Балташ Тұрсымбаев: Елді ұры-қарылар мен жемқорлар басқарып отыр
Қазақтың тұңғыш ғарышкері, екі мәрте Батыр Тоқтар Әубәкіров Торғай өңірінде заңсыз аңшылық жасап жүр деген алып-қашпа айып әлеуметтік желілерді қыздырған тақырыптың бірі болды. Сондықтан осы «браконьерліктің» егжей-тегжейін білу үшін, ғарышкердің көп жылдан бергі үзеңгілес досы Балташ Тұрсымбаев ағамызбен әңгімелесіп қайттық. Кезіндегі Ресей премьер-министрі Виктор Черномырдин «не жасасақ та, КПСС болып шығады» демекші, біздің де әңгімеміз айналып келгенде қызуы қозған жер мәселесіне және елдегі қоғамдық-саяси жағдайға келіп тірелді.
– Балташ Молдабайұлы, жеке кәсіпкер Батыр Сейкеновтың қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровты браконьер деп кінәлап, әлеуметтік желілерде жариялаған жазбасын оқыған боларсыз. Осы оқиғаға қатысты недей мән-жай білдіңіз?
– Иә, мен Тоқтармен көп жылдан бері жақын араласамын, екеуміз жақсы жолдаспыз. Оның қандай азамат екенін де жақсы білемін. Мінезі, өмірге деген көзқарасы, адалдығы, заң мен тәртіпке бағынушылығы туралы сағаттап айта беруге болады. Тоқтар жастайынан әскерде қызмет етіп, космос саласындағы ірі тұлғалармен етене араласып, әскери қызметкер ретінде шыңдалып, өзін тәртіпке бағындырған адам. Ол заң бұзу, дөрекілік жасау немесе өзінің атақ-даңқын пайдалану дегенді білмейді.
Қазақта «Батырлар аңғал болады» деген сөз бар, Тоқтар тура соның өзі. Оны біреу пайдаланып кетпесе, Тоқтар біреуді пайдалана алмайды, ондай қулық оның қолынан да келмейді. Ол тіпті жолда жүру ережесін де бұзбайды. Екеуміз көлікпен біраз жерді шарлағанбыз. Мен кейде алаңдап, жол ережесін бұзып қойсам, Тоқтар бірден шу шығарады: «Біреулер көріп, танып қойса, екеуміз де ұятқа қаламыз!» – деп күйіп-пысады.
– Ал сіз Тоқаңа түйліккен Батыр Сәйкенов деген біреу турасында не білдіңіз?
– Қазақта «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген сөз бар. Осыған орай мен бұл адамның атын «Батыр» деп атағым келмейді (күлді). Ол нағыз Батыр Тоқтар тап болған жағдайдың мән-жайын жете тексеріп алмай, желіге желбегей сөз жазбауы керек еді.
Иә, Тоқтардың аңшы екені рас және ол тек ит-құсқа ғана әуес. Бірақ ол ешқашан браконьер болған емес! Аңға шықса, лицензиясы мен мылтығының құжаттарын, аңшы билетін өзімен бірге әрдайым алып жүреді. Осы жайсыз жағдай жайында Тоқтар журналистерге жауап берді. Екеуміз телефонмен сөйлескенде, маған да мән-жайды айтты.
Шынымен де, мынау пандемия бүкіл елге ауыр тиді. Тоқтар да сол елдің бірі. Неше айдан бері барша жұрт секілді үйінің төрт керегесінде қамалып отырды. Жасы болса 75-те, үйде отырып әбден ығыры шыққан. Сөйтіп, таза ауада бір серуендеп қайтқысы келген. Үлкен ұлы Тимурды ертіп, Торғай даласына бет бұрған. Мен ол жерлерді жақсы білемін: жыртқыш ит-құс болмаса, аңға бай жер деп айтуға онша келіңкіремейді.
Сөйтіп, неше айдан бері үйде отырған Батыр ғарышкеріміз мотошанамен (снегоход) екі күн бойы даланы шарлаған. Ал енді жапан далада біреудің жеріне кіріп кету деген ғажап дүние емес. Өйткені ол жерлер ешнәрсемен қоршалмаған, ешқандай шекара белгіленбеген Торғайдың даласы. Соған бола әлдебір Сейкенов деген біреу Тоқтарға пәле жауып, браконьер болып жүр деп, әлеуметтік желіні шулатты.
