Азат Еуропа/Азаттық радиосының басшылары ауысты

0
73
© РИА Новости / Алексей Витвицкий

АҚШ-тың халықаралық деңгейдегі ақпарат құралдарына басшылық жасайтын Ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) Азат Еуропа/Азаттық радиосының жақында тағайындалған басшысы Тед Липиенді қызметінен алып тастады, деп хабарлайды Азаттық.

Онымен қоса  АҚШ бюджетінен қаржыландырылатын тағы екі ақпарат құралы – «Азат Азия радиосының» (Radio Free Asia) және «Таяу Шығысқа хабар тарату желісінің» (Middle East Broadcasting Networks) басшылары да жұмыстан кетті.

USAGM-ның бұрынғы басшысы оларды бұл қызметке бір ай бұрын ғана тағайындаған.

Джо Байден АҚШ президенті қызметіне кіріскен екі сағаттың ішінде USAGM-ның Дональд Трамп тағайындаған басшысы Майкл Пэкті қызметінен алды. Орнына «Америка дауысында» отыз жылға жуық жұмыс істеген  журналист Келу Чаоны ұйымның уақытша басшысы етіп тағайындаған. Пэкке ақпарат құралдарының редакциялық саясатына араласты деген де айып тағылып, сот шешімі шыққан.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы баспасөз бостандығына үкімет шектеу қойған 23 елге 27 тілде хабар таратады. Радио журналистиканың жоғары объективтілік стандарттарын ұстанып, цензурасыз ақпарат беруді мақсат еткен. Ұйымның бас кеңсесі Чехия астанасы – Прагада орналасқан.

Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету