16 желтоқсанда ұсталғандар қалай жазаланды?

0

НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Желтоқсанның 16-сы – Тәуелсіздік күні Нұр-Сұлтанда 1986 жылғы Желтоқсан және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасынан кейін Ақордаға бет алған ондаған белсендіні жолда полиция ұстады. Арнайы жасақ оларды автобусқа салып, алып кеткен. Кейін олардың біразына «бейбіт митинг заңын бұзды» деп айып тағылды.

Нұр-Сұлтанда ұсталғандар арасында зейнеткерлер де бар. 66 жастағы Роза Мұсаеваның айтуынша, оны Нұр-Сұлтандағы Алматы аудандық полиция бөлімшесіне автобуспен апарып, «бейбіт митинг өткізу заңын бұзғаны» үшін 126 250 теңге (шамамен 328 доллар) айыппұл салған. Кейін зейнеткер екенін ескеріп, 30 пайыз жеңілдік жасаған. Дәл осындай айып 63 жастағы Әсия Бақаеваға да тағылған. Ол өзіне бір бап бойынша екі рет айыппұл салғанын айтады.

– Мені 26-27 қарашада Еуропа одағы елшіліктері алдында өткізген акциямыз үшін 50 айлық есептік көрсеткішке тең (125 мың теңге, шамамен 324 доллар) айыппұл, содан соң желтоқсанның 16-сы күні шеруге шыққаным үшін тағы да 50 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салды. Содан соң зейнеткер деп 30 пайыз жеңілдік беретіндерін айтты. Мен 177000 теңге (460 доллар) төлеуім керек. Не үшін? – дейді ол.

Видео: Нұр-Сұлтанда полиция Ақордаға бармақ болғандарды ұстады. 16 желтоқсан 2019 жыл.

Белсенділердің сөзінше, Тәуелсіздік күні Нұр-Сұлтандағы шарада ұсталған Серік Асқаров, Дулат Ағәділ және Болат Біләлов 15 тәулікке, ал Қуат Уәлиев 10 тәулікке қамалған. Оларға «бейбіт митинг өткізу заңын бұзды» деген айып тағылған.

Желтоқсанның 16-сы күні ұсталған Салтанат Барықбаева мен Динара Мүбаракті полиция Есіл аудандық полиция басқармасына алып барған. Азаттық тілшісі оларды кешкісін басқармада кездестірді. Олардың адвокаты Гүлшат Дүйсенованы жарты сағаттан соң ішке кіргізді. Ол Салтанат Барықбаеваның ісімен айналысып жатқанда Мүбарактың соты өтіп кеткенін айтады.

Адвокат Дүйсенованың сөзінше, көшпелі сот Динара Мүбаракқа 20 айлық есептік көрсеткіш (50 мың теңге) көлемінде айыппұл салып, 30 пайыз жеңілдік берген. Белсенді сот не үшін жеңілдік жасағанын білмейді.

Ал Салтанат Барықбаеваға «шеруге қатысу заңын бұзды» деп, 50 айлық есептік көрсеткішке (125 мың теңге, 324 доллар) тең айыппұл салынған.

– Оған қатысты ешқандай дәлел болған жоқ. Барықбаева судьяны ауыстыруды талап еткенімен, ол өтініші ескерілмеді, -дейді адвокат.

Желтоқсанның 16-сы күні Нұр-Сұлтанда ұсталғандар кешкі сағат 10-нан өте үйлеріне тарай бастады.

Полиция наразыларды ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Полиция наразыларды ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Нұр-сұлтандық тағы бір белсенді Инкар Тыштыбаеваның сөзінше, мереке алдында полицейлер үйіне келіп, «гүл қоюға барса» жауапқа тартылатынын айтып кеткен.

