2018: қуаныш пен өкініш

0
88

Биылғы жылдың басты жарысы – 9-25 ақпан аралығында Оң­түстік Кореяның Пхенчхан қала­сында алауы тұтанған XXIII қыс­қы Олимпия ойындары екені дау­сыз. Әлемнің 92 мемлекетінен кел­ген 3 мыңға тарта өреннің қаты­суы­мен өткен байрақты бәсекеде Қазақ­станның 24 спортшысы бақ сынады. Отандастарымыздың арасынан төртжылдықтың басты додасында әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Дүниежүзілік Универсиаданың екі және Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы Юлия Галышеваның бақ жұлдызы жанды. Фристаилдың могул сайысында өнер көрсеткен 25 жастағы Шығыс Қазақстан облысының өкілі тек франциялық Перрин Лаффон мен канадалық Жюстин Дюфур-Ла­пуанттан ғана қалып қойып, қола медальды мойнына ілді. Өкінішке қа­рай, өзге спортшыларымыз жеңіс тұ­ғырына көтеріле алған жоқ. Осы Юлия Галы­шеваның жалғыз қола­сы­ның арқа­сында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 28-орынға табан тіреді.

Тура екі аптадан кейін Паралим­пиялық ойындар басталды. 49 мемлекеттен келген 600-ге тарта үміткердің басын қосқан бәсекеде Александр Ко­лядин суырылып шықты. Шаң­ғышылардың классикалық әдіспен 1,5 шақырымдық сайысында отандасымыз бас жүлдені олжалады. Осылайша, Колядин қысқы Паралимпиадада топ жарған тұңғыш қазақстандық спортшы ретінде өз есімін тарихта қалдырды. Жалпы, командалық есепте біздің ел­дің өрендері Қытай құрамасымен бірге 20 мен 21-орындарды өзара бөлісті.

18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның бас шаһары Жакартада өткен XVIII жазғы Азия ойындарының куәсі бола отырып, кереғар сезімді бастан кешірдік. Бір жағынан кейбір өр мінезді ұл-қыздарымыздың асқан шеберлігіне тәнті болып, олардың әр жеңісінен кейін қуаныш пен шаттыққа бөленсек, енді бірде жерлестеріміздің жігерсіздігіне күйініп, жанарымызбен жер шұқыдық. Ең өкініштісі, осыған дейін жалпы есепте үнемі үздік бестіктің қатарынан көрініп жүрген Қазақстан құрамасы осы жолы «ТОП-10» команданың қатарына әупірімдеп жүріп ілікті. Сөз жоқ, Қытай, Оңтүстік Корея және Жапонияның біз үшін әзірге алынбайтын тас қамал екенін мойындаймыз. Азияның үш алпауыты алдарына жан салмай келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. Сондай-ақ 1994 жылы Бангкокта Таиландтың және 2010 жылы Гуанжоуда Иранның отандастарымыздан озғаны есімізде. Ал осы жарыста Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Ираннан бөлек, Өзбекстан, Тайпей және Үндістан құрамалары шаң қаптырып кетті. Қанша жасырсақ та, Жакартада жолымыздың болма­ғанын мойындамасқа лаж жоқ. Индо­незияның астанасында 15 алтын, 17 күміс және 44 қоланы қоржынға салған Қазақстанның өрендері жарыс кестесінде 9-орынды қанағат тұтты.

6-18 қазан аралығында жер жа­һан­ның ең дарынды жас өрендері Аргентинаның астанасында бас қос­ты. Жасөспірімдердің жазғы Олим­пиадасында 206 мемлекеттен келген 4 мыңға тарта спортшылар сайысқа түсті. Буэнос-Айресте біздің түлектер та­бысты өнер көрсетіп, айтулы жа­рыстың тарихында тұңғыш рет 14-орынға көтерілді. Жерлестерімізге бұ­йыр­ғаны 4 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль. Барлығы – 10 жүлде. Осы жарыста жүлде алған жас өрендер келешекте ересектер дуына еркін қосылып, бұдан да дүбірлі додаларда жасындай жарқырайтындарына сеніміміз зор.

Жекелеген спорт түрлеріне келер болсақ, күрес түрлері бойынша Будапештте өткен әлем чемпионатын­да Қазақстанның балуандары үш жүлдеге қол жеткізді. Еркін күрестен тәжірибелі Нұрислам Санаев (57 кило) соңғы сынға дейін алқынбай жетіп, шешуші тұста кілемдегі төрешінің өрескел қателігі салдарынан алтыннан айырылды. Нәтижесінде Нұрислам күміс медальді қанағат тұтты. Грек-рим күресінен өткен жарыста сақа спортшыларымыз тегістей ұтылды. Десек те бұған дейін көп көзге түсе қоймаған Айдос Сұлтанғали (60 ки­ло) мен Мейіржан Шермаханбет (67 кило) сынды жалынды жастар сол олқылықтың орнын толтырды. Венгрия астанасында асқан шеберлік танытып, небір дүлдүлдерді жолдарынан ығыстырған қазақтың қос балуаны қола медальға ие болды. Ал әйелдер кү­ре­сінен өткен жарыстан құр алақан қалдық.

Дзюдошылардың дүниежүзілік дода­сында Қазақстан құрамасына қос жүлде бұйырды. Әйелдер арасында аса жеңіл салмақ дәрежесінде бел­дес­кен атақты Отгонцецег Гал­ба­драх үшінші орынға табан тірегенде ешкім таңдана қойған жоқ. Ал 66 кило салмақтағы Ерлан Серікжанов ерлік жасады. Сол күнге дейін өзге мықтылардың көлеңкесінде жүр­ген қандасымыз Бакуде керемет өнер көрсетті. Финалдық айқаста Жа­по­­нияның шоқ жұлдызы Хифуми Аббеге ғана есе жіберген Ерлан күміс медальды кеудесінде жарқыратты.

Шеттету мерзімі аяқталып, бір жылға созылған үзілістен кейін халық­аралық аренаға қайта шыққан отандық ауыр атлеттердің де аяқ алысы жаман болған жоқ. Талай «тар жол, тай­ғақ кешуді» басынан өткерген тола­ғайлардың сағы сынбаған екен. Ашхабадтағы әлемдік доданы олар қос жүлдемен қорытындылады. Атап айтсақ, 55 кило салмақтағы Арли Чонтей күміс алса, 71 кило салмақтағы Надежда Лихачева қолаға қол жеткізді.

Биыл бокстан ерлер арасында әлем чемпионаты өткен жоқ. Есесіне бұрымдылар арасындағы бәсеке мил­лиондаған көрерменнің назарын өзіне аударды. Үндістанның Нью-Дели қаласында жалауы желбіреген дүниежүзілік додада Жайна Шекер­бекова (51 кило) екінші орын алса, Карина Ибра­гимова (60 кило) үшінші сатыға тұрақ­тады.

Таэквондошылар БАӘ-нің Фуд­жейра қаласында өткен командалық әлем кубогында бақ сынады. Алға­шында ерлер құрамасы, іле-шала аралас құрама қола медальды жеңіп алып, ме­рейімізді бір өсіріп тастады. Бір айта ке­терлігі, айтулы жарыста Қазақстан құ­рамасы бұрын-соңды дәл осындай ора­сан зор табысқа қол жеткізген жоқ еді.

* * *

Олимпиада бағдарламасына енбеген спорт түрлері жайында айтар болсақ, қараша айында Румынияның астанасы – Бухаресте самбодан әлем чемпионаты өтті. Сол жарыста Нұрбол Серіков (68 кило) бас жүлдені олжаласа, Гүлнұр Ерболова (52 кило) қола медальды иемденді. Ал жауынгерлік самбодан өткен сайыста отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс және 2 қоланы қоржынға салды.

Шахматтан әйелдер арасында Ре­сейдің Ханты-Манссы қала­сын­да өткен әлем чемпионатында Қа­зақ­станның үш аруы бақ сынады. Солардың арасынан Жансая Әбді­мәліктің шоқтығы биік болды. 18 жас­тағы қазақтың қаршадай қызы үш бірдей белді қарсыласын қапы қалдырып, ширек финалда ұтылды. Бұл – біз үшін осы спорт түрі тари­хында бұрын-соңды болмаған зор көрсеткіш. Осылайша Жансая әлем­дегі ең үздік сегіз шахматшының қата­рынан көрінді.

* * *

Десек те, биыл «әттеген-ай» деген кездеріміз де аз болған жоқ. Мәселен, Жакартада алауы тұтан­ған Азия ойындарында Қазақстан құра­масының 9-орында қалып қоюы жанкүйерлер көңіліне кәдімгідей селкеу түсірді. Ол аздай, өз тарихында тұңғыш рет біздің боксшылар мен балуандарға байрақты бәсекенің бас жүлдесі бұйырмады.

Биыл күрес түрлерінен Буда­пештте өткен әлем чемпионатында ал­тынның сыңғырын естісек деп армандадық. Себебі төрткүл дү­ние­нің теңдессіздері бас қосқан додада отандастарымыздың жеңіс тұ­ғы­рының ең биік сатысына көте­ріл­мегеніне 20 жылға жуықтады. Өкі­нішке қарай, бұл жолы да бірде-бір балуанымызға ең биік белес бағынбады. Бір сөзбен айтсақ, би­ыл Қазақстанның спортшылары Олим­пиада бағдарламасына енген спорт түрлері бойынша өткен әлем чем­пионаттарының бірде-біреуінде алтын медальға қол жеткізе алмады. Бұл да бір өзекті өртеген өкініш болды.

Қазақстанның мақтанышы, кәсіп­қой бокстың көкжалы, орта салмақ­тың теңдессізі саналған Геннадий Голов­киннің өзінің спорттық ғұмы­рындағы басты жекпе-жегінде жеңілгені жан­күйерлерге аса ауыр тиді. Бақандай 12 жыл бойы ешкімге есе жібермеген GGG 15-қыркүйекте АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы әйгілі «Ти-Мобайл Аренада» Мексиканың мықтысы Сауль «Канело» Альвареске ұпай санымен ұтылып, өзіне тиесілі алтын белбеудің барлығынан айырылды.

Ал осы жылғы ел спортындағы ең қайғылы оқиға – даңқты Денис Теннің қазасы. Тапа-тал түсте, Алматының қақ ортасында әйгілі мәнерлеп сырға­наушы, Олимпия ойындары мен әлем чем­пионатының жүлдегері, көптеген аса ірі халықаралық жарыстардың же­ңім­пазы Денис Тен қандықол қа­рақ­шылардың қолынан қаза тапты. Дарабоз Денис Тен небәрі 25 жаста еді…

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/