Егер күйеуім жесір әйелді тоқалдыққа алам десе, қарсы болмас едім — Қанат Әлжаппаровтың жары

0
1342

Белгілі әзілкеш Қанат Әлжапбаровтың жары Нұргүл Құдайбергенова карантин кезінде немен айналысқандары, жолдасы екеуінің бір-біріне бүкпесіз айтатын сын-пікірлер, отбасылық өмірдегі қызық оқиғалары туралы әңгімеледі.

Бұл туралы «Жұлдыздың жары» бағдарламасында айтылды, деп жазады stan.kz сайты.

Нұргүл Құдайбергенова Қанат танылмай тұрған шақта онымен бас қосқанын, КВН-ге бірге шыққанын айтады. Мен оның өнері қолдадым дейді жары.

«Менің ата-енем Қанаттың жайдарманға, әзілге, КВН-ге барғанын қолдаған жоқ. Біз үйленген жылы Қанат Алматыға көп кететін. КВН-ге қатысатын. Ата-анасы ұрысқан соң екеуміз бірге кететін болдық. Ата-енеме менің төркініме барамыз деп өтірік айтатынбыз. Мені төркініме парып тастайды. Сосын өзі КВН-ге кетеді. Сөйтіп жүріп танылды. Тұрсынбек Қанатты КВН-нен көріп шақырды. Мен оған тек қолдау көрсеттім. Ол өзі өнерді жақсы көрді», – деді жары.

Нұргүл Құдайбергенова жолдасына толық сенім артады. Үй жұмысын толықтай өз мойнына алған. Алайда кәсіп ашып, жұмыс істеуге немесе мамандығы бойынша жұмыс істеуге күйеуі рұқсат етпейтін көрінеді.

«Мен бастауын сыны мұғалімі мамандығын оқыдым. Мектепте жақсы оқыдым деп айта алмаймын. Қанат та жақсы оқымаған. Бірақ Аллаға шүкір, жақсы тұрып жатырмыз. Мектепте жақсы оқыған балалар да қарапайым жұмыс істеп жүр. Сондықтан мен балаларымды сабақ оқытқызып қинағым келмейді. Күйеуім менің жұмыс істегенімді қаламайды. Кәсіппен айналысайын десем де, рұқсат жоқ. Мүмкін маған сенбейтін шығар. Ақшаны өзім табамын дейді. Сондықтан мен үйде отырмын. Балалы-шағалы болдық. Бала тәрбиесін қолға алдым. Солай уақыт өтті», – деді ол.

Айтуынша, жолдасы Қанат өте балажан. Сондықтан бала тәрбиесіне, жалпы отбасына жауапкершілікпен қарайды.

«Көп адам Қанатты жауапсыз деп ойлайды. Ол үнемі әзілдеп жүретін болған соң жауапсыз көреді.  Бірақ ол қайда кеткенін, қайда жүргенін айтып жүреді. Көп қыдырады. Бірақ балаларым бар кезде мен жаман жолға бармаймын деп мені сендіріп қойған. Үйде не болып жатқанын, қандай проблема барын сұрап тұрады», – дейді Нұргүл.

Ерлі-зайыптылалар үйдің кіші баласы болғанымен ата-енемен бірге тұрмайды. Қалада бөлек тұрып жатыр. Алайда ата-енесіне жиі барып тұрады.

«Қанат кіші бала болғандықтан ол ата-анасынан кете алмайды. Тек жұмыстар қалада болғандықтан Қазір Қызылордада тұрып жатырмыз. Бірақ ауылға барып тұрамыз. Енеммен жақсымын. Екі сағаттап отырып әңгіме айтамыз», – дейді әзілкештің әйелі.