100 мың доллар пара үшін айыпталған лауазымды шенеунік ақталып шықты — новости Казахстана
№2 Есіл аудандық соты 100 мың доллар пара алды деп айыпталған «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Назарбек Бейсенді ақтап шығарды. Одан бөлек, үй қамағына алыну туралы бұлтартпау шарасы да тоқтатылды. Бұл туралы Жоғары соттың сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
«Бейсен Назарбек Есіркепұлы Қылмыстық кодекстің 366 бабы, 3-ші бөлімі, 3тармағында көрсетілген қылмыстық іс бойынша қылмыстық іс-қимылдың жоқтығына байланысты кінәсіз деп табылды», — делінген хаттамада.
Сондай-ақ, Назарбек Бейсенге қылмыстық істі жүргізген органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан тигізілген залал үшін өтемақы талап ету құқығы берілген.
Оған қоса, сайтта Бейсенді заңсыз түрде қылмыстық жауапкершілікке тартқаны туралы хабарды Бас прокурорға жеткізу қажеттігі жайлы дербес қаулы жарияланған.
Бұл әрекет өз кезегінде мұндай қателіктің тағы да қайталанбауы үшін жасалады.
Айта кетерлігі, бұған дейін шенеунік 2014 жылы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағасы болған кезде Р.М.Исаевтан Б.С.Қайыпназаров арқылы 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деп айыпталған еді.
Соған қатысты ол қаржыны «Тisabry» препаратын Қазақстан Республикасының дәрілік формуласына енгізуге, яғни, оны мемлекеттік сатып алу тізіміне қосу үшін алған деген күдікке ілінген.
Дегенмен 2018 жылдың 3 тамызында ол параның бір бөлігін — 150 мың теңгені қайтарған.
Ал пара алу туралы арызды Исаев тастаған. Ол дәлел ретінде Whatsapp желісінде сөйлескен мұрағатты көрсеткенімен, ол байланыс операторлры арқылы расталмады.
Сот шешімінде Исаевтың айтуынша, ақша Әзірбайжаннан Түркия арқылы Алматыға, артынша делдал Қайыпназаров арқылы Алматыдан Астанаға жіберілгенін, ол осылайша Бейсеннің қолына тигені айтылған.
Сондай-ақ, шешімде Бейсеннің Қайыпназаровтан қызының тойы үшін 100 мың доллар сұрағаны да көрсетілген.
Алайда сот куәгерлердің сөздері бір-біріне сәйкес емес екенін айтты. Ал Қайыпназаровтың көлемді ақшаны қорқытып алғаны үшін бас бостандығынан айырылғанын ескеріп, оның дәлелдемелерін қатаң сынға алды.