Almaty Triathlon Federation құрамасының мүшесі Жапонияда Азия чемпионатына қатысады
23-25 сәуірде Жапонияның Хацукаиши қаласында 2021 Asia Triathlon Championships Hatsukaichi Азия чемпионаты өтеді. Жарысқа Жапония, Иран, Өзбекстан, Сирия, Филиппин, Оңтүстік Корея, Гонконг, ҚХР, Моңғолия, Қазақстан елдерінен 50-ден астам триатлеттер қатысады.
Чемпионатқа Almaty Triathlon Federation (ATF) тәрбиеленушісі де қатысатынын мақтанышпен хабарлаймыз. ҚР ҰОК және Қазақстандық триатлон федерациясының шешімі бойынша алматылық спортшы Ануар Тұрыбаев ҚР ұлттық триатлон құрамасымен бірге Хацукаишиге аттанады! Онымен бірге жеңіс үшін Арина Шульгина, Екатерина Шабалина, Аян Бейсенбаев, Дарын Қонысбаев, Александр Автушко және Семен Пивоваров сайысатын болады.
Мамыр айында Ануар 27 жасқа толады, ол – су добынан спорт шеберіне үміткер және триатлоннан спорт шебері. Ол – көптеген республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері және жеңімпазы. 2019 жылы ATF бас жаттықтырушысы Максим Мазурдың жетекшілігімен Тұрыбаев «Спринт» қашықтығында ҚР Кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды.
Жапонияға кетер алдында Ануар алғаш рет осындай ірі жарыстарға қатысса да, атақты қарсыластарынан қорықпайтынын мойындады. «Әрине, бұл оңай болмайды, өйткені менің бәсекелестерім жапониялық Рен Сато, гонконгтік Оскар Коггинс және т.б. мықты атлеттер болады. Бірақ, біз оларға қазақстандықтардың не істей алатынын көрсетеміз!».
«Қазақстан құрамасының субконтинент чемпионатында сәтті өнер көрсету тәжірибесі бар, – деп түсіндірді Қазақстандық Триатлон федерациясының бірінші вице-президенті, Almaty Triathlon Federation басшысы Ғалымжан Есенов. – 2019 жылы Кенджуда (Оңтүстік Корея) өткен триатлоннан Азия чемпионатында Ануар сияқты ATF құрамасының мүшесі Александр Тен чемпион атанды. «Алтынды» сол чемпионаттан Дарын Қонысбаев та алып келді. Сонымен қатар, Азия біріншілігінің екі қола жүлдесі — Арина Шульгина мен Мейірлан Ысқақовта».
Биылғы жылы да жас спортшыларымыздың құрметіне Қазақстанның әнұраны шырқалады деп сенеміз!