«Мұндай қарқынмен вакцинациялауға 15 жыл кетеді». Депутат Алексей Цойдың жұмысын сынға алды

0
74
Сурет: total.kz

Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова Денсаулық сақтау министрлігін сынға алып, коронавирусқа қарсы вакцинация бойынша тиісті жұмыс атқарылмай жатқанын ашық айтты, деп хабарлайды «Азаттық Рухы» сайты.

«Кеше министр Алексей Цой халықты вакцинацияға шақырды. Осы жерде сұрақ туындайды: қайда бару керек? Өйткені өңірлердегі емханаларда вакцина жоқ. Адамдар вакцинаны қайдан және қашан алуға болатынын білмейтін жағдайға тап болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі алдын ала вакцинациялау алгоритмін жасай алмады ма?! Бізді вакцинациялау қарқыны қатты алаңдатады», – деді депутат.

Мәжіліс депутаты ДСМ коронавирусқа қарсы күресте өз тәжірибесінен де, әлем тәжірибесінен де сабақ алмағанын айтты. Мәселен, Израиль, Ұлыбритания, Словакия, Словения, Сербия, Сингапур сияқты елдерде халықтың жартысынан көбі – 90 пайызына дейін вакцина алып үлгерген.

«Министрліктің ақпараты бойынша, елде 101 мыңнан аса адам вакцинацияланды. Бұл – халықты 0,7 пайызы, яғни халықтың 1 пайызына да жетпейді. Вакцинация осыдан екі ай бұрын басталды. Мұндай қарқынмен екпе жасалатын болса, вакцинациялауға шамамен 15 жыл кетеді», – деді Ирина Унжакова.

Еске сала кетейік, ВАК-тың мәліметі бойынша, Қазақстанда коронавирус вакцинасының 1 компонентін қабылдағандардың жалпы саны – 134 841 адам. Ал, вакцинаның 2 компонентін қабылдағандардың жалпы саны – 38 588 адам.