Ермахан Ибраимовтың үстінен полицияға арыз түсіреді
Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовты сот ісі күтіп тұр. 10 қаңтар күні митингте болған оқиғадан кейін оның үстінен шағым түсіргісі келетін адам бар.
Бұл туралы Демократиялық партияны құру жөніндегі бастамашыл топтың белсендісі Әйгерім Тілеужан Facebook-те хабарлады.
«Ертең, 25 қаңтар, сағат 10.00-де адвокатым Ерлан Қалиев екеуіміз Алматы полиция бөліміне Ермахан Ибраимовтың үстінен арыз жазуға барамыз», — деп жазды ол.
Еске салсақ, Мәжіліс сайлауы 10 қаңтарда өтті. Сол күні Алматыда қауіпсіздік күштері наразылық білдірушілерді шамамен жеті сағат ұстады.
Қазақстандық олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовқа ұқсас адам Алматыдағы наразылық білдірушілердің қоршауын бұзып өтпек болды. Боксшы кейінірек өз ұстанымын «Мен елім үшін күрестім» деген сөздермен түсіндірді.
Белсенділер: «Ермахан, кет!» деп айқайлап, спортшыны қуып жіберді. Содан кейін боксшы оқиға орнынан кетіп қалды.