«VISIT SHYMKENT» I тоқсанда 1000-ға жуық адамға экскурсия өткізді

0

Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы жыл басынан бері туризмнің салалық бағыттары аясында жалпы саны 10 экскурсия ұйымдастырды. Атап айтсақ, өндірістік, танымдық-іскерлік, сакралды орындар мен балалар туризмі бағыттары бойынша 968 адам экскурсияға қатысқан. “2022 жыл — балалар жылы” болып бекітілуіне байланысты, экскурсиялардың басым бөлігі жасөспірімдерге арналды.

Жастардың Шымкент қаласындағы туристік нысандар және көрікті орындармен танысуы – туған өлке тарихы туралы ой-танымдарын арттыруға ықпалы мол. Нақтылай өтсек, Шымкентке спорттық сайыстар мен ғылыми жобалар байқауына жиналған шәкірттерге мегаполистің туристік нысандары (Шымкент зообағы, Дендрологиялық саябақ, “Шым қала” тарихи-мәдени орталығы, Этноауыл) мен орындары ерекше әсер қалдыруда. Сондай-ақ, орталық әлеуметтік туризм бағыты бойынша көпбалалы отбасылардан шыққан бүлдіршіндерге ерекше басымдық бере отырып, оларды қала тарихымен таныстыру және демеушілер есебінен көмек көрсету шараларын өткізуді қолға алған.

Туристік-ақпараттық орталық келушілер санын арттыру және шаһардың туристік әлеуетін ілгерілету бағытында «бір терезе» қағидасы бойынша ақпараттық-консультативтік көмек көрсетеді. Сонымен қатар, орталық тарапынан қаламыздың кез-келген қонағына шаһар аумағында сапалы әрі ақысыз қызмет көрсететін кәсіби гид-экскурсовод қызметі ұсынылады. Яғни, орталық тарапынан қала тарихымен және мәдени-сакралды орындарымен танысамын деген кез-келген келушілер мен туристерге “Visit Shymkent” әзірленген турмашруттар арқылы тегін экскурсия жүргізеді. Сәйкесінше, гид-экскурсоводтар сұраныс бойынша бірнеше тілде ақпарат беріп, қала тарихымен таныстырады.