2019 жылы Ораза айт мейрамы қашан басталады
2019 жылы Ораза айт мейрамы 5 маусымда басталады
НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл Ораза айт 5 маусымға түсіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ораза айт рамазан айынан кейінгі шәууәл айының бірінші күніне сәйкес келеді. Жаңа айдың басталуы шариғи үкімдер мен астрономиялық есептер негізінде жүзеге асады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Жаңа айды көріп ораза тұтыңдар, жаңа айды көріп, ауыздарыңды ашыңдар», — деген.
2019 жылдың 11 сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласында өткен басқосуда Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімдерінің басшылары жаңа айдың тууын халықаралық астраномиялық зерттеу орталықтарының әдістемесі негізінде белгілеуге бірауыздан келісті. Сондай-ақ оған 4 шарттың табылуы айтылды. Олар:
- Ай жаңасы 15 сағат 33 минут жалғасады;
- Ай мен күннің бату аралығы ең азы 29 минут;
- Айдың күннен ұзарту бұрышы (elongation) 7,7 градус;
- Айдың горизонттан биіктігі (altitude) 5 градусты құрайды.
Осы шарттар табылған жағдайда жаңа ай басталған болып саналады.
Тағы оқыңыз: Ораза айт мейрамында не істеу керек?
Сонымен қатар, Қазақстанда белгілі В.Г.Фесенков атындағы астрофизика институтының мәліметі бойынша, жаңа айдың көрінуі 4 маусымға тура келеді, бұл күні айдың батуы күн батқаннан кейін 1 сағаттан кейін болады.
Осыған орай, биыл 2019 жылы Қазақстанда ораза айт күні 5 маусымға сәйкес келіп тұр.
sputniknews.kz