Альварес пен Головкиннің үшінші кездесуі өтетініне күмән жоқ

Мексикалық боксшы Сауль Альварестің промоутері Оскар Де ла Хойя Хьюстонда өткен бокс кешінде рингке шығып, «Канело» мен қазақстандық Геннадий Головкин арасында үшінші жекпе-жектің өткізілуіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Sputniknews.kz хабарлады.
«Үшінші кездесудің өтетініне күмән жоқ. «Канело» тек мықтылармен жұдырықтасқысы келеді. Үшінші жекпе-жекте Головкинді нокаутқа жіберетініне сенімдімін», — деп мәлімдеді Оскар де ла Хойя.
Бірнеше апта бұрын Де ла Хойя Головкинмен мамыр айында жекпе-жек өткізуге қатысты келіссөздердің басталғанын мәлімдеген-ді. Алайда кейін «Канелоның» өкілдері оның 4 мамыр күні Дэниэл Джейкобспен шаршы алаңда жұдырықтасатынын жеткізді. Бұл жекпе-жектің қайда болатыны қаңтар айының соңында Невада штатының Атлетикалық комиссиясының отырысында белгілі болады.
Қазақстандық Геннадий Головкин осы жылдың сәуір-мамыр айларында шаршы алаңға оралады деп жоспарланып отыр.