Михал Билек: Зайнутдиновті Карпин жібергісі келмеді
Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
— Қазақстан құрамасын баптағаныма қуаныштымын. Бір жағынан, мақтан тұтамын. Оқу жаттығу жиынына уақыт бөлгені жақсы болды. Түркияға ертең аттанамыз.
— Қазақстан құрамасынан шақырту алғаннан соң ұзақ ойландыңыз ба?
— Шынымды айтсам, жоқ. Үш апта бойы Қазақстан тарапымен келіссөз жүргіздік. Тек Чехиядағы бір командамен келісімім қиындық туғызды. Алайда біз бір-бірімізге түсіністікпен қарадық.
— Ұлттық құрамаға футболшыларды қалай іріктедіңіздер?
— Барлық футболшылар жайлы ақпарат қажет, оның үстіне оларды іс жүзінде көргім келді.
— Келісімшартыңыз қай жылға дейін жарамды?
— Тек бір жылға келісімшартқа отырдық.
— Қазақстанға келмей тұрып, біздің ел жайлы не ойладыңыз?
— «Славияның» Еуропа лигасында «Астанаға» қарсы ойнағаны есімде. Мирослав Беранекпен таныстығым бар.
— ЕУРО-2020 іріктеу кезеңіне қандай мақсат қойылды?
— Дәл қазір бұл сұраққа жауап табу қиын. Маған және ойыншыларға танысу үшін уақыт қажет. Қолымыздан келгенін жасап, бұрынғыға қарағанда жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз дегім келеді.
— Ұлттық құрамаға Постников пен Зайнутдинов шақырту алмады?
— Постников жарақаттанып қалды. Зайнутдиновті шақырғымыз келген. Алайда оны Валерий Карпин («Ростовтың» бас бапкері) жібергісі келмеді.