«200-300 млн шығар». Қайрат Жолдыбайұлы қаржылық жағдайы туралы айтты

0

Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы қаржылық тәуелсіздігі туралы сөз қозғады. Бұл туралы ол журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты.

— Әлеуметтік желіде соңғы уақытта «Кемел адам» қандай болады деген сұрақтың жауабын іздеп жатсыз. Оқырмандарға да сауал тастапсыз. Барлығына 10 мың теңгеден беремін деген екенсіз. Алғашқы төртеуін анықтадыңыз. Дінтанушының айлығы жақсы болып тұр-ау деп ойладым. Мына нәрсені сұрайыншы…

— Ар жағыңыздағы сұрағыңыздың несін байқап отырмын. Енді 10 мың теңгеден жеңімпаздарға таратып жатса, Қайрат Жолдыбайұлы немен күн көреді? Бизнесі бар ма? Спонсорлары бар ма? деген сияқты сұрақтың шеті шығып тұр. Реті келгенін айтайын. Мен мешітте айлық алмаймын. Айлықтан өзім ресми түрде бас тартқам. Оқыған білімімді берейін деп мешітті қосымша жұмыс ретінде қарастырамын.

Өзімнің жеке бірнеше кәсібім бар. Бизнесім бар, бірақ үлкен, ірі бизнесменмін деп айта алмаймын. Бала-шағамды баққанға, жүріп тұрғанға, туған-туысқанға көмектескенге жетеді. Жылына жаңағы зекетімізді беріп тұрамыз. Бірақ кішкене үйлестірдім. Кейбіреуі менің идеям. Қаржы салдым, жігіттер өздері істейді. Ол жерде менің үлесім бар. Тұрақты, таңертең барып, кешке қайтатын жұмыс емес.

Анда-санда барып, пікірімді айтып, былай істеген дұрыс шығар деймін. Негізгі бауырларым, інілерім, таныс жолдастарым істейді көбінесе. Ал мен идея беремін, қажет кезде қаржысын да құямын. Қаржылық тәуелсіздік дейді мұны. Үлкен кәсіпкер болмасақ та, Аллаға шүкір бір отбасымызды баға алатындай күйдеміз.

— Есепшотыңызда 50 млн теңге бар ма?

— Жоқ.

— 40?

— Енді мен оны айтпай-ақ қояйын. Елуден де көп болуы мүмкін. Ол бизнес ретінде болуы мүмкін. 200 млн шығар, 300 млн шығар. Оны айта алмаймын. Бұл сыр ретінде қалсын. Бірақ орта деңгейлі кәсіпкер деп айтуға болады.