Тоқаевтың қателесуге қақы бар. Бірақ халық тағы 30 жыл күтпейді!

0
1221

Қазақ қоғамын дүр сілкіндірген «Қаңтар қасыреті» ешкімді бей-жай қалдырмаса керек. 
Соның ішінде бұл оқиғаға ерекеше мән беріп, пікір білдіріп жатқан саясаткерлер бір төбе. Осы күнге дейін орыс тілді баспасөзде болмаса, қазақша басылымдарда көріне бермейтін саяси диссидент, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Мағжанұлы Қажыгелдин бізбен сұхбаттасуға  ықылас танытып, сұрақтарымызға барынша шынайы жауап қайырды. Ескерту: сұхбат онлайн форматта жасалды. Мархабат, мәртебелі оқырман…
Тоқаев ешбір партияға мүше болмауы керек
– Әкежан Мағжанұлы, «қаңтар оқиғасынан» кейін Қазақстан билігінде біршама ауыс-түйістер орын алды. Бірлі-жарым лауазымды шенеунік тұтқындалды. Біршамасы қызметінен кетті. Тағы біразы «өз еркімен» мансаптарын тапсырып жатыр. Олардың арасында экс-президентке ең жақын адамдар да жоқ емес. Сіз бұл жағдайларды қазір сырттан көріп-біліп отырсыз. Айтыңызшы, қазіргі елдегі саяси ахуалды қалай бағалайсыз?
–  Елдің басындағы қазіргі халды халық үшін өте қиын әрі қауіпті деп есептеймін. Бұл дағдарыстың тереңдігі соншалық, оны жалғыз төтенше шаралар қабылдау арқылы шешу мүмкін емес.
Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл дағдарыстың себебі – сыбайлас жемқорлық пен клептократтардың билігі екенін әуелі өзі мойындауы керек. Ол үшін сайланған президент ретінде орын алған оқиғаларға атқарушы билікті ашық айыптап, баға беруі керек. Сол дұрыс болады.
Жыл сайын күш алып келе жатқан халықтың билікке деген сенімсіздігі, барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдерінің азаматтардың үніне, мұң-мұқтаждықтарына құлақ аспауы, ел ішінде болып не болып жатқанына назар аудармай келгені осы наразылықтарды тудырған басты себептердің бірі. Аталған мәселелер шешілмей азаматтардың билікке деген сенімін қайтару процессі басталмайды!
Екіншіден, «билік партиясы» деп аталатын партия мен оның басшылығының өздерін қалай ұстайтынын, Мәжіліс пен барлық билік органдарындағы «халық өкілдері» дейтін адамдардың шын келбетін бәріміз жақсы білеміз.
Мәжілісте халық атынан өкілдік етті дегендер осы жылдар бойы қара халықтың мұң-мұқтажына, түйткілді мәселелеріне, талап-тілектеріне соқыр, саңырау болды. Демек, олар да атқарушы билікпен тең орын алған оқиғаларға жауапты!
Мәжілісті тарату керек. Бірақ, оған дейін «Сайлау туралы заңға» өзгерістер енгізіп, мажоритарлы жүйені қайта қабылдаған жөн.
Президент Тоқаев жаңа сайлауды жариялап, халықтың үміткерлерді ұсынуға, үгіт-насихат жүргізуге, дауыс беру процесін бақылап, дауыс санау мәселелерін шешуге және өз азаматтарын таңдауға келісіп, мүмкіндік беруі керек.
Сондай-ақ, президент Тоқаевтың осы жемқор ұйымнан шығып, енді ешбір саяси партияға қосылмауы, тіпті оларды құрмауы да дұрыс болар еді. Қазіргі жағдайда ол партиядан тыс болуы керек! Барлық атқарушы билік басшылары 1990 жылдардағыдай бейтараптық танытып, тек халыққа қызмет етуге міндетті болуы керек.
«Жаңаға барар жолда ескі тырмалар жатуы мүмкін»
–  Дағдарыстың тамыры біздің өмірімізге тереңдеп еніп, халықтың болашағына балта шауып, кедергі болып келді. Жүйені толық өзгертпей біз ешқашан билік өкілдері түбегейлі ұлт мүддесіне адал қызмет ететініне сене алмаймыз.
