«16 жасында келді, ата-анасы қарсы болды»: Айнұр Жүгінісова кенже келіні жайлы айтты

0
96

Ағайынды Жүгінісовтердің үшіншісі Мұхаммедәли биыл отбасын құрды. Ел кішкентайынан танып өскен әншінің есейіп, ер азамат болғанын байқамай қалды. Көпшілік оның әлі бала екенін айтып, отау құрғанына таңғалды. Бір қызығы, кәмелетке толған Мұхаммедәлидің үйленуіне ата-анасы мұрындық болған. Ал жаңа түскен келіннің жасы небәрі 16-да. Бұл туралы актриса, продюсер, ағайынды Жүгінісовтердің анасы Айнұр Жүгінісова Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі.

Үйдің үлкені Рүстем Жүгінісов бүгінде отбасылы, балалы-шағалы. Ал ортаншысы Мирас елді хит әндерімен қуантып жүр. Әзірге отау құрмады. Алайда ата-анасы ортаншы балаға «үйлен» деп жиі айтатын көрінеді.

«Мирас 22 жаста, оған да үйлен деп айтып жатырмыз. Жастарға да айтамын, не істеріңді бір біліп, бір білмей тұрғанда үйленген дұрыс. Мысалы, қыздар келін болғанда неге сіңбей жатыр? Өйткені есін біліп алғаннан кейін енесіне ене болып отырған қыздарды да көрдік. Ал жас ағаш иіліп тұрады. Қатып қалған қара ағашты әкеліп қойсаң, қақиып тұрады. Оны жайлап қаратуың мүмкін, бірақ иілдіре алмайсың. Ол баланың сүйегі де, еті де өзіңдікі болып кетеді. Өзіңнің балаң сияқты болып кетеді. Үлбіреп тұрған кезінде ісіңмен тәрбиелейсің», — дейді Айнұр Жүгінісова.

Айтуынша, Мұхаммедиәлидің жары 16 жасында шаңыраққа келін болып түскен. Алғашқыда қыздың ата-анасы мен атасы қарсылық білдіргенімен, кейіннен көндіккен.

«Бұлардікі нағыз қазақша болды. Екеуі екі жыл достасып, бір-бірін біліп жүрді. Екеуінің бір-біріне деген махаббаты үлкен болғаннан кейін, жүргізе беруге қорықтық. Өйткені мына бала анда жүгіреді, мұнда жүгіреді, дамыл жоқ. Алматы десе, Алматыға кетіп қалады. Келін Алматының қызы. Қой, екеуін үйлендірейік дедік.

Қыздың ата-анасы қарсы болды, әрине. Оңай болған жоқ. Атасы да қарсы болды. Бірақ қыз да кетем деп тұрғаннан кейін, кетемін деген қызды ұстамады», — дейді Айнұр Жүгінісова.

Айта кетейік, соңғы кездері Айнұр Жүгінісова ақ кимешек киіп, қазақтың ұмыт болған дәстүрін жаңғыртып жүр. Айтуынша, бүгінде қос келіні де ененің ізін жалғап, ақ жаулық киеді.