Мен Сейкеновтың өзін танымаймын. Бірақ оның қандай адам екенін білгім келіп, өзімнің таныстарым арасынан оның жерлестерімен сөйлескен соң, Сейкеновпен таныспақ тұрмақ, бетін де көргім келмейді. Өйткені мән жайды анықтамай, біреуді қаралау – дұрыс адамның тірлігі емес.
Ол адамның өзін жақсылап тексеру керек! Сейкенов өзіне 3 млн гектар аңшылық жерді қандай жолмен еншілеген?! Үш миллион гектардан шашылып жатқан бұл не деген жер?! Бұл жерді оған кім берді, қандай құқықтың негізінде және қанша мөлшерде ақысын төлеп алды? Аңшылыққа жер алу оңай болса, сен де ал 3 млн гектар жерді, мен де алайын! Бүйте беретін болсақ, бүкіл Қазақстанның жері оншақты Сейкенов сияқтылардың қолына өтіп кетпей ме?! Ал Құдайдың жеріне өзге адам аяқ баспау керек пе?! Бұрын қазақ өз жерін – Отаным, Атамекенім, Атақонысым деп қорғаған. Ал енді алда-жалда анау-мынау оқиға болып кетсе, Сейкеновтың жерін не деп қорғаймыз?!
Менің білуімше, Сейкеновтың өзі Астанада тұрады екен. Жерлестерінің айтуы бойынша, ол – бірнеше демалыс үйі мен мейрамхананың қожайыны. «Тоқтар мотошанасымен «менің жеріме кіріп кетті» деген аңшылық жерінен қабан мен елік атып, оның етін мейрамханасында сататын көрінеді. Осының бәрі қаншалықты заңды екенін тексеру керек. Егер Сейкенов сайын даладағы аңның санын көбейткісі келсе, жем-шөп беріп, оларға жағдай жасауға міндетті. Ол осы заңмен белгіленген міндетін атқарып жүр ме – бұл да тексерген адамға сұрақ!
Сейкенов кезінде Қазақстанның Материалдық қор (матрезерв) комитетінде осы мекеме басшысының орынбасары болған. Сол уақытта комитет жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған, алайда бәрі аман-сау құтылып кетті. Солардың арасында Сейкенов те бар. Қазақстанда ондай қылмыстық істерден құтылудың жолы айтпаса да түсінікті. Менің айтпағым – мемлекеттік қызметтегі шенеулік қалайша 3 миллион гектар жерді иемденген?!
– Балташ аға, 3 миллион гектар дегеніміз салыстырмалы түрде қандай көлемдегі жер?
– Бұл дегеніміз – Қазақстанның орташа көлемдегі үш ауданының жері. Өзің қай өңірден боласың?
– Алматы облысынан, Кеген жақтан болам, аға…
– Ендеше сен Нарынқол, Кеген және Жаркент аудандарының жер көлемін көз алдыңа елестетіп көрші – бір күнде айналып шығар ма екенсің? Осындай мөлшердегі жерді Сейкенов қалай меншіктеніп алды? Бұны мен біраз жігіттердің көмегімен тексеруді жөн көріп отырмын.
Назарбаев билеген 30 жылда елімізде мынандай үрдісті бәріміз де көріп, біліп жүрміз: біздің кейбір адамдардың қалтасына ақша түссе, өзінің әке-шешесін ғана таныр, әйтпесе адам танымай кетеді. Мынау ел-жұртты шулатқан Сейкенов Батыр Тоқтарды білмесе, оны сыйламаса, оны тарихи тұлға ретінде мойындамаса, ол өзін қалай қазақтың азаматы дей алады?!
Оның үстіне сол Сейкенов Тоқтардың қолынан мылтық көргенім жоқ деп жазып отыр. Қазір бәрінің қолында камерамен жабдықталған смартфон телефон бар. Тоқтар мен оның ұлында мылтық болса, осының бәрін Сейкеновтың адамдары міндетті түрде фотоға түсіріп алар еді. Ал ондай жазба жоқ! Өйткені Тоқтар шынымен де Торғай даласымен әншейін серуендегісі келген. Бұған қоса, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәлімдеуінше, Тоқтар 2021 жылы қасқыр атуға рұқсат алу үшін үш рет өтініш берген, алайда үшеуінде де рұқсат ала алмаған. Айтыңызшы, браконьер рұқсат алуға өтініш жаза ма? Мен Тоқтарды жақсы білемін. Ол заңды бұзбайды.
