Дильназ Ахмадиева Қазақстан азаматы ретінде неге қынжылатынын айтты

0
Қоғам

Қысқа сілтеме алу

413 0 0

Эстрада жұлдызы көлік жүргізуді білсе де, тізгінге отырмайды екен

АСТАНА, 14 қараша – Sputnik. Белгілі қазақстандық әнші Дильназ Ахмадиева әйелдердің көлік жүргізгенін құптамайды. Айтуынша, нәзік жандар көлікті өте нашар айдайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

«Менің ойымша, әйелдердің көлік жүргізгені мүлде дұрыс емес. Мен, мәселен, көлік айдай алсам да, рөлге отырмаймын. Оның бір ғана қарапайым себебі бар: шығармашылық адамы болғандықтан, жолда мұқият емеспін. Ойым үнемі шашыраңқы, мұның кесірінен кез келген сәтте жол апаты болып қалуы мүмкін. Сондықтан мен көлік жүргізбеймін, халқымның өмір сүргенін қалаймын», — деді әнші, жол қауіпсіздігі бойынша амбассадор Дильназ Ахмадиева Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында өткен Бүкіләлемдік жол апаты құрбандарын еске алу күніне арналған брифингте. 

Эстрада жұлдызы жол-көлік оқиғаларына тап болмас үшін жүргізуші жалдағанын айтты. 

«Менің жүргізушім бар, ол барлық жол ережесін сақтап, қадағалайды. Әйтпесе, жұмыс беруші ретінде екеуміздің арамызда проблема туындайтын еді», — дейді Ахмадиева. 

Оның айтуынша, әйелдер көлікті өте нашар жүргізеді. Ең басты себеп, алаңғасарлық, қорқыныш және сенімсіздік.

«Менің көлік жүргізетін құрбыларым бар. Кейде солармен бірге келе жатқанда, «ер адамсың ғой, мені өткізіп жібер» деп жол сұрап жатады. Мен олардың бұл әрекетін түсінбеймін. Көлік тізгінінде гендерлік теңсіздік деген түсінік жоқ», — дейді әнші. 

Десе де жол ережелерін қатаң сақтайтын, көліктің «құлағында ойнайтын» құрбылары да бар екенін жасырмады. Осы орайда ол жол қауіпсіздігі бойынша амбассадор ретінде жол ережелерін сақтауға уәде берді. 

«Мен Қазақстан азаматы ретінде үкіметтің бізді қорғағанын қалар едім. Адамдар қауіпсіздікте, алаңсыз өмір сүруі үшін жан-жақтан қимылдап, бірлесе жұмылып, әрекет етуіміз керек», — деді Ахмадиева. 

Әнші Қазақстан азаматы ретінде не нәрсеге қынжылатынын айтты.

«Жүргізушілерге бір-біріне жол беруді үйренетін уақыт жетті. Осы елдің азаматы ретінде мен мынаған қынжыламын: неге шет елдерде бәрі айқын, анық, ал Қазақстан әлі соған келе алмай жатыр? Біздің өзгелерден неміз кем, мен осыны түсіне алмаймын?! Егер біз жол ережелерін сақтау туралы қайта-қайта айтып, баспасөз мәслихаттарын жиі өткізіп, осыны насихаттасақ, бір септігі тиеді деген үміттемін», — деді эстрада жұлдызы.