«100 адамға лицензия сұраса, сонша адамды жатақханамен қамтамасыз етуі керек» — Саясат Нұрбек

0

 Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыда жатақханадан орын таппай жүрген студенттердің мәселесі жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі Ulysmedia.kz. сілтеме жасап.

«Бірнеше жүйелі және тактикалық шешімдер бар. Біріншіден, ең үлкен мәселе Алматыда туындап отыр. Бізде Алматыда 35 жоғары оқу орыны бар. Студенттер көп. 200 мың студенттің 70 пайызы басқа өңірлерден келген балалар. Осы оқу жылының басынан бастап Сәтпаев университетінің негізінде арнайы жедел штаб құрдық. Кеше менің өзім штабты барып көріп кеттім. Бірінші курстың 500-ге жуық студенті жыл басынан бастап жатақханадан орын таба алмай жүрген. Бірақ қазір олар өздері орын тауып жатыр. Жедел штабқа 88 бала хабарласты. Олардың бәрінің шешімін таптық. Біріншіден, жедел штабқа хабарласқанда біз Сәтпаев университетінің 2 және 4 жатақханасына бір-екі күнге орналастырамыз. Содан кейін басқа жоғары оқу орындарымен келісіп, оларды тұрақты орналастыру мәселесін пысықтаймыз», — деді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуына қарағанда, жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейтінін атап өтті.

«Жатақхана мәселесін мемлекет өз есебімен толық шеше алмайды. Сол себепті біздің министрлік Қаржы орталығымен бірігіп, жекеменшік мердігерлермен жұмыс істеп жатырмыз. Оларға арнайы 6 жылдық шарттар береміз. Қаржы моделін ұсынамыз. Сол модель арқылы студенттердің 70-80 пайызын қамтамасыз етеміз», — деді ол.

Министр сонымен қатар тағы да бір жүйелі шара барын атап өтті.

«Енді лицензиялауға өтінім беретін жоғары оқу орындары, жеке меншік болсын, мемлекеттік болсын, кез келген жаңа мамандықты ашу үшін немесе жаңа лицензияны алу үшін міндетті түрде шарт қойылады. 100 адамға лицензия өтінімін бере ме, онда сол 100 адамға жатақанхана орынын қамтамасыз етуі керек. Осы жылдан бастап заңнамалық түрде сондай шарттар енгізілді, шектеу қойылды», — деді министр.

Сондай-ақ, ол 2026 жылға дейін елдегі студенттердің басым бөлігін жатақханамен қамтамасыз етілетінін атап өтті.