Қанат Ислам бокстағы мансабын аяқтай ма?

0

Желіде қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның кәсіби мансабын аяқтағаны туралы жаңалық тарап кетті.

Осыған орай боксшының өзі ресми пікір білдірген. Ол отандық vesti.kz сайтына берген сұхбатында өзінің BoxRec сайтындағы статусына қатысты ойын айтқан. Аталмыш әлемдік боксшылардың рейтингін анықтайтын сайтта Қанат «белсенді емес» спортшылардың қатарына кірген. Әдетте ондай статус бокстағы карьерасын аяқтаған шеберлердің тұсына қойылады.

«Жоқ, бұл рас ақпарат емес. Қазіргі таңда мен жарақатымнан айығып, қайтадан жаттығу жұмыстарына кірісіп кеттім» дейді Қанат Ислам.

Еске сала кетсек, Қанат былтырғы жылдың 9 қыркүйегінен кейін рингке шыққан жоқ. Сол жолы ол канадалық Брэндон Кукты жеңіп, WBO NABO және WBA-NABA өңірлік белдіктерін иеленген болатын. Осыдан кейін Қанат биыл 23 маусымда шаршы алаңға оралуы тиіс болатын. Алайда күтпеген жерден жарақат алып, жекпе-жек болмай қалды.

Осыған дейін Қанат Ислам IBF, WBO, WBC және WBA тұжырымдарының ресми рейтингінен шығарылып тасталған еді. ESPN телеарнасының сарапшысы Фернандо Барбозаның айтуынша, Қанат Ислам өзінің потенциалын әлі де болса толықтай пайдалана алмай келе жатыр.

«Былтыр қыркүйекте Қанат канадалық қарсыласын айқын жеңген. Ал қазір Кук әлем чемпионы атағына таласып жатыр. Ал Исламның әлеуеті одан әлдеқайда жоғары. Есіңізде ме, WBA оны рейтингте бірінші орынға шығарған еді. Ал дивизиондағы ең рейтингі жоғары боксшылар оның қарсыласы бола алатын. Бірақ Қанат ойда-жоқта көрінбей қалды. Неліктен бокс әлемінен көрінбей кеткенін білмеймін. Оның осындай мүмкіндікті жіберіп алғанына өкініш білдіремін» депті Барбоза.

Абай Аймағамбет

Оқи отырыңыз:

«Головкин – Альварес» арасындағы үшінші жекпе-жекке қатысты жаңа дерек шықты

Құз-жартаста орналасқан экстремалды мейрамхана (ВИДЕО)