Ақтөбеде банк күзетшісі букмекерлік кеңсені тонаған
Ақтөбедегі банктердің бірінің күзетшісі жұмысына барар жолда букмекерлік кеңсені тонаған, — деп хабарлайды Prosports.kz сайты «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
23 қаңтарда шамамен таңғы сегізде Ақтөбенің Шернияз көшесінде орналасқан букмекерлік кеңсеге белгісіз біреу келіп, тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, ашық түрде 129 мың теңгені алып кеткен.
«Полицейлер ізін суытпай күдіктіні ұстады. Ол қаладағы банктердің бірінде күзетші болып жұмыс істейді. Одан ұрланған қаражат пен ойыншық тапанша тәркіленген», — дейді полиция департаментінің өкілдері.
Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы («Тонау») бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.