15 жастағы қызды айуандықпен зорлап өлтірген күдіктіге қатысты тың деректер шықты
Жетісу облысының Панфилов ауданында 15 жастағы Құралай Қисабекованы айуандықпен зорлап, артынша мәйітті өртеп жіберген күдіктіге қатысты тың деректер шықты, деп жазады Kznews.kz порталы.
«Время» басылымының хабарлауынша, Жетісу облысы Шолақай ауылының 15 жасар оқушысы шілденің 21-і күні кешкі уақытта құрбысына кетіп, сол күйі үйіне оралмаған. Полиция қызметкерлері із-түзсіз жоғалған қызды келесі күні іздеуге кірісті. Оларға ауыл тұрғындары да қосылып, соңғы сәтке дейін қыздың аман-есен табылатынына үміттенген еді…
Бірақ бұған дейін қыз зорлағаны үшін екі рет сотталған 38 жастағы Рустам Ахметов өз кінәсін мойындап, қамауға алынды. Күдікті де Шолақай ауылының тұрғыны болып шықты.
“5-6 жыл бұрын кәмелетке толмаған қызды зорлады, жазаны толық өтемей жатып бостандыққа шықты. Одан кейін тағы бір қызды зорлап, жазадан құтылу үшін оған үйленді. Енді бұл оңбағанның арам қолы біздің қызымызға да жетті. Біз қызымызды іздеп жүргенде бұл қанішер ештеңе болмағандай Жаркентті аралап, таксилетіп жүрді. Біз соңына дейін қызымыз тірі деп үміттендік, бірақ оны өлі күйінде таптық”, – деп жылайды марқұм қыздың әпкесі Кәмшат Көпбаева.
Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті мектеп оқушысымен жыныстық қатынасқа түскенін, одан кейін жасаған әрекетінен қорыққандықтан өлтіргенін мойындап отыр.
«Күдіктінің айғақтарын тексеру және нақтылау кезінде жәбірленушінің мәйіті ауылдардың бірінің шетіндегі жерленген жерінен шығарылып, сот-медициналық сараптамасына жіберілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, іс бойынша бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды», — делінген хабарламада.
Күдіктіге қатысты 3 қылмыстық іс қозғалды. Ол кем дегенде 17 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін.