Құпия тарих: Бауыржан Момышұлының Сталимен жолығуы

0
1475

«Егемен» басылмы зейнеткер Бекболат ТҰРЫСЖАНОВТЫҢ батыр Баукең туралы естелік жазбасын жариялады.

«Сөз орайы келгенде Бауке аға­дан: «Бауке, өзіңізге көптен көкей­де жүр­ген бір сұрақты қойсам деп едім. Осы жұрттың біразы сізді Сталин­нің қабылдауында болған дейді, енді біреулер болған жоқ дегенді айтады. Осының түйінін өз аузыңыздан естісек» деп емеурін таныттым. Бау­кең ойланып отырып: «Одан бері бірталай уақыт өтті ғой. Бұл туралы ол кезде айтуға мүлде болмайтын еді, енді айтуға болады», деп оқиғаны баян­дай жөнелді. Дастарқан басында отырған жұрт не айтар екен дегендей бар зейінін Баукеңе қадады.

«Мен соғыстан кейін әскери академияда оқыдым. Біз оқыған академия басшысы армия генералы Захаров мені бір күні өз кабинетіне шақырды. Барсам, қасында бір ма­йор отыр екен. Академия басшысы маған қарап: «Жолдас Момышұлы, алдыңызда тұрған майор мырзамен бірге Кремльге барасыз!» деп айтты. Алғаш не үшін екен деп сес­кеніңкіреп қалғаныммен, келістім. Ше­гінерге жол жоқ еді. Майорға еріп, қаптаған тексеруден өткеннен кейін, Сталиннің қабылдауына кірдім. Майор сонда қалды. Сталиннің әйгілі Поскрёбышев деген көмекшісі қарсы алды. Өңі өңменіңнен өтетін сұсты адам екен. Сталиннің кабинетіне алып кірді. Ол кісі бөлме ішінде әрлі-берлі жүр екен. «Отырыңыз» деп орындықты нұсқады. Мен отырдым. Көз қиығымен шолып өтті де менен «Момышулы, это как Азер­байджанский уғлы?» деп сұрады. Мен орнымнан тұрып: «Так точно, товарищ Сталин» дедім. «Ну ладно, садитесь, мне доложили что вы занимаетесь в академии, хорошо, занимайтесь, до свидания» деп қолымды алып қоштасты. Бар болғаны осы, кездесу бір минутқа толар-толмас уақытта өте шықты. Мен шығып кеттім. Академия басшысы бұл кездесу құпия күйде қалу керектігін ескертті. Мен осы күнге дейін сол кезде не үшін шақырды екен деп көп ойланам. Мүмкін, кітаптарым шығып, әскердегі атағым құлағына жеткен соң, «өңі-басы кім екен, кав­каздық па, азиат па, бет-жүзін көрейін» деп шақырған болуы керек»,  деді Баукең сөзін түйіндеп. Сәл кідірген соң, күліп қойып, «Может быть, Мамашвили ме екен?» деп ойлаған шығар», деп әңгі­месін жалғады»