– Қазақстанда ауыл шаруашылық жерлерін иемденудің сіз білетін қандай жолдары бар?
– Қазақстанда оның бір ғана жолы бар. Ол – коррупция! Сөйлесетін адаммен сөйлесті, беретінін берді. Аңшы ретінде жолдас қылып кімді өзімен бірге ертіп жүрді, солар көмектесті. Біз осыны анықтамай тынбаймыз. Ол үшін ұлттық қозғалысқа айналып келе жатқан «Ел мен Жер» қозғалысының платформасын да пайдаланамыз.
Қазақстанның жері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Еліміздің қаншама жерін осы Сейкеновсымақтар басып алды! Мысалы, Қостанайдың ең шұрайлы 1,5 млн гектар жерін Василий Розинов алып қойған. Ондайлар көп. Осының бәрін тексереміз.
Сейкенов кезіндегі еліміздің бас прокуроры Рашид Түсіпбековпен аңшы ретінде дос болған екен. Әрине, ондай досы болса, кез келген мәселені шешіп береді. Әйтпесе 3 млн гектар жерді меншіктеніп алу – екінің бірінің қолынан келетін іс емес.
Қазақтың жерін Сейкенов пен жемқорлар емес, еліне қызметі сіңген Тоқтар сияқты адал азаматтар неге алмайды?! Менің де еңбегім бар, мен неге алмаймын?! Өйткені бізге ол қажет емес. Жер – халықтыкі, мемлекеттікі болуы керек. Ал Сейкенов «жер – менікі, оған ешкім аяқ баспау керек» дейді. Бұл не деген сұмдық?! Сондықтан осы Сейкенов сияқтылар жерді қандай жолмен алғандарын тексеріп, заң талап етсе, заң бойынша жазалау керек. Ол жер мемлекет меншігіне қайтарылып, онда мемлекеттік егерьлер жұмыс жасауы тиіс. Браконьерлер кіріп жатса, кім болса да, заң шеңберінде жауапқа тартылсын.
-– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылық жерлері шетелдіктірге сатылмайды және жалға да берілмейді деп мәлімдеме жасап, көп жылдан бері қызуы қозған дау қазанының қақпағын жапқан сияқты болды. Осымен жер мәселесінің тақырыбы жабылады деп ойлайсыз ба?
– Жоқ! Тоқаевтың мәлімдемесіне жалпылама қарайтын болсақ, бәрі дұрыс сияқты болып көрінеді. Бірақ өз сөзінде ол мәселенің бәрін ашқан жоқ. Қараңыз: Тоқаев ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерлер туралы ғана айтты. Ал бізде ауыл шаруашылығы жерлері санатына жатпайтын қаншама жер бар. Ол жердің үлесі 40%-ды құрайды. Жер тақырыбын толықтай жабу үшін, жеріміздің барлық санаттары аталып, тайға таңба басқандай айқындалып, заң жүзінде бекітілуі тиіс. Жеке үй құрылысы жерлері ғана сатылып, жеке меншікке өтуі керек те, қалған жердің барлығы мемлекет иелігінде қалуы қажет. Жер дауының тақырыбы сонда ғана жабылады.
Әрине, барлық кінәні Тоқаевқа артып қойған да жөн болмас. Былтыр Көкшетауда өткен бір жиында шенеуніктер көптеген жерді латифундистер бөліп алып, оған егістік те екпейді, мал да жаймайды деген сөз айтып қалды. Ондай жерлер Қазақстанда көп.
Бұрынғы сот, прокуратура, КНБ жүйесінде қызмет жасаған шенділер талай жерді иемденіп алып, оны игермей отыр. Назарбаев осының бәрін өзін және өзінің билігін қорғау үшін әдейі жасап қойды. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын көтерді. Зейнетақылары да жоғары. Менімен салыстыратын болсақ, полиция полковнигінің зейнетақысы менікінен бірнеше есе көп. Осының бәрін не үшін жасап отыр дейсіз?!
