Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданы тұрғындарына өткен жылды қорытындылап есеп берді

0

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өткен жылды қорытындылаған халық алдындағы есепті кездесуі Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен жалғасты. Бүгінгі кездесуге III, IV, V секторға қарасты 15 шағын ауданнан келген 600-ден астам тұрғын қатысты.

Қала басшысының есебін шымкенттіктер қала әкімдігінің ресми әлеуметтік желідегі instagram парақшасында тікелей эфир арқылы да тыңдады.

Форматы өзгерген есепті жиынды қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов жүргізіп отырды. Жиынға қала мәслихатының депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.

Мегаполис әкімі М.Әйтенов атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, ауданның даму бағытын баяндады, жыл басынан бері ауданды аралау барысында тұрғындар көтерген 22 мәселенің бүгінде 9-ы шешіліп, 13-і орындалу барысында екенін атап өтті.

Аудандағы 3, 4, 5 секторда 82 мыңға халық тұруда. Онда 10 мектеп, 20 балабақша, 198 аула, 26 спорт алаңшасы бар. Электр, ауыз су, табиғи газбен, интернетпен толық қамтылған. Кездесуге келген тұрғындар кәріз жүйесі, асфальт жол салу, жарықтандырылмаған 22 көшені жарықтандыру және балалар ойын алаңшасын жаңарту мәселелері бойынша сауалдар қойды.

Қала әкімі әрбір сұраққа нақты жауаптар беріп, ұсыныстарды тыңдады. Халық қатысатын бюджет жобасы бойынша биыл 32 балалар ойын алаңшасын орнату, аудандағы 7 көшеге асфальт төсеу және 8 көшені жарықтандыру, кәріз жүйелерін жүргізу бойынша жұмыстарды кеңінен баяндады. Сауалдар бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.