Кеткен режим қалдырған басты зұлымдық, қоғамның қатерлі ісігі – ол жемқорлық! Тек саясатта ғана емес, экономикада да осы терең дағдарысты еңсеру үшін билік ең алдымен  жемқорлықтың бар екенін көпшілік алдында мойындауы, негізгі себептерін атауы, қоғамды «емдеу бағдарламасын» жариялауы тиіс. Ол үшін азаматтық қоғамды, барлық саяси белсенділерді осы іске жұмылдыру керек.
Билік жұмысшы халықпен өзіндік ықпалы бар кәсіподақтар, азаматтық белсенділер арқылы диалогты бастауы керек. БАҚ өкілдерін қудалауды тоқтатып, бұрын Назарбаев әулеті иемденген барлық БАҚ-ты жабуы немесе халыққа жария түрде қайтаруы қажет.
Президент Тоқаевтың дағдарысқа қарсы күрестегі басты серіктестері әкімшілік ғимараттарда отырған жоқ! Рас, шенеуніктер керек. Бірақ, жемқорларға қарсы күрес батыл жасалуы тиіс. Себебі, олар халық толқуы кезінде хан сарайындай үйлерінде бұғып жатып-ақ, болашақ қастандықтарға қатысты, отқа май құйды.
Тоқаевтың қазіргі ең күшті және мүдделі жақтастары – қалалар мен ауылдарда. Қалың бұқара Тоқаевтың енді не істейтінін мұқият бақылап отыр. Халық даналығы «жаңаға барар жолда ескі тырмалар жатуы мүмкін» деп, үйретеді. Кедергілер жоқ емес. Өкінішке орай, мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазірдің өзінде сол кедергілерге қарай басып келе жатқанын көріп отырмын.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «мұрасы» сабақ ретінде есте қалуы керек. Бірақ, ескерткіштер мен қала, көше атауларында емес! Саясаткерлер мен халықтың есінде қалуы керек. Ол ұмытылмас із қалдырды.  Бастысы – «Елбасы» деп ұлтты қорлауды тоқтату керек. Әрқайсымыздың өз  басымыз бар.
Біз Тоқаевтан тергеулердің әділ жүргізілуін, жауап алу кезінде кінәсіз ешкімнің жазаланбауын немесе денсаулығынан айырылмауын және кінәсі дәлелденсе, жауапкершіліктен алынбауын күтеміз.
Сондай-ақ, болған оқиғаның толық көрінісі айқындала салысымен, президент қанды күндерде жақындарынан айырылған, қаза тапқан бейбіт тұрғындардың жақын туыстарымен, митингілерге қатысы жоқ азаматтармен кездеседі деп күтеміз. Ал төңкерістің негізгі арандатушыларына алданғандардың арасынан қаза тапқандарды да атап өту керек деп ойлаймын.
Тоқаев тез арада қоғамдық тәртіп бұзылмаған қалалардағы белсенділерді уақытша ұстау изоляторлары мен полиция бөлімшелерінен босатып, ешқайсысын қудаламау туралы бұйрық беруі керек. Сонымен қатар, күштік құрылымдардың азаматтарға негізсіз зорлық-зомбылық көрсетуі фактілері де жоқ емес. Бұған кінәлілер де анықталып, жауапқа тартылуы тиіс. Бұл үшін Тоқаев жеке басымен жауапты. Тоқаев азаматтарды қорқытуды ойламауы керек. Өйтпесе, оның салдары өзіне де, ондай бұйрықты орындаушыларға да оңай тимейтіні анық.
Біз қазірдің өзінде көп жылдар бойы заң алдында емес, Назарбаев отбасына, оның жеке басына, оның балаларына және жақындарына, немерелеріне қызмет еткендердің тізімін жинап жатырмыз.
Билік транзиті аяқталды. Халық тағы 30 жыл күтпейді!
–  «Қаңтар оқиғасы» Қазақстандағы билік транзитіне нүкте қоя алды ма?
–  Бұл – билік транзитінің аяқталуы. Қазір халық бұрынғыдан мүлде басқа Қазақстанда. Тоқаев мырза да жаңа Қазақстанға аяқ басты. Ол (Тоқаев) қоғам бұрынғыдай әрекетсіздікке, зорлық-зомбылыққа енді шыдап төзіп отыра бермейтінін жақсы біледі деп ойлаймын.
Тоқаевтың қазіргі жағдайы бұрынғы ескі режим құлаған кездегі Назарбаевтың жағдайына ұқсас. Біздің алдымызда Республикамызды қалай сақтап қаламыз және оны қалай жаңғыртуға болады деген мәселелер тұр. Біз бәріміз, соның ішінде сіздер, журналистер, Назарбаевтың қанды мұрасынан (енді обьективті түрде айта аламыз) аулақ болуымыз керек. Ел болашағының қалай дамитыны өзімізге байланысты.
Әрине, саяси болашақ халықтың, ішінара президент Тоқаевтың қолында. Біз саяси дағдарысты бастан өткеріп жатырмыз. Және оны әкімшілік емес, саяси жолмен еңресуіміз керек. Тоқаев бұрынғы қателіктерді қайталай алады. Бірақ, халық оны тағы да 30 жыл күтпейді!
–  Қазір ел ішінде, саясатшылардың аузында Назарбаев дәуірі аяқталды деген пікірлер айтылуда. Бұл жайлы не дейсіз?
–  Н.Назарбаев дәуірінің аяқталуы, міне, басталды.
ҰҚШҰ-ның көмегі –  бұрынғы режим дағдарысының дәлелі!
–  «Қаңтар оқиғасы» кезінде президент Тоқаевтың пәрменімен ҰҚШҰ (ОДКБ) әскері әкелінді. ҰҚШҰ-ның көмегі Қазақстанның әлемдік, оның ішіндегі Батыс әлемінің алдындағы беделіне қалай әсер етеді?
–  Тоқаевтың осы ұйымнан көмек сұрауға мәжбүр болуы – бұрынғы саяси режим дағдарысының тағы бір нақты дәлелі.
Үкімет пен оның насихаттаушылары: «Н.Назарбаев экономикасы дамыған мемлекет құрды», – деп қанша сайраса да, қоғамдағы сергек саналы, көзі ашық азаматтар бұл сөздің астарында еш мән жоқ екенін бұрыннан айтып жүрді. Ақыры олардың айтқаны дұрыс болып шықты. H.Hазарбаев құрған мемлекеттің сапасы қағаз қораптан күшті емес болып шықты.
Жаңа мемлекет үшін құрылған ресми комиссияның құрамында болуға дайынмын!
–  Сізге қазіргі билік тарапынан елге қайту туралы ұсыныс немесе шақырту келді ме? Егер билік тарапынан саяси қызмет немесе кеңесшілік қызмет ұсынылса, Қазақстанға қайтып келу ойыңызда бар ма?
–  Мен өтірік пен сатқындықтың әлі жойылмаған жүйесінің бір бөлігі болғым келмейді. Дегенмен, өз халқыммен бірге өткен қанды оқиғаны еңсеруге әрқашан дайынмын. Және  халық сеніміндегі Үкіметте немесе Назарбаев режимінің зардаптарын еңсеру және жаңа мемлекет құру үшін арнайы құрылған ресми комиссияда болуға дайынмын.
Қазір өз бастап бір топ мамандармен бірге Қазақ елінің бүкіл экономикасын сауықтыру және жаңғырту бағдарламасын дайындадық.
Онда ең алдымен, ел байлығын көпшіліктің мүддесі үшін әділ бөлудің бүкіл механизмін қайта қарау жолдары көрсетілді. Сондай-ақ, елге ауқымды инвестициялар тартудың тетіктері де қарастырылған. Бұл үшін азаматтардың билікке деген сенімін қайтарып қана қоймай, инвесторлардың елге деген сенімін де қалпына келтіру маңызды.
Шетелде жасырылған Назарбаев әулеті мен оның сыбайластарының байлығын сол шетелдіктер біздің жерлестерімізден де артық біледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты күресті қолға, ұрланған капиталды елге қайтаруды өз мойнымызға алмасақ, реформаларды шынымен басталды дегенге ешкім сенбейді. Мұның бәрі әлі де қабылдауға болатын заң бойынша ашық түрде жасалуы керек. Бұл жаңа билік бұрынғы биліктің байлығын өзара бөлісіп жатыр деген ой болмауы үшін де керек. Сонда ғана халық бұл жұмыстардың тек ұлт мүддесі үшін жасалып жатқанын біледі.
–  Әңгімеңізге көп рахмет.
Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы
Редакция: Аталған сұхбатты ұйымдастыруға атсалысқан Әміржан Қосан мырза мен Ботагөз Иса ханымға алғыс айтамыз…
Abai.kz