2019 жылы пәтер иелері кооперативі МИБ болып ауысады. Одан қарапайым тұрғынға не пайда?

0

Көппәтерлі үй тұрғындарын «ПИК-ке төлеген ақшамыз қайда кетіп жатыр» деген сауал алаңдатуы заңды. Енді бұл қаржы өзіңіз тұратын үйді күтіп-ұстауға жұмсалатын болды. 2019 жылдан бастап пәтер иелері кооперативтері (бұдан былай – ПИК) таратылып, олардың орнына мүлік иелері бірлестіктері (бұдан былай – МИБ) құрылады.

Осыған байланысты Инвестициялар және даму министрлігі мен «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ бірігіп заң жобасын әзірледі. Жобаның кейбір тұстарымен «Республикалық тұтынушылар мен кәсіпкерлерді қорғау” кеңесінің төрағасы Виктор Сыздықов келіспейді. Ол ПИК-тің орнына коммерциялық емес ұйым құруды бұрыннан ұсынып келеді.

ПИК-ке берген ақшаның қайда жұмсалатыны белгісіз

– Қазір ПИК бірнеше тұрғын үйге қызмет етеді. Он немесе жүз шақты үйге бір ғана есепшот ашылғандықтан тұрғындардан жиналған ақшаның қайда жұмсалып жатқанын нақты білу мүмкін емес. Ең алдымен ол қаржы тозығы жеткен үйлерді ұстауға кететіні айтпаса да түсінікті. Жаңа үйдің тұрғыны ПИК-ке қарасты ескі үйді жөндеу үшін ақша төлеп келді.

Ал үйге күтім жасалмаса, нарықта оның құны түсіп кетеді емес пе? Қазір сатып алушы сіз ұсынған бағаға су жаңа пәтер таңдай алады. Сондықтан, өзіңіз тұрып жатқан үйдің сапасы үшін ғана ақша төлеуіңіз керек. Өзгені жарылқау үшін емес.

Ескі үй жаңасының есебінен жөнделмеуі керек

– Пәтер иелері кооперативтерінің қызметі тиімсіз. Оларға осы күнге дейін «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болған жоқ. Тұрғындар ай сайын төлейтін ақшасына сай қызмет алмайды. ПИК қызметкерлерінің айтуынша, 20 жыл бойы тек ескі үйлердің сыртын ғана бірқалыпты ұстаумен келген. Ал, үйлердің ішкі инженерлік коммуникациясы ескірді. Елімізде 78 371 тұрғын үй болса, соның 26%-ына күрделі жөндеу қажет. Мемлекет бұл үйлердің құлап қалғанын күтіп, қол қусырып қарап отыра бермеу керектігін түсінді. Енді бұған басқа қадам, реформа керек. ПИК емес, МИБ-ті құрғанын қалаймын. Мұнда тек атауы емес, құзіреті толығымен өзгертіледі, – дейді Виктор Сыздықов.

Инвестициялар және даму министрлігі Виктор Сыздықовтың сөзімен түбегейлі келіседі.

«Ұсынылып отырған өзгертулердің басты мақсаты – тұрғын үйді күтіп ұстау үшін басқару жүйесін ауыстыру, пайдалану құқығын мүлік иелерінің бірлестігіне, яғни тұрғындардың өз қолына беру. Пәтер иелерінің кооперативтерінің қызметі ашық емес. Тұрғындардың көппәтерлі үйге көрсетілетін қызмет сапасына көңілдері толмайды. Басқару мекемелеріне сенім қалмады. Соған байланысты пәтер иелерінің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаражат жинауға құлқы жоқ, – делінген informburo.kz сайтына жіберген арнайы хатта.

Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) деген не?

– Әрбір тұрғын жеке меншігінде тек пәтері ғана емес, тұрғын үйдегі барлық пәтер иелерімен бірдей ортақ мүліктерінің барлығын білгені дұрыс. Бұл жерде ортақ мүлік дегеніміз – лифт, баспалдақ, кіреберіс, жертөле, шатыр, инженерлік құрылғы (құбырлар), балалар ойнайтын алаң. Мүлік иелерінің бірлестігін шын мәнінде мүлік иесі ету қажет. Тек құжат жүзінде ғана емес. Сонда қалай дейсіз бе?

МИБ – тұрғын үйдің пәтер иелерінен құрылады. Олар ай сайын қанша теңгеден жинау керектігін өздері белгілейді, – дейді «Республикалық тұтынушылар мен кәсіпкерлерді қорғау” кеңесінің төрағасы.


