4 ауданда көктемгі дала жұмыстары басталды

0

Жамбыл облысындағы Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында дала жұмыстары басталып кетті. Жоспардағы 101,9 мың гектардың 2,1 мың гектарында айдау жұмыстары басталса, 2,1 мың гектар алқап дайындалу үстінде. Сондай-ақ, Т.Рысқұлов ауданында 545 гектар алқапқа жаздық масақты дақылдар себілген.

Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов мәлімдеді. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 77,9 мың тонна тұқым толықтай дайын. Өңірде соңғы 2 жылда егіс алқабына сапасы тексерілген жоғары репродукциялы тұқымдар мен I-II-III репродукциялы тұқымдар егіліп, нәтижесінде өндірілген өнімнің сапасы да артып келеді екен.

«Көктемгі дала жұмыстарына 7 317 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысады. Биыл шаруашылықтарға ақпан-мамыр айларына жалпы 10 920 тонна кепілдендірілген дизель отыны 194-208 теңге аралығында бөлінуде. Ағымдағы жылы 52,4 мың тонна минералды тыңайтқышты егістік алқапқа себіліп, 46,6 %-ға тыңайту жоспарлануда. Бүгінгі күнге 59 шаруашылық тарапынан түскен өтінімге сәйкес «Аграрлық несие корпорациясымен» көктемгі дала жұмыстарына берілетін несие көлемі 437,1 млн теңгеге жетті. Ағын суды тиімді пайдалану және суармалы судың ысырабын азайту мақсатында су үнемдеу технологиялары 2020 жылы 30,0 мың гектар егіс алаңына ендірілген болса, былтыр 40,5 мың гектарға жеткізілді. Келесі жылы 50,0 мың гектарға жеткізіледі», – деп уәде берді басқарма басшысы.

Спикердің айтуынша, бұл ретте су үнемдеу технологиялар көлемін ұлғайту мақсатында 2022-2030 жылдары 52,0 мың гектарға «Valley» компаниясының 1000 дана жаңбырлатып суару қондырғыларын лизингке беру арқылы ендіру көзделуде. Аталған компания тарапынан биыл 50 жаңбырлатқыш қондырғысын 2,6 мың гектар алқапқа орнатылатын болады.