2018 жылы қоғам назарын өзіне аудартқан оқиғалар
Жыл қорытындысы: Ішкі саясаттағы елеулі оқиғалар.
2018 жылы Қазақстанның ішкі саясатында анау айтқандай жаңалық болмағаны айтпаса да түсінікті. Десе де, бүгін біз халық арасында қызу талқыланған, әлсіз болса да азаматтық қоғам өзінің үнін қосып, «қатып қалған» жүйені өзгертуге тырысқан оқиғаларға қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Бірінші кезекте ішкі саясатта жылдың басты жаңалығы болған ол – «ҚР Қауіпсіздік кеңесі жөнінде» қабылданған заң жобасы. Президент Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесін өмір бойы басқаруы өз кезегінде Ақорданың билік транзитіне дайындалуы ғана емес, оны барынша қауіпсіз әрі жеңіл өткізудің алғы шарттарын алдын ала жасап жатқанын көрсетті. Жаңа заң бойынша, Қауіпсіздік кеңесінің рөлі артып, өзге билік тармақтарымен салыстырғанда жоғары мәртебеге ие болды.
Бұдан бөлек саясат алаңында болған жыл жаңалықтарының бірі ескі және жаңа саясаткерлерден құралған «Жаңа Қазақстан» форумының құрылуы. Саяси өмірі ұзақ жылдар бойы бір қалыпта өтіп жатқан Қазақстан үшін бұл айтарлықтай жағалық болды. Жаңа саяси күштің Брюссельдегі алғашқы отырысына экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің қатысуы халық қызығушылығын тіптен арттырды. Бірақ кейіннен форум жұмысы саябырсып, «Жаңа Қазақстан» белсенділігі баяулады.
Саясат алаңында елдің назарын өзіне аудартқан тағы бір оқиға Қасым-Жомарт Тоқаевтың ВВС телеарнасына берген сұхбаты. Онда ол «Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы өтетін президент сайлауына қатыспауы мүмкін» — деген пікір білдірген. Бірақ кейіннен ол өзінің бұл пікірін БАҚ өкілдері басқаша түсінгенін айтып ақталған. Десе де, Тоқаевтың бұл сұхбаты «жыл интригасы» атағына лайықты.
Қазақстанда биыл саяси оқиғалардан қарағанда азаматтық қоғам белсенділігі көп болды. Оған дәлел «Сайрагүл Саутбай ісі» мен «Денис Теннің қазасы». Екі оқиғада да халық өзінің белгілі бір жағдайларда күш болып біріге алатынын көрсетті. Билік белгілі бір дәрежеде халықпен санасуға мәжбүр болды. Денис Теннің өлімінен кейін ішкі істер министрі отставкаға кетпесе де, билік құқық қорғау органдарына түбегейлі реформа қажет екендігін мойндады.
Қысқаша алғанда 2018 жылы Қазақстанда болған оқиғалар тізбегі осындай. Алда келе жатқан доңыз жылында елімізде қандай саяси оқиғалар болатынын болжап айту қиын. Десе де, сарапшылар мен журналистер болжамына сенетін болсақ, алдағы жылы мерзімінен бұрын президент сайлауы өтуі мүмкін…