Тоқаев мырза, үкіметтің Ұлттық қорға қол салуын тоқтатыңыз!

0

Болашақ ұрпаққа арналған атауы бар Ұлттық қор болмағанда, құрыған екенбіз! Қазақстанның арамтамақ үкіметі Ұлттық қордан ел бюджетіне тағы да 1,85 триллион теңгені мақсатты бағыттарға бөлу (трасферт) жөнінде ҚР президентіне ұсыныс жолдады (төменде). Жарлықтың жобасы Тоқаев мырзаның алдында жатыр.

Еске сала кетейік, 2021 жылдың алба-жұлба бюджетін ілдебайлап жамап-жасқау үшін, президент былтырғы қазан айында Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлуге жарлық еткен еді. Мынау 1,85 трлн – сол біреуге қосымша, яғни ел экономикасын әбден тұралатқан, өздігінен тиын табуға қауһары жоқ Асқар Маминнің жатыпішер үкіметі жыл ортасына жетпей 2,85 триллионның басына су құяйын деп отыр. Есте болсын – 3 триллионға тақау бұл қаржы 25 миллиард доллардан астам жылдық бюджеттің сыртындағы шығын болмақ.

Болашақтың қорына қол салудан басқаға өресі жетпейтін үкіметтің бұл шығыны – не шығын? Белгілі тәуелсіз аналитик-қаржыгер Айман Тұрсынқаннан осы мәселені бұтарлап беруді сұраған едік. Оның ашуға толы қысқа қайырған жауабы былай болды:

«Бұның бұтарлайтын несі бар? Дағдарыста далбасалаған региондар 2020 жылы «ЖКХ» мен оның инфрақұрылымы үшін орасан зор қарыз алды, ол ақша әлдеқашан талан-таражға түсті, ал салықтың түсімі тіптен құлдырап кетті. Бюджет тыржалаңаш қалды. Міне, сондықтан үкімет сол қарызды қайтару үшін, Ұлттық қордың қалған-құтқан қаржысын тақыл-тұқыл қырнап жатыр. Финита ля комедия!».

Бірақ түптеп келгенде, бұл түк те комедия емес екен. Айман бикенің осы орайда «Фейсбукта» жазған пікіріне назар аударалық (қаз-қалпында):

«Упадок и разруха – результат безответственности всех и вся. Безответственность неизбежна при безнаказанности и беззаконии.

Беззаконие – порождение круговой поруки воровского общака, системы на основе коррупции. Коррупция – антагонист конкуренции.

Конкуренция – единственный механизм саморегулирования рынка. Рыночная экономика обречена на плановую коррупцию. Круг замкнулся. Так было в 90-х. Так происходит сегодня. Змея, глотающая свой хвост. Вырождение неизбежно. Дефолт уже случился.

К чему это? Ермурат Бапи сегодня попросил прокомментировать двойное увеличение целевого трансфера с Нацфонда в республиканский бюджет. Посмотрела – сплошной Нурлы то, Нурлы сё. В смысле дороги, ЖКХ, сети. Аж на 1,8 трлн. По мнению Rassul Rysmambetov, очередной тогызкумалак.

Совет с любовью – ищите /деньги/ в оффшорах, авось найдете. Страну спасёт лишь радикальная перемена, а не марафет».

Міне, Ұлттық қорға қол салудың қисық қисыны – осы. Ел болашағының алдындағы қылмысты қисын! Ол Қорда қалған қаржы бүгінде бір жылдық бюджетті жабуға жетпейді. Құдай сақтасын, егер пандемия тағы да былтырғыдай «періп» кетер болса, ел жыртық калошқа тақыр-таза отырады.

Бәлкім, елдің дағдарыс қорасына қамалған бүгінгі жағдайында Ұлттық қордан басқа құтқару құралы қалмаған болар, бұл да бір амалсыздың шарасы шығар деп, үдірейген үкіметтің бей-берекет әрекетін түсінгің-ақ келеді. Бірақ Қорға қол салу хабары тараған 3 мамыр күні ҚазТАГ тағы бір ақпаратты тарс еткізді:

«Елдегі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, үкімет Ұлттық қордан 19,7 миллиард теңге алу жөніндегі президенттік жарлықтың жобасын ұсынды (жолма-жол): «Выделить целевой трансферт из Национального фонда Республики Казахстан в республиканский бюджет на 2021 год (…), в том числе на: 9) охрану общественного порядка и обеспечение общественной безопасности – 19 млрд 738 млн 187 тыс. тенге… Правительство уже подписало постановление о внесении проекта указа на рассмотрение главе государства», – деп жазылған екен президент Тоқаевтың қол қоюына ұсынылған жарлықтың жобасында.

Мұндағы «қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік» – не деген сөз? Бұл – елдегі наразылық митингілері мен протестік қозғалыстарға қарсы қам жасау деген сөз! Күні өткен озбыр биліктің ғұмырын соза түсу әрекетін болашақ ұрпаққа арналған Ұлттық қордың есебінен қамтамасыз ету деген – осы! Яғни, халықтың қаржысы арқылы сол халықтың өзін езіп-жаншудың аяусыз амалы – осы болғаны деп түсінуден басқа түйсік таппайсың!

Ал енді осындай озбырлыққа қарсы халықтық қайла қылудың жалғыз амалы – бейбіт митингілердің жағдайы анау: Алматыда жиналатын жұрттың саны «пандемиялық похоронға» келетін қайғылы қауымның мөлшеріне жетпейді. Кекіліктің шашыраған тезегіндей тегеурінмен бұл бұралқы билікті өзгерту мүмкін бе?

Біз осы қашан ғана оянар екенбіз?

Ермұрат БАПИ

«DAT». 06.05.2021.