Сондықтан біздің талабымыз мен мақсатымыз – барлық жерге ревизия жасау керек. Біз қазақ өте сенгіш, дарақылау халық болғандықтан, 30 жыл бойы егемендік алдық деп мәз болып жүрген шақта мемлекеттік билікте жүргендер шұрайлы жерлердің көбін басып алып, оны өздері игермей, әлдекімдерге субарендаға беріп, оңай табысты күреп тауып отыр. Соның бәрін халыққа қайтаруға міндеттеу қажет.
Тоқаевқа сенімсіздік танытуымның тағы бір себебі бар. Оның президент болып тағайындалғанына екі жыл толады. Осы уақыт ішінде реформа жүргіземін деп қай айтқан уәдесінде тұрды? Жаңадан құрылған Жер комиссиясының құрамымен танысатын болсаңыз, Тоқаевтың қолында не билік, не дәрмен жоқ екенін байқауға болады.
– Игерілмей жатқан жерлерді анықтап, оны мемлекетке қайтару мәселесін космомониторинг шешеді деген сөз қайда қалды?
– Мен ауыл шаруашылығының маманы ретінде айтайын. Космомониторинг деген нәрсе сонау кеңес заманында да болған. Бірақ космомониторинг егістік пен мал бағатын жерді дұрыс ажырата алмайды. Халықтың мал бағып отырған жерін шенеуніктер алып алса, оны қайтармау үшін нешетүрлі амалдарын ойлап табады. Сондықтан жер мәселесін жақсы білетін адал азаматтар есебінен қоғамдық комиссиялар құрып, елдегі жердің бәрін тексеру керек. Ол жұмысқа жергілікті тұрғындарды жұмылдырған дұрыс, өйткені олар жағдайдың бәрін біледі. Бүгін ауылда тұрып жатқан, бірақ мал бағатын, шөп шабатын жері жоқ адамдар толып жүр. Өйткені ол жердің көбін шенеуліктер басып алған. Тоқаев осы мәселені көтергенімен, айтқаны сол айтқан жерінде қалды.
– Олай болса, «Ел мен Жер» қозғалысының жұмысы аясында тағы қандай жұмыстар атқармақ ойларыңыз бар?
– Қазақстанды ұры-қарылар мен жемқорлар басқарып отыр. Біз болсақ айтуындай айтып, өз ұсыныстарымызды билікке жолдап отырмыз. Бірақ оған құлақ асқан шенділер шамалы. Өйткені премьер-министр мен министрлер және олардың орынбасарлары, депутаттарымыз жаппай «Нұр Отан» мен оны басқарып отырған Назарбаевқа тәуелді адамдар. Ол не дейді, бәрі соны істейді. Оларға тамақтарың тоқ, айлықтарың мол, шетелге іссапарға барып жүрсіңдер, шендерің бар, үй-жайларыңның мәселелері шешілген, сондықтан тыныш отырыңдар дейді. Тыныш отырмай қайтсін? Бүгінгі «халық қалаулылары» адамдармен кездеспейді, халықпен сөйлеспейді. Біздің елде қай журналист депутатпен кездесіп, өзіне қажетті сұрақтарға жауап ала алады?! Ол тіпті мүмкін емес. Бірде-бір депутат тәуелсіз журналисті қабылдамайды. Өздерін полиция қызметкерлерімен қоршап алған, ешкімді жақындатпайды.
Астанада тұратын азаматтық белсенділерден естиміз: депутаттарға хаттарын апарып немесе олармен кездесіп, сұрағымызды қоямыз, мұңымызды айтамыз десе, парламент ғимаратына ешқайсысын жолатпайды. Сонда олардың қандай депутат болғаны? Жылап-еңіреп барған көп балалы аналарды «СОБР»-дың көмегімен автозактарға тиеп, полиция бөлімшелеріне апарып, қорқытып, қысым жасайды, олардың наразылық акцияларын заңсыз тарқатып жібереді.
– Өткен аптаның маңызды жаңалықтарының қатарында парламенттің экс-депутаты Нұржан Әлтаевтың бастамасымен «Оппозицияның ұлттық үйлестіру кеңесі» деген ұйым жарияланды. Осы оқиға туралы ойыңызды білсек деп едік: бұл биліктің қоғамды бөлшектеудегі кезекті амалдарының бірі ме, әлде шынайы атқарылып жатқан жұмыс па?
– Нұржан Әлтаевтың суретін әлеуметтік желіден көргенім болмаса, өзімен жеке таныстығым жоқ. Бірақ саясатпен айналысам деген азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы бақылап отырамын. Нұржан Әлтаевтың бұрынғы қызметтерін, кімнің қол астында жұмыс істегенін қарайтын болсақ, ол биліктің шенеунігі болып шыға келеді.
