2018 жылы отандық шоу-бизнесте болған шулы оқиғалар

0

АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik. Ит жылы отандық шоу-бизнес үшін біраз дау-жанжалмен есте қалғалы тұр. Биыл басы дауға ілігіп, аты шыққан жұлдыздар аз болмады. Sputnik Қазақстан 2018 жылы шоу-бизнесте болған шулы оқиғаларға шолу жасағанды жөн көрді.

Басынан дау арылмаған Ұлы дала баласы 

Өткен жылдың желтоқсанында Павлодардағы концертінде ерсі мінез көрсетіп, қарияны залдан қуған халықтың ерке «Төреші» үшін Ит жылы көпке дейін есте қалатыны анық. 2018 жылы Ұлы дала баласы елді біраз шулатты. 

Төреғали Төреәлінің атышулы видеосы әлеуметтік желіде 2017 жылдың 22 желтоқсанында тараған болатын. Видеодан әншінің концертіне келген егде жастағы ер адаммен дөрекі сөйлесіп, соңында «Ұнамай ма? Шығып кетіңіз!» деп айтқанын көруге болады. Желі қолданушылары Төреғалидің бұл оғаш қылығына наразы болып, ел баласына тән емес мінез көрсеткен әншіні сөгіп тастады. 

Халықтың ерке баласы басы дауға қалатынын түсінді ме, алғашында әлеуметтік желідегі парақшасына «өтірік» деп жазды. Алайда көп ұзамай артық кеткенін мойындап, павлодарлық қариядан да, халықтан да кешірім сұрады. 

Павлодар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы халықтың сынына ұшырған әншіні жуық арада ресми шараларға шақырмайтынын мәлімдеді. Ал танымал OrdaFM радиосы эстрада жұлдызының әндерін эфирден алып тастады. 

Өткен жылдың соңында елді шулатқан бұл оқиға халық арасында Ит жылының ортасына дейін сөз болды. 

Осы жылдың қыркүйегінде қызба мінез әншінің басы тағы дауға қалды. Бұл жолы Ұлы дала баласы ұшақта шу шығарды. Ол «Алматы — Гонконг» бағытындағы Air Astana ұшағының салонына билетсіз кіріп, әйелі мен баласын шығарып салған. Сол кезде бортта рейске тіркелмеген адамның бары белгілі болып, ұшақ 20 минутқа кешікті. 

Жолаушылардың уақытын алған танымал әнші жазасыз қалмады. Оған 12 025 теңге айыппұл салынды. 

Ал қазан айында басты рөлде Төреғалидің өзі ойнаған «Ұлы дала комедиясы» фильмі көрермендерге жол тартты. Фильм желісіне қызба мінезді әншінің басынан кешкен оқиғалары, жұртты шулатқан ерсі қылықтары мен дау-жанжалдары арқау болған. 

Коттеджге талас

Маусым айында өнерде де, өмірде де көпке үлгі болып жүрген жарасымды жұп Қыдырәлі мен Қарақаттың басы дауға қалды. Белгілі қолөнерші, этнодизайнер Ырза Тұрсынзада журналистерді жинап, әншілерді өзі жұмыс істейтін коттеджді тартып алды деп айыптады. Тұрсынзаданың айтуынша, «Алтын Орда» халықаралық қолөнершілер академиясының ғимаратын оған кезінде Иманғали Тасмағамбетовтің өзі тастап кеткен. 

«Қарақат менің коттеджімде болған кезде, осы ғимаратты заңдастыру үшін әкімдікке құжат жинап жүргенімді айтқан едім. Олар менің екі жыл бойы келісімшарт жасай алмай жүргенімді білді. Әкімдер ауысып, реті келмей жүрген еді. Кейін «Астана» ӘКК құрылған кезде, Қыдырәлі бұл коттедж ешкімге тіркелмегенін біліп, «Астана» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен (ӘКК) келісімшартты өзі бекіткен», — деген еді қолөнерші.

Жұлдызды жұп өздеріне тағылған айыпты «қып-қызыл жала» деп атап, өз шындығын айтты. Қыдырәлі Болманның айтуынша, коттедж – коммуналдық меншік, оны ешкім Ырза Тұрсынзададан тартып алмаған. Барлығы заң аясында жүзеге асқан. 

Болманның сөзіне сенсек, коттеджді кім жалға алып отырғанын, ішінде кімнің тұратынын өзі де, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпоративі де, ішкі істер басқармасы да, тіпті сот орындаушылары да білмеген. Өйткені иесін ешкім таба алмаған. 

«Бұл жерде мен түсіндіре алмайтын түсініксіз, беймәлім бір нәрсе бар… Әжесіндей адаммен сөз таластырып немесе тіресу ер-азаматқа жараспайтын дүние. Қанша жыл ел алдында жүрмін, ондайға ешқашан барған емеспін. Бірақ, бүгін БАҚ өкілдерімен кездесуге тура келді. Неге? Өйткені ол кісінің Қарақаттың арына тигізіп айтқан сөздері мені осыған мәжбүр қылды», — деген еді продюсер. 

