16 жасқа дейін балалардың коронавирус жұқтыруы өсті

0

Алматыда 50-59 жас аралығындағы тұрғындар мен 2-16 жастағы балалардың коронавирус жұқтыруы көбейген

АЛМАТЫ, 7 сәуір– Sputnik. Алматыда коронавирус жұқтырғандар арасында елу жастан асқан азаматтар көбейді. Бұл туралы брифингте Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бұған дейін қаламызда ауру жұқтырғандардың ең көбі 20-29, 30-39 жас аралығындағылар болса, қазір 50-59 жас аралығындағы тұрғындардың арасында жұқтыру дерегінің өсіп жатқаны байқалады. 2-16 жастағы балалардың ауру жұқтыруы 88%-ке өсіп отыр», — деді Молдағасымова.

Сонымен қатар Алматыда бір отбасының төрт адамынан инфекция анықталған.

«Ауырғандардың арасында 35 жағдай басқа елден келгендерден тіркелді, олармен байланыста болған 67 адамнан да ауру табылды. Олардың барлығы уақытында оқшауланып, арнайы стационарларда болды. Жергілікті жердің алты тұрғынынан вирус анықталды, олар арқылы 11 адамға инфекция жұқты. Бізде бір отбасының төрт адамының вирус жұқтырғаны анықталды, вирус әкесінен тараған», — деді Айзат Молдағасымова брифингте.

Айта кетейік, қала бойынша ауру жұқтырудың 39 ошағы бар. Алматы 119 адамнан коронавирус анықталды, ішінде 21 адам жазылып шықты.

Тағы оқыңыз: Шымкентте науқас бүкіл отбасына коронавирус жұқтырды



sputniknews.kz