Вашингтонның інісі елдегі ірі бизнесті меншіктеп алған жоқ
Джордж Вашингтоне салыстыратындар не білімсіз не пропагандист. Ұқсайтыны — 1, ұқсамайтыны — 1001.
Вашингтонға теңеудегі жалғыз аргумент «тұңғыштығы.» Жағымпаз жандардың «жан айқайынан» осыны ғана көремін.
Қазақстанның тәуелсіздік алуы бізге тәуелді емес факторлардан туды. Н.Назарбаев болмаса басқа біреу президент болушы еді. Сонда тек бірінші болғаны үшін төбемізге көтеруіміз керек пе?
Вашингтон секілді мәртебеге ие болу үшін 2000 жылы кетіп қалуы керек еді, екі мерзімнен кейін. Вашингтон екі мерзімнен, ешқандай конституциялық шектеу әлі жоқ кезде, өз еркімен кетті емес пе? Неге сонымен салыстырмайсыңдар?
Вашингтонның туған інісі елдегі ірі бизнесті өзіне меншіктеп алған жоқ қой. Неге салыстырмайсыңдар?
Вашингтон тәуелсіздік үшін соғыста көш бастады ғой. Ұлыбританияға қарсы үлкен соғыс болды. Қазақстанның тәуеліздік алуы үшін соғыс болды ма? Әлде жеке басына тәуекелге тігіп КСРО үкіметіне қарсы шықты ма? Қарсы шыққандар болды. Мысалы, Тәшенов, Шаханов, Сүлейменов. Бірақ бір кісінің аты бұл тұрғыда аталмаған. Неге салыстырмайсыңдар?
Қазақстан КСРО-дан нешінші болып тәуелсіздігін алды? Еске салыңдаршы. Неге салыстырмайсыңдар?
Америка шынымен жаңа пайда болған мемлекет еді. Америка хандығы деген болмаған секілді. Есіме түсіре алмай отырмын. Неге салыстырмайсыңдар?
ДжорджОтан деген партия да болмаған секілді. Неге салыстырмайсыңдар?
Айтпақшы, Вашингтонның ұрпағы Сенат басшысы ретінде тағайындалды ма? Неге салыстырмайсыңдар?
Елбасы «тарихи» миссияны орындады ғой, неге бағаламайсыңдар дейтіндерге. Әуелі, «тарихи» деген сөз жүрек айнитын мағынаға ие болды, жағымпаз жандардың арқасында.
Екіншіден, иә Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел алдындағы үлкен міндетін атқарды. Елге қызмет етті, маңызды шешімдер мен жетістіктерге қол жеткізді. Шекараны бекітті. «Болашақ» бағдарламасын бастады. Астананы көшірді. Ядролық қарудан бас тартты. Қандастарды елге қайтаруды қолға алды. Тізімді толықтыра берсек болады. Бірақ, мұның бәрін Н.Назарбаев 2000 жылдарға дейін-ақ атқарған. Одан кейінгі кезеңде демократиялық жолдан кері кеттік. Конституция ойыншыққа айналды, сайлау жүйесі алдымен мажоритарлыдан араласқа, кейін пропорционалдыға ауысты, сонымен Парламент өлді де қалды. Партиялық жүйе құру сәтсіз болды. Нұр Отан өтірік партия. Сот жүйесі атқарушы билікке тәуелді. Коррупцияны жеңе алмады. Олигархия орнады. Елде тәуелсіз миллионер, миллиардер болу мүмкін болмады, туысқандары рейд жасап тартып алды, не жағыну керек болды. Білім жүйесі қатты құлдырады. Назарбаев университетінің құрылуымен (миллиардтаған долларға), ҚазҰУ, ҚазҰПУ, ЕҰУ секілді базасы мықты университеттер тірі өлікке айналды. Төртінші билікті бірте бірте өлтірді. Қазіргі еркін пікір білдіруіміз тек технологияның ғана арқасы.
Экономика тек ВВП-мен ғана өлшеніп, бізді алдап келді.
Ал ол ВВП мұнай бағасы шарықтаған кезде жақсы еді мақтануға. Мұнай бағасы құлдырағанда теңгені девальвация жасап теңгелік миллиардтармен мақтанды.
Егер біреу «Егемен Қазақстан» газетіне сараласа, 1991 жылдан бастап лентасы қиылған мыңдаған зауыт-фабрикаларын тізімін жасап, бірақ бірде біреуі жұмыс істемейтінін, жоқ болып кеткенін көреді. Берілген уәделер мыңнан асып, орындалғаны жүзге жетпейтінін көреді.
Экономикамыз қандай өнім шығарады? Қарапайым киім кешекті шығара алмай отырмыз емес пе?
Қазақ ұлтының байлығы жекеменшік банкілерді құтқаруға жұмсалды. Миллиардтаған доллар. Ол жекеменшік банкілер халықты үлкен пайызбен тонады. Сөйтіп банкрот болды. Парақорлар байып шетелге қашты. Мұның жауапкершілігін кім мойнына алар екен?
Ал Жаңаөзен ше? Оны қайда қоямыз.
Рахым Ошақбаевтың топас посты қайрады осы сөздерді жазуға. Ұзақ піскен ой емес, асығыс жаздым. Ойды толықтырып отырсаңыздар. Қарсы пікір болса, мәрхаба.
P.S. Иә, мен «Болашақ» бағдарламасымен оқимын. Бірақ, стипендия халық есебінен қаржыландырылатынын бір сәт еске түсіру артық етпес. Ешкімнің жеке қалтасынан тиын кетіп жатқан жоқ.
Қысқасы, Астананың атын да, қала көшелерінің атын да ауыстыруға қарсымын.
P.S. 2. Айтпақшы, әлгі жағымпаздар, қажет кезде АҚШ-пен салыстырады, қажет емес кезде «Бізді 250 жылдық тарихы бар елмен салыстыруға болмайды» деп сайрайды. Оған қарсы уәж айтсаң, АҚШ біз секілді екі алпауыттың ортасында тұрған жоқ дейді. Оған қарсы бірдеңе айтсаң, сан түрлі желеу табады. Бірақ Вашингтонға теңегенде алдына жан салмайды.
P.S. Жап-жақсы эмоциялық фонды тас-талқан етті. Кету туралы жаңалықты естіп таңырқағанымен іштей қуанған едім, бейбіт транзит болады екен-ау деп. «Кетем» деген сөзі үшін көбі қателіктерін кешіруге дайын тұрған еді. Мынау қадамнан кейін жүрек айну деңгейі шарықтап кетті.