Билікке Дариға Назарбаева келсе, не болады?

0
2099

Соңғы 2-3 күнде Қазақстанда дүрбелең болып жатқанын көріп жүрсіздер. Астана қаласының атауын өзгерту жеке басқа табынудың шыққан шегі болды. Атқарушы билік халық нарызылығын, бейбіт шерулерді әр кез полицияның күшімен басып тастау арқылы, интернеттегі қазіргі билікке наразы халықтың сынына қарсы күресетін арнайы кибержасақ жасақтау мен қажет ресурстарды жауып тастау арқылы жеңеміз деп ойласа, қателеседі. Мұндай қарама-қайшылықтар не жағдайға алып келуі мүмкін. Тарихқа бір үңілейік.

XVIII ғасырда Америка құрлығындағы ағылшындардың 13 колониясы болды. Ағылшындар жаңа құрлыққа көшкен адамдардың есебінен тезірек байығысы келіп, адам құқығын таптайтын заңдар мен салық мөлшерін тым көбейтіп жібереді. Бастапқыда, 13 колония тұрғындары тәуелсіздік алып, Америка құрама штаттарын құруға талпынған емес еді. Ағылшындардың бассыздығы осыған жетеледі. Олар ағылшын короліне өз мәселелерін жеткізгілері келген. Англиядан бөліну ойында да болмады. Үндеу жасағандарға билік тарапынан күш көрсетіліп, «корольге қарсы шықты» деген айыппен түрмеге жабылады. Бұл колонистердің тәуелсіздік үшін күресуіне итермеледі. Ағылшын билігі халық нарызылығын қоғамдық диалог арқылы емес, армия күшімен басуға тырысты. Осылай ағылшындар өз вассалдарымен соғысқа шығындалып, олардың тәуелсіздік алуына амалсыз көніп, табысы мол 13 колониясынан айырылды.

XVIII ғасырдағы Францияға бет бұрайық. Людовик XV мен оның отбасы «Après moi le déluge» (Бізден кейін сел болса да бәрібір) тіркесімен тарихта қалды. Бұл аталмыш корольдің фавориті маркиза де Помпадурдың айтқаны. Олар Франция байлығын бейберекет қолданып, Людовик XVI-ға деволт алдында тұрған елді қалдырған. Ол кезде француз дворяндары мен дін өкілдері салық төлемейтін. Демек биліктегі король мен оның отбасының қисапсыз шығыны тек қарапайым халық қалтасынан алынатын. Бюджетте ақша қалмаған соң, Людовик XVI жаңа салықтарды енгізіп, халықты қанауға көшеді. Төзімі жеткен халық өздері басқаратын билік тобын құрып, әлеуметтік мәселелерді шешпек болады. Бірақ олар корольді биліктен тайдыруды мақсат етпеді. Ал Людовик XVI азаматтық билікті күшпен жоймақ болды. Бірақ қара халық тарихта Ұлы Француз революциясы атымен белгілі жүрісті бастап, Бастилия қамалын бағындырады. Ал конституциялық монархия титулын қабылдағысы келмеген Людовик XVI дарға асылады. Егер француз королі қарапайым халықтың мәселелерін тыңдап, диалог құра алғанда, осының бәрі болмас та еді.

XVII ғасырдың екінші жартысында Англияда революцияға көшейік. Ол кезде туманды Альбионда Парламент пен монархия теңдей билікке ие еді. Ағылшын королі Карл I Парламентпен келіссөзге келгісі келмей, оны түбегейлі жойып тастағысы келді. Бір сөзбен айтқанда, абсолюттік монархияны орнатпақ болды. Азаматтық соғыс басталып, революцияға жалғасты. Соңы Карл I-нің басын шауып тастаумен бітті. Осыдан кейін ағылшындар буржуазды республикаға айналып, өндіріс революцияға қадам басты.

Тағы бір тамаша мысалдардың бірі XX ғасырдың басында Ресей империясында болған «қанды жексенбі» оқиғасы. Санкт-Петербор қаласында қарапайым жұмысшылар қарусыз, бейбіт түрде, петиция арқылы өз мәселелерін патшаға жеткізбек болған. Ал Николай II бұйрығымен олар қырғын астында қалады. Бұл қанды шерудің жұмысшылар революциясына жеткізіп, патша отбасымен бірге атылуымен аяқталғанын білесіздер. Егер патша халықты жаппай қырмай, олардың жан айқайын тыңдағанда, бұл революцияның да алдын алуға болар еді.

Ел азаматының қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты өз ойын білдіруге конституциялық құқығы бар. Сол үшін де митингке шығады. Митинг революция алғышарты емес, ол халықтың өз позициясын билікке жеткізудің ашық бір түрі. Митингтердің болуы билікке де тиімді. Себебі дәл осылай билік халықпен тікелей диалог құрып, келіссөзге келе алады. Актуалды мәселелерді шешуге ықпал етеді. Билік митингке шыққан азаматтармен келіссөзге келу арқылы ғана болуы мүмкін революцияның алдын ала алады. Ал наразылық танытқан азаматтарды жаппай полиция мекемесіне алып кету мәселені шешпейді. Керісінше, ұшықтырады. Өкінішке орай, Қазақстандағы қазіргі билік дәл осылай өз статус квосын сақтап қалғысы келіп отыр. Бірақ осылай жалғаса берсе, Ағылшын, француз, орыс немесе америкалықтардың революциясы Қазақ жерінде қайталануына жақын тұрмыз.

Ал келесі жылы сайлауда Дариға Назарбаева «оқыстан» жеңіп шығып, билікке келіп жатса, халықтың тағаты бітті деген сөз. Оны әдейі дайындап отырғаны айқын көріне түсті. Биліктің жеке басқа табыну культін жасап, ешкімнен сұрамай Астана атауын өзгерте салуы абсурд үкімнің максимум нүктесіне жетті. Ал билік мұраға беріле жатса, халық оған енді «ТОЧНО» төзбейді.

P.S. Осыдан бірнеше жыл бұрын Олжас Құбайдергенов билікті жақтап потс жазғанда, Рақым Ошақбаев оған қарсы сыни пікірін жиі жазатын. Ал Ошақбаев өзіне жеткілікті деңгейде абырой жасап үлгергеннен кейін, билік қолшоқпарына айналып кетті. Оның Джордж Вашингтон мен Нұрсұлтан Назарбаевты салыстыра жазғаны «ақылды» экономистің ойына сай емес.

Жолдас Орисбаевтың Facebook парақшасынан