Әрине, оның қайда туғаны, қайда оқығаны аса маңызды емес. Ал атқарған жұмысын қарасақ, екі министрлікте орынбасар болып қызмет істеген, миллиардер Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары болған. Кейіннен «Нұр Отан» партиясының атынан депутат болып, ал ендігі күні елді тіреймін дейді. Иә, еліміздің құлап жатқаны рас. Бірақ Әлтаев елге тірек бола ала ма?! Ол керемет саясаткер болса, нақты істерін көрсетсін. Ол менің кеңсемнің есігі ашық, келіңдер, бастарыңды қосыңдар деп мәлімдеді. Дегенмен, өз басым Әлтаевтың бастамасына сенім білдіре алмаймын. Ол бастаманың қайдан шыққаны белгілі. Егер ол нақты оппозиция болса, ең әуелі бүгінгі билікке мінездеме беріп, онымен қалай күресетінін айтсын.
– Дегенмен, жаман-жақсы болсын, Әлтаев Қазақстан оппозициясын біріктіру жөнінде бастама көтерді ғой…
– Мен керісінше сұрақ қояйын: елді тіреймін десе, Әлтаев астана әкімшілігінің алдында бас көтерген көп балалы аналарға неге болыспады, неге қолдау білдірмеді? Осы күнге дейін оның билікке қарсы әрекетін байқамадым. Есесіне Әлтаев кеңсесі мен билікке қарсы сөзін айтатын орыны жоқ азаматтық белсенділерді биліктің нұсқауымен астананың төріндегі бес жұлдызды қонақ үйге жинады. Өздерін оппозиционермін деп жүрген көптеген белсенділер сол «Хилтон» қонақ үйіне өмірінде кіріп те көрген емес. Соны көріп, бастары айналып қалған болуы керек, белсенділер: Әлтаев мықты, бізге көмектеседі деп алданып жүр.
– «Ел тірегі» бастамасының артында Тимур Құлыбаевтың құлағы көрініп тұр деген болжам жайлы пікіріңіз қандай?
– Әрине, солай! Тимур Құлыбаев кімді, қандай партияларды қолдағаны баршаға белгілі. Соңғы парламент сайлауына қатысқан «Адал» партиясы бастапқыда «Бірлік» еді. Тимур Құлыбаевтың ақшасы көп, ал музыкаға тапсырысты да сол ақшасы көп адам береді деген халықтық тәмсілді ұмытпайық.
– Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойламақпыз. Өзіңіз талай жыл мемлекеттік қызмет атқарған адам ретінде айтыңызшы – 30 жылда ауыз толтырып айтар қандай жетістікке жеттік?
– Егемендігіміздің 30 жылдығы қарсаңында билік бүкіл жалдамалы адамдарын шақыртып, мемлекеттік телеарналардан бір-бірімен жарысып, болмаған жетістіктерді насихаттап жатыр. Шындығына келгенде, 30 жылда не істедік деген сұраққа ден қойып, сараптайтын болсақ, осы уақытта қолымызда бар нәрсені жоғалттық: халықты кедейшілікке ұшыраттық.
Біз бүкіл әлемге мақтанатын бірер ғана брендіміз бар. Оның бірі – сөз болып отырған еліміздің Батыры Тоқтар Әубәкіров. Тоқтардың космос саласына сіңірген еңбегі мол. Ол дыбыстан жылдам нешетүрлі ұшақтарды бағындырамын деп, талай өліп-тірілген адам. Тоқтар трамплинді авиатасымалдаушы кемеден реактивті ұшақты ұштырғаны үшін Гиннесс кітабына енген.
Одан кейін мақтанатын жарқ еткен жұлдыздарымыз – атақтары әлемге әйгілі болған балаларымыз Димаш Құдайберген мен Иманбек Зейкенов болды. Шетелдікпен сөйлесіп қалатын болсақ, мақтанып айта алатын осы үш адамымыз ғана бар. Одан басқа немізді айтамыз?! Өкінішке орай, 30 жылда елді жайлаған жемқорлықтан басқа ешнәрсеге қол жеткізе алмадық!
– Сұхбатыңызға рахмет!
Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ, «DAT». 25.03.2021.