«Елден жасырған ұл»  

Үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүретін әнші Айқын Төлепбергеннің отбасылық өмірі биыл ел талқысына түсті. Оған эстрада жұлдызының елден жасырған ұлын көрсетуі себеп болды. 

Ел арасында Айқын Төлепберген мен «Кешью» тобының экс-солисі Жұлдыз Өмірғалидің көңіл қосқаны туралы қауесеттің тарағанына біраз болды. Десе де отандық жұлдыздар бәрін жоққа шығарып, көпке дейін құпияның бетін ашпады. 

Алайда ата-ананың балаға деген мейірімі мен махаббатын жасыруға бола ма?! Жаздың соңғы айында Айқын мен Жұлдыз шаңырақ көтергенін мойындап, бір жыл бойы елден жасырып келген Санжар есімді ұлдарын көрсетті. 

Айта кетсек, Айқынның бірінші әйелінен Аңсар және Асылым есімді ұл-қызы бар. 

«Магистр» атанған әншілер кімге жақпай қалды?

Белгілі профессор Мырзантай Жақып мемлекеттік грант есебінен «магистр» атанған отандық жұлдыздарды біраз сынға алды. Ұлттық университеттің оқытушысы магистранттарға арналған гранттардың білімділерге емес, сабақта төбе көрсетпейтін әнші-әртістерге бөлінетінін айтып қынжылған еді.  

Мемлекеттік грант есебінен «магистр» атанғандардың ішінде Мейрамбек Беспаев, Жанар Дұғалова, Қайрат Нұртас та бар. 

«Екі жыл сабаққа келмейді олар. Басында бір көрінеді. Олардың сабаққа келгеннің өзі бір шоу! Ойбай, пәленше сабаққа келді! Ол сабаққа келуге міндетті ғой!  Ол бір көрінді, сонымен жоқ! Екі жылдан кейін дипломын алатын кезде бір-ақ келеді…Оқу орнына келген кезде аудиторияға келмейді. Олар тура бастыққа барады», — деп ашуланған болатын Жақып.

Сабақтан емес, сахнадан ғана көрінетін әншілер үнсіз қалмады. 

Профессордың жанайқайына қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мейрамбек Беспаев желі арқылы жауап қатты. Әнші бұған дейін де бірнеше оқу орнын бітіргенін алға тартып, керісінше, ғалымның іштарлығын бетіне басты.  

«Бала күнімнен музыка мектебінде оқыдым. Ұлттық консерваторияда білімімді жетілдіріп, Т.Жүргенов атындағы Театр және өнер академиясын бітірдім. Жаңа заман талабына сай сол оқыған білімімді дамыту үшін «Мәдениеттану» мамандығы бойынша магистратураны жалғастырдым. Экономика, заң, физика сияқты басқа саланы қуған жоқпын. Ел сөз қылмасын деп ашық диссертация қорғауға да келісім бердім…Өз салам бойынша білімімді жетілдіруге менің де құқым бар деп ойлаймын. Осындай сәттерде кімнің дос, кімнің дұшпан екені  белгілі болып қалады», — деп ренішін білдірген еді эстрада жұлдызы. 

Баян мен Меруерттің «соғысы»

Баян Алагөзова түсірген «Қозы-Көрпеш пен Баян Сұлу» телехикаясына қатысты қоғамның пікірі екіге жарылғанын білесіздер. Көрермендердің дені тарихтың бұрмаланғанын айтып, дабыл қаққан еді.  Танымал продюсердің туындысын сынағандар қатарынан әнші Меруерт Түсіпбаева да табылды. 

Шоу-бизнес өкілі қазақтың мәдени мұрасына кім көрінген қол сұқпауы тиіс екенін алға тартып, қазақстандықтарды тарихты қорлауға жол бермеуге шақырған болатын. Сондай-ақ, Баян Мақсатқызынан телехикаяны түсіруге жұмсалған ақшаны қайтаруды талап етті. 

Баян Алагөзова өзіне айтылған сынға көп күттірмей жауап қатты. Белгілі продюсер телехикаяны түсіруге қаржы аз бөлінгенін, өз қалтасынан ақша шығаруға тура келгенін жасырмады. 

Алагөзова әншіге өзгенің ісіне араласқанша, өз өмірі мен мансабына көңіл бөлуге кеңес беріп, біраз қытығына тиді. Продюсердің айтуынша, Меруерт ханым Баян Сұлудың анасының рөлін сомдағысы келген. Алайда Алагөзова әншінің кандидатурасын бұл рөлге лайық көрмепті.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/