14 жастағы бала да бар: Ақтөбе облысында жантүршігерлік апат төрт адамның өмірін қиды
Ақтөбе облысында сәрсенбі күні адам өліміне әкеп соққан жантүршігерлік жол апаты болды. Бұл туралы өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
40 жастағы LADA Priora жүргізушісі Ембі қаласынан Қандыағашқа қарай келе жатқан. Қандыағаш-Ембі-Шалқар тас жолының 61-ші шақырымында ол алдындағы көлікті басып озамын деп, қарсы беттегі басқа LADA Priora-мен соқтығысты.
Жол апаты салдарынан жүргізуші, сондай-ақ, 32 жастағы әйел мен 14 жастағы жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Үш жасар қыз Ембідегі орталық аудандық ауруханасына жатқызылды.
Екінші автокөліктің жүргізушісі мен алты жолаушысы ауруханаға жеткізілді. 51 жастағы жолаушы әйел медициналық мекемеде есін жимастан жан тапсырды.
Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағы бойынша (Абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан, көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.