсаулығы үшін күрескен Қазақстан дәрігерлерінің ерлігін мойындай отырып, Қор 2020 жылдың наурыз-мамыр айлары аралығында медицина қызметкерлеріне ақшалай төлемдер жасады. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері мен ұйымдарын медицина саласындағы көрнекті кәсіпқойлығы үшін, сондай-ақ Қазақстандағы COVID-19 коронавирус пандемиясымен күреске қосқан үлкен үлесі үшін көтермелеу мақсатында «Халық» Қоры жалпы қоры 220 000 000 теңгеден құрылған бірегей «Halyq Qurmeti» сыйлықақысын тағайындады.
Халықтың мұқтаж топтарын қолдау және әлеуметтік қорғау, мүмкіндіктері шектеулі жандарды әлеуметтік бейімдеу әрқашан Қордың қайырымдылық көмек көрсетуінің басым бағыты болып табылады. 2020-2021 жж төтенше жағдай ауыр сынаққа айналған халықтың ең осал топтарынан шыққан отандастарымызға қолдау көрсетуде Қор орасан зор жұмыс атқарды. Қордан жүйелі түрде жан-ұяларға азық-түлік көмегі көрсетілді — Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше жағдайға және COVID-19-ға байланысты карантиндік шараларға себеп-салдарынан қиын өмірлік жағдайға тап болған жандар тұрақты қолдауды сезіне алды.
2020 жылдың сәуір айында «Халық» Қайырымдылық қоры Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге 50 тоннадан астам азық-түлік жөнелтті. 2020 жылдың шілдесінде, коронавирусының екінші толқыны кезінде «қызыл аймақта» болған Атырау облысының аз қамтылған отбасыларына Қор 1000 азық-түлік және дәрі-дәрмек жинақтарын таратты.
Жалпы айтқанда, осы игі бастама аясында 2020-2021 жж. жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге жалпы салмағы 5 млн кг болатын 100 000 азық-түлік себеттері таратылды.
Балалар мен жастар арасында сапалы білім беруді дамыту «Халық» Қорының қайырымдылық қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта «Халық» Қоры «Ozgeris powered by Halyk Fund» жобасын бастамашылық етті – бұл жастар арасында заманауи әлемде қажетті кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға көмектесетін Қазақстандағы мектеп оқушыларына арналған бірінші онлайн-бизнес-инкубатор. Жоба аясында «Халық» Қайырымдылық қоры мектеп оқушыларының шағын кәсіпкерліктерін дамыту мақсатында 200 грант бөлді.
Сондай-ақ дарынды және ынталы балаларға қолдау көрсету мақсатында «Халық» Қайырымдылық қоры 2021 жылы Алматы қаласындағы «Мирас» Халықаралық мектебінде оқуға гранттар белгіледі. Ал Алматы қаласы білім беру қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін дамыту мақсатында жыл сайынғы Алматыдағы мұғалімдерге арналған «Almaty Digital Ustaz» қалалық байқауы аясында Қор көмек көрсетті.
Қор ешқашан шетте қалмайды және балаларға дер кезінде қайырымдылық көмек көрсетеді: жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында 2020 жылы «Мектепке жол» кең ауқымды қайырымдылық науқанының аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыларының бірінші сынып оқушылары Қордың арқасында арқа қоржындар мен оқу құралдары жинақтарымен қамтамасыз етілді; Қор №1 Балалар үйінің барлық тәрбиеленушілеріне ақшалай төлемдер жасады; Қор қаражатына отбасылық балалар үйлері, «SOS балалар ауылындағы» пәтерлері жиһаздармен және құралдармен жабдықталды.
«Халық» Қайырымдылық қоры көп жылдар бойы Қазақстандағы мәдени мұраны сақтауға және оны арттыруға, өнерді насихаттауға бағытталған жобалар мен спорттық жобаларды қолдап келеді. 2021 жылы Қазақстан Республикасында халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау және жастар спортын дамыту бойынша әлеуметтік саясатты белсенді жүргізіп жатқан «Қайрат» футбол клубына Қор демеушілік көмек көрсетті. Сондай-ақ, Қордың қаржылық қолдауының арқасында «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында Вокал академиясы құрылды, оның мақсаты театрдың шығармашылық қызметкерлерінің вокалдық техникасын дамыту мен жетілдіру және музыкалық пен сахналық мәдениетін арттыру.
2022 ж. қаңтар айында қор мемлекет пен отандастарымызға қолдау көрсетіп, «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына 2 миллиард теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. 2022 жылы «Халық» Қайырымдылық қоры отандастар өмірінің маңызды салаларында, оның ішінде «Қазақстан халқы» қоғамдық қорымен бірлесіп, ауқымды қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруды жалғастырады.