ПИК пен МИБ-ң айырмашылығына көз жүгіртіңіз / Инвестициялар және даму министрлігінің берген мәліметі бойынша жасалды


Шығыстар ай сайынғы есепте көрсетілуі тиіс

Министрлік жіберген хатта: «Мүліктің меншік иелері бірлестігінің басшысы есепті кезеңнен кейінгі айдың оныншы күніне дейін электрондық құжат түріндегі есебін көппәтерлі тұрғын үй пәтерінің иелеріне немесе жалдап отырған тұрғындарға жеке ұсынады. Онда тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға жатпайтын қосымша шығыстар да көрсетілуге тиіс.

Шығыстарға:

  1. Меншік иелерінің көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін пайдалану;
  2. Жөндеу жұмысы мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
  3. Жер телімін, үйдің ортақ мүлкін күтіп ұстау;
  4. Тұтынған коммуналдық қызметтерінің ақысы;
  5. Жалдамалы менеджердің (төрағаның) еңбекақысы төлемдері жатады.

Пайдалану шығыстарының ең төменгі мөлшерін аймақтың тұрмыс деңгейіне, халықтың орташа табысына байланысты жергілікті атқарушы орган белгілейтін болады», – делінген.

МИБ сервистік компаниямен бірлесіп, қызмет етеді

– Әр ПИК-тің өз сантехнигі, еден жуушысы мен аула сыпырушысы бар. Шаруасын шала-шарпы жасаса да, оларға сын айтып, ықпал ету қиын. Өйткені, қызметкерлерді жұмысқа алып, оларды басқаратын – ПИК. Ойлап қараңызшы, өздеріне өздері ақша төлеп отыр ғой. Міне, қаржыны қалтаға басатын кез – осы тұс.

Ал, МИБ сервистік компаниялармен келісім-шартқа отырып, оның қызметін бақылайды. Олар нарықта жетерлік. Таңдап ал да, тапсырыс бер. Бұл ұйым “тапсырыс беруші-мердігер” қағидасымен жұмыс істейді. Польша, Австрия мен Венгрия, Ресейге барсаңыз, МИБ сервистік компаниямен бірлесіп қызмет атқарады. Мысалы, тұрғын үйді қысқа даярлау үшін 500 метр құбырды ауыстыру керек. Ондай жағдайда тұрғындар бұл ақшаны қалай, қаншадан жинау керектігін өздері шешеді. Содан кейін сервистік компаниямен келісім-шартқа қол қойып, қызмет ақысын төлейді. Ең бастысы, олар сіздің шартыңызға байланысты жұмыс істейді, – дейді Виктор Сыздықов.

Қызметкер санына емес, істеген қызметіне ақша алу керек

Сервистік компанияның бес сантехнигі, үш инженері болса да, істеген қызметіне ғана ақша төленгені дұрыс. Әйтпесе, әрбір қызметкерге айлық беруім керек пе? Айдың соңында істеген жұмысына ғана еңбекақысы төленеді. Қазақта «ер еңбегіне тойсын» деген сөз бар.

МИБ төрағасы сервистік компанияға жұмысты ертең бітіруді тапсырса, сол күні жүзеге асыру керек. Орындамаса, айыппұл салынады. Осындай жағдай бірнеше рет қайталанса, МИБ сервистік компаниямен келісім-шартты бұзуға құқылы. Одан кейін байқау ұйымдастыру арқылы басқа сервистік компаниямен бірлесіп, қызмет етеді. Нарықта оларды шертіп жүріп, таңдап алуға болады, – дейді ол.

МИБ – коммерциялық емес ұйым болғандықтан, салық төлемейді

– Бірнеше тұрғын үйді басқаратын ПИК – коммерциялық ұйым. Сондықтан, олар мемлекетке салық төлейді. Тұрғындар жалақысынан салық төлегені былай тұрсын, ЖШС арқылы тағы да салық төлеп жүр. Қалай?

Ай сайын ПИК-ке ақша төлеп жүрсіз. Ал олар сіздің ақшаңызға салық төлейді. Қалғаны – пайдасы. Жекеменшік ұйым пайда таппаса, қызмет етпейді. Осыдан кейін төлеп жүрген қаржымыз қайда кетіп жатыр деп сұрап көріңіз. Ондай жүйенің не керегі бар?

Ал, МИБ – коммерциялық емес ұйым, яғни, пайда табу мақсатын көздемейді. Жиналған қаржының барлығы дерлік тұрғын үйді жинауға, жөндеуге жұмсалады. Сол себепті салық төлеуге міндетті емес, – дейді «Республикалық тұтынушылар мен кәсіпкерлерді қорғау” кеңесінің төрағасы.

