Жанар Айжанова: Үндемей жатқаным — қызым аяғынан тұрып өзіне келсін деп едім

0
25496

Жанар Айжанова әже атанды. Жақында әншінің немересі өмірге келді. Әнші бақыттан басы айналып жүргенін айтып, көпшілікке қуанышын жеткізді.

«Ораза айының соңғы жұмасында таңғы тоғызда Айжұлдызым аман-есен босанып, қолыма Назарымды ұстап, бақыттан басым айнылды. Содан бері үндемей жатқаным, қызым аяғынан тұрып өзіне келсін деп едім.

Мен инстаға көп шықпай қалсам, реніжеміңзер. Немеремнің исіне басым айналып, дүниенің бәрін ұмытып жатырмын. Күнде шомылдырам. Аяқ-қолын керіп жаттығу жасаймын. Бесігіне бөлеймін. Қалай таң атып, қалай батқанын да сезбей қалам. Арасында Айжұлдыздың қалжасын беріп сорпалатамын.

Ұсталарға тапсырып, үйден кәрі жілікті апарып беріп, немереме шүмек жасатып алдым. Жөргегі шешкен сайын көтенін иіскеп рахаттанамын. Әлдиімді айтып әндетсем жылағанын қойып тыңдайды. Осы күнді қалай күттім десеңші. Осы балаға ешнәрсе болмай аман-сау туса екен деп қасынан 9 ай қалмай еріп жүрдім. Әжемнен көрген әжелердің мектебін біртіндеп есіме түсіріп жатырмын. Қазақ ертегілерін сатып алып қойдым. Кішкене қатайса оқып беремін ғой.

Ал ақ жаулықты әжелер, мені де қатарларыңызға қосыңыздар. Қош келдің, ботақаным. Жүрегім, тәттім — Назар немерем», — деп жазды Жанар Айжанова парақшасында.