Ал адвокат Асхат Оразбаевтың айтуынша, желтоқсанның 16-сы күні полицейлер суретші Асхат Ахмедьяровты үйінен алып кетіп, әлдебір қылмыстық іске байланыс куә ретінде жауаптап жатқан жерінен айыбы жоқтығын дәлелдеп шығарып алғанын айтады.

– Оның екі картинасын, телефонын алып кеткен, бірақ ешқандай хаттама бермеген. Картиналарын «саяси тақырыпта» деп бағалапты, бәрін қайтарып алдық, – деді адвокат.

АҚТАУДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Бұған дейін елде қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының Тelegram чатында хабарламалар жазған» деген күдікпен үш жылға сотталып, биыл жазда мерзімінен бұрын босап шыққан Абловас Жұмаев пен оның әйелі Айгүл Ақбердиеваны да полицейлер желтоқсанның 16-сы күні үйінен алып кеткен.

Айгүл Ақбердиеваның сөзінше, полиция оны алып кетерде аяқ-қолын қайырып, мәжбүрлеген. Ол бұл жайлы медициналық анықтама алып, денсаулығына келтірген зиян бойынша шағым түсіргенін айтады.

Азаттық тілшісі бұл мәселеге байланысты Маңғыстау облыстық полиция департаментіне хабарласқанымен, жауап ала алмады.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ РЕСМИ ДЕРЕККЕ СЕНБЕЙДІ

Қазақстан ішкі істер министрлігі Тәуелсіздік күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұрттың Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасына жиналып, кейін көшелердегі маршын «заңсыз шеру» деп атады.

«Қатысушылар билік органдарының заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы талаптарын орындамағандықтан, Нұр-Сұлтан қаласында 32 адам, Алматы қаласына 23 адам полицияға жеткізілді» деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Бірақ Нұр-Сұлтанға арнайы мониторинг жасауға келген құқық қорғаушы Ерлан Қалиев ІІМ дерегімен келіспейді. Ол тек Нұр-Сұлтанның өзінде кемінде елу шақты адамды арнайы жасақ мәжбүрлеп алып кеткенін көзімен көргенін айтады.

– Көшеден ұстағаннан бөлек үйлерінен барып алып кеткен адамдар қанша ма? Қазақстанда халықаралық ұйымдар адам құқығы мәселесін сынға алған сайын жағдай қиындап барады. Полиция арнайы жасақ шақыратындай тәртіпсіздік мен қауіпті жағдай болған жоқ. Ал әкімшілік соттардың полиция бөлімшелерінде өтуі кінәсіздік призумпциясының сақталмайтыны көрсетеді. Адвокаттарды ұсталғандарға кіргізбеді. Бұл оларды жасыратыны бар деген ойға итермелейді, – дейді Ерлан Қалиев.

Биыл Қазақстанда жыл басынан бері бірнеше мәрте билікке қарсы наразылық шаралары өткен. Әлеуметтік мәселелерді шешуді, биліктен реформа талап еткен митингілердің барлығы да құқық қорғау органдары тарапынан қатаң түрде қарсылыққа ұшырап келеді. Нұр-Сұлтан бұл митингілердің барлығын «заңсыз» деп таныған.

Елде өткен бірнеше митингіге жұртты қызметіне тыйым салынған ҚДТ қозғалысының жетекшісі, шетелде тұрып жатқан экс-банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов шақырған.

2018 жылы Қазақстан соты елдің бас прокуратурасының сұрауымен ҚДТ қозғалысын «экстремистік» деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Әблязов ҚДТ қозғалысын «экстремистік» деп таныған Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Қазақстанда халық қандай да бір бейбіт шеру, митингіге шығатын болса, жергілікті әкімдіктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берілмеген митингінің бәрін «заңсыз» деп тауып, қатысушыларын ұстайды және жауапқа тартады. Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен «Бейбіт митинг заңын» қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билік «Бейбіт митингіге шығу» заңы қаралатынын бірнеше рет айтқанымен, әзірге өзгеріс жоқ.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз