10 мыңдай адамның еңбекақысы көбейеді

0

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев БАҚ өкілдеріне Президент Жол­дауында айтылған мәсе­лелердің Атырау облысында іске асырылуы туралы баяндап берді. Н.Ноғаевтың айтуынша, облыста «7-20-25» мемлекеттік бағ­­­дарламасы бойынша жергі­лікті тұрғындардан 131 өтінім қа­­был­данып, оның 89-ы мақұл­данды. 

– «7-20-25» мемлекеттік бағ­дарламасы халық үшін тұрғын үй сатып алуға жаңа мүмкін­дік­тер беріп отыр. Қазіргі таңда 1 553 млн теңгенің 131 өтіні­мі қабылданды. 1084 млн теңге­нің 89 өтінімі мақұлданды. 62 өті­ніш берушіге тұрғын үй сатып алуға 783 млн теңге көлемінде қаражат берілді, − деді ол. 

Қазір аймақта тұрғын үй секторын дамыту үшін 3892 пә­терлік 44 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін барлығы 2164 пәтерлік 34 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға тиіс. 

Өңірде әлеуметтік секторды дамытуға 93 миллиард теңге бағытталған. Жыл соңына дейін 30 әлеуметтік нысан іске қосылады деген жоспар бар. 

– 9 ай ішінде 724 орындық 2 мектеп, 1000 орындық 5 ба­лабақша, 600 адамға арналған 2 мәдениет үйі, 1 денсаулық сақтау нысаны, 500-дей адамға арналған 2 денешынықтыру спорттық кешені, бір жатақхана, барлығы 13 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 1244 оқушыға арналған 

6 мек­теп, 1960 баланы қамтитын 10 балабақша, 700 адамға ар­налған 3 мәдениет үйі, 4 ден­саулық сақ­тау нысаны, 2 дене­шынықтыру-са­уықтыру кешені, қаладан шы­ға берістерде орналасатын 4 ста­цио­нарлық полиция бекеті мен 1 ха­лыққа қызмет көрсету орта­лы­ғы ашылады, – деді Н.Но­ғаев.

Президент Жолдауында адам­­дардың еңбекақысын кө­те­ру халықтың әл-ауқатын кө­те­руге ықпал ететін бас­ты қа­­дам­дардың бірі ретінде атал­­-

ғаны белгілі. Бұл орайда, Аты­­рау облысы бойынша 2019 жылы 10 мыңнан астам адам­ның еңбекақысын көтеру жос­парланып отыр екен. 

– Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында аймақта халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1720 меке­медегі айлығы 42 мың теңге болатын 10 415 адамның еңбек­ақысы көтеріледі. Қазір­дің өзінде өңірдегі 21 меке­ме қызметкерлердің еңбека­қы­ларын көтеру шараларын бастап кетті. Бұл мекемелерде жалпы саны 2 587 адам жұмыс істейді,– деді облыс әкімі. 

Биыл екінші жартыжылдықта аймақта жаңадан 26 494 жаңа жұмыс орны құрылды. 

Атырау облысы еліміздегі балық өндірісі жолға қойылған аймақтардың бірі. Облыс әкімі осы бағыттағы жетістіктер туралы да баяндады. 

Қазіргі таңда екі мекеме тоғандарда қызыл балық түр­лерін өсірумен айналысып жатыр. Компаниялардың бірі жылына 60 тонна балық пен 

1 тоннаға жуық қара уылдырық өндірсе, екінші кәсіпорын 100 тонна тауарлы балық еті мен 1 тоннаға тарта қара уылдырық өндіреді. – Бізге балық аулауға берілген квотаны қазіргі таңда балық саласында қызмет ат­қарып жүрген 17 мекеме толы­ғымен қолдануда. Бұл 17 ком­панияның 2-уінде еурокод бар, яғни олар өнімдерін Еуропа елдеріне өткізе алады, – деді Н.Ноғаев. Облыстағы Қиғаш, Жайық өзендерінің арнасын тереңдету жұмыстары жүйелі жүргізілгендіктен, балық саны да көбейіпті. 

Облыс әкімінің айтуынша, денсаулық сақтау саласын­да кадр тапшылығын жою үшін былтыр – 35, биыл – 53 грант бөлініп, жергілікті мектеп түлектері Астана мен Қара­ғандыдағы медициналық универ­ситеттерге білім алуға жібе­ріліпті. Олар тиісті маман­дық алып шыққаннан кейін міндетті түрде Атырау өңіріне барып жұмыс істеуге тиіс. 

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»