Тұрғындарға тиесілі мүлікті сатып, жалға беру – қылмыс

– ПИК қызметкерлері осы күнге дейін тұрғындарға тиесілі мүліктерді сатып, жалға беріп келді. Ал оның пайдасын халық көрген жоқ, тұрып жатқан үйді жөндеуге де жұмсалмады. Бұл – қылмыстық іс.

Бар мәселе сіз ай сайын төлеп отырған эксплуатациялық шығында емес, қомақты қаражатта болып тұр. Мысалы, жертөлені МИБ жалға беріп, одан тапқан ақшаға тұрғын үйді жөндеуге жұмсаса, қанеки!

«Заң жобасындағы МИБ төрағасын сайлау үшін тұрғын үй инспекциясының тендер өткізетініне келіспейміз»

– Дайындалып жатқан заң жобасында: «МИБ тіркелген уақыттан кейін бір ай ішінде төрағасын сайлап үлгермесе, тұрғын-үй инспекциясы тендер бойынша ұтқан адамды осы лауазымға тағайындайды» деп қарастырылған. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Онда неге МИБ құрылғалы жатыр? Тұрғын үй инспекциясы тендерді ұйымдастырса, бүкіл басқару тетігі соның қолында дегенді білдіреді. Осы тұсқа «МИБ-пен бірлесіп, тендерді ұйымдастыру керек» дегенді қосу керек қой.

МИБ төрағасы тұрғындардың арасынан тағайындалмай, аутсорсинг арқылы бекітілді делік. Сол кезде басқару мекемесі тұрғын үй инспекциясымен емес, МИБ-пен келісім-шартқа отыру керек емес пе? Заң жобасын әзірлеушілер бір мезетте МИБ-ті де құрғысы келеді, бірнеше тұрғын үйді басқарып келе жатқандарға құзіретті бергісі келеді. Мысалы, менің үйімнің бұрышы бұзылса, тұрғын үй инспекциясы келіп, маған айыппұл салуы керек пе?

Мемлекет қашанға дейін «бала бағушы» болып жүрмек?

– Енді мемлекет жекеменшік тұрғын үйдің ішкі құрылымына араласпайды. МИБ-ке әкімдік немесе министрлік талаптарын мәжбүрлеп қоя алмайды. Егер МИБ төрағасына сервистік компаниямен бірлесіп, «қаржы жымқырды» деген айып тағылып, тұрғындардан арыз түссе, онда олар сол кезде ғана МИБ-тің іс-әрекетіне араласа алады, – дейді бізбен сөйлескен Виктор Сыздықов.

Бұған Инвестициялар және даму министрлігі не дейді?

– Тұрғындардың меншік құқығы тіркелген күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімде мүліктің меншік иелері бірлестігінің жиналысы өтеді. Оған қатысушылар МИБ-тің атқарушы органын бір ай ішінде сайлаулары керек. Тіркелген кезден бастап бір ай ішінде төрағасын айқындамаса, тұрғын үй инспекциясы тендер ұйымдастырады. МИБ-пен оның еңбек ақысының көлемін келіседі. Төрағаға төленетін айлық мөлшері белгіленген базалық айлық мөлшерінен кем болмайды. Ол көппәтерлі тұрғын үйге қызмет көрсетуге және оны пайдалануға мүліктің меншік иелері бірлестігі атынан шарт жасасады.

Тұрғын үй инспекциясының көппәтерлі үйді басқару функциясын беру туралы шарт жасасуына жол беріледі. МИБ құру, қайта құру және тарату, олардың қызметін тексеру құқығы беріліп, тұрғын үй заңнамасымен реттеледі. ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, МИБ атқарушы органдарының қызметі тұрғын үй инспекциясының лауазымды адамдарының қатысуымен тексеріледі, – дейді.

Күрделі жөндеуге жеңілдетілген несие беру көзделген

– Көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін күрделі жөндеуі үшін МИБ-ке жеңілдетілген несие беру жағы қарастырылып жатыр. Ол үшін МИБ басшысы уәкілетті жеке тұлға ретінде нотариат куәландырған сенімхат арқылы бір ай ішінде екінші деңгейлі банктердің бірінде жинақ шотын ашады. Жеңілдетілген несиені алу үшін меншік иелері күрделі жөндеуге ашылған жинақ шотқа ай сайын 0,02 АЕК мөлшеріндегі жарнаны аударып, қажетті соманың жартысын жинақтауы қажет.

Бұл ретте несие беру шарттары сәйкес банкпен белгіленеді. Жиналыста көпшілік дауысымен қабылданып, хаттамамен бекітілген шешім бойынша жинақтағы ақша жұмсалады, – дейді министрлік.

Дереккөз: https://informburo.kz