Еркін Рақышев: Ашынған халықтың наразылығы өшпенділікке ұласуда
Ел мен Жер» қоғамдық қозғалысының соңғы отырысында әлдебір комиссия құру жайлы мәселе талқыланғаны жөнінде әлеуметтік желіде еміс-еміс бір хабар тарады. Қоғамдық негізде құрылған сол комиссияның мән-мақсатын білу үшін, біз «Ел мен Жер» қоғамдық қозғалысының жауапты хатшысы Еркін Рақышевпен сұхбаттасқан едік.
– Еркін мырза, сөзді төтесінен бастайық: құрылып жатқан бұл қандай комиссия? Ел-жұрт одан қандай үміт күте алады?
– Ия, қозғалыстың төрағасы Балташ Тұрсымбаев ағамыздың басшылығымен комиссия құрылып жатқаны рас. Қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбаевтың ұсынысымен оны «Ұлттық комиссия» деп атауды ұйғардық. Мемлекеттің қауіпсіздігі үшін маңызды стратегиялық нысандар не үшін және қандай мақсатпен жекеге, шетелдіктерге сатылуда? «Бізді дағдарыстан Қытай құтқарады» деген Назарбаевтың сөздерінің астарында не жатыр? Қысқасы, сұрақ көп – жауап жоқ. Ұлттық комиссия осы және тағы басқа көптеген түйткіл сұрақтарға жауап іздеп, шешімін табуға тырысады.
– Шешім іздеген дұрыс-ау, бірақ оның құзыры мен пәрмені қалай болмақ?
– Кішігірім мекеме бола ма, мемлекет бола ма – әлдебір туындаған үлкен проблеманы шешу үшін комиссия құрылатыны белгілі. Қазір біздің елде проблемасыз сала жоқ десе де болады. Барлық салада экономикалық дағдарыс, тоқырау. Проблемаларды шешеміз деп биліктің құрған комиссиялары – көзбояушылықтың амалы. Оған мысал ретінде жақында ғана бір ай жұмыс істеп, нәтижесіз тараған Жер комиссиясын алайық. Сол сияқты Ұлттық сенім кеңесін, әкімдіктер мен мемлекеттік ұйымдардың жанынан құрылған қоғамдық кеңестерді алайық. Мұндай комиссия мен кеңестердің мүшелерін билік тағайындайтындықтан, олар ешнәрсе шешпейді. Биліктің сөзін сөйлеп, соның айтқанынан шыға алмайтыны түсінікті. Сондықтан комиссияның жұмысынан бір нәтиже шығу үшін, мүшелерін жоғарыдан емес, төменнен сайлау керек. Оның құрамына алдымен қоғам белсенділері мен халықтың өкілдері кіру керек. Әйтпесе халық не болып жатқанынан хабарсыз. Билік ойына келгенін істеп, бар байлығымызды талан-таражға салып, құпия жағдайда сатып жатыр.
– Сонда комиссияның негізгі мақсаты қандай болады? Ол немен айналысады?
– Ұлттық комиссияның басты мақсаты – туындаған проблемаларды сараптап, тығырықтан шығудың тың жолдарын қарастырып, еліміздің даму жоспарын жасау. Ол үшін алдымен еліміздегі саяси-экономикалық жағдайға толық шынайы сараптама жасалу керек.
Елімізде дарынды экономистер мен өз саласының мықты мамандары, озық ойлы білімді ұлтжанды азаматтар көп. Ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрған кезде жүрегі ұлтым деп соғатын әр азамат қандай көзқараста, қандай партияға мүше болғанына қарамай, елді, ұлтты сақтап қалу үшін, қолынан келгенін жасауы керек. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, мемлекетті дағдарыстан шығару туралы өз ұсыныс-пікірлерін айтуы керек. Құрылғалы жатқан Ұлттық комиссия ол ұсыныстарды саралап, көңілге қонымдыларын пысықтап, үкіметке ұсынатын болады. Біз ол жобаларды үкімет мүшелері мен депутаттарға көрсетіп талқылаймыз, орындалуын талап ететін боламыз. Оны орындату үшін қолымыздан келген әрекеттерге, заңды-заңсыз митингілерге шығып, тіпті аштық жариялауға дейін баратын боламыз. Себебі бізде басқа жол жоқ. Мына жалмауыз биліктің ежелгі ертегісіне сеніп, тағы бір-екі жыл отыратын болсақ, онда құримыз. Елді аштық жайлап, Қытайға құл боламыз.
– Халықты қытаймен қорқыту – өзіңіз айтқандай, даңғаза риторикаға айналып кеткен жоқ па?
– Жоқ! Біз білген соң айтамыз. Елде қалыптасқан жағдай біздің елді осындай қатерге әкеле жатыр.
Қонаев атамыз «Айналаңа өзіне табынушыларды емес, идея беретін ақыл-парасат иелерін жинау керек» деген екен. Ал Назарбаев дарынсыз оңбағандарды, жемқор ұрыларды, алаяқ шпаналарды жинап алған. Сол жағымпаз өтірікшілер мемлекетті емес, қара бастарының қамын ойлайтын, сыртқы жаулардың мүддесін қорғайтын жүйе қалыптастырған. Әр клан өз мүдделеріне лоббилық ететін заңдар қабылдап, еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Биліктің өзі де тез арада бір шешім қабылдамасақ, ел болып қалуымыз екіталай деп айтып жүр. Бірақ олардың ниеттері дұрыс болмаған соң, ешнәрсе өзгерте алмайды.
– Неге олай ойлайсыз, дағдарысқа қарсы бағдарламалар жасап жатырмыз деп, жар салып жүр ғой?
– Құр босқа, даңғаза жар салудан түк шықпайды. Себебін айттым ғой – барлық нәрсе ниетке байланысты. Бұлардың ниеттері арам. Кеше ғана Тоқаев жемқорлықпен күрес туралы «қуып кетті». Енді мемлекеттік қызметші жұмыста қателікке жол берген болса, онда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, ең бастысы – бюджет қаржысын жымқыруды, пара алып баюды көздемесе болды дейді. Тап-таза ақымақтық! Биліктің ниеті дұрыс болса, сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы том-том бағдарламалар жазып, қаулылар қабылдамай, сот тәуелсіз болу керек деп, заң қабылдауы керек еді. Болды, сонда жемқорлық тыйылады. Бірақ олар бұлай жасамайды, себебі сот тәуелсіз болса, сол күні өздерін апарып түрмеге қамайды.
Одан кейін айттым ғой – бұл билік мемлекетті дамытуды емес, оны жүйелі түрде құртып, Қытайға тәуелді етуді көздеп отыр. Назарбаев бір сөзінде азық-түлік қымбаттап, елімізде ашаршылық болу қаупі бар деп айтты. Соны ол жай айтып отыр дейсіз бе?
– Бәсе, не үшін айтуы мүмкін? Тағы да халықты үркітудің – ашаршылық қатерімен қорқытудың амалы ма?
– Әлбетте! Бұл – жоспар бойынша жасалынып жатқан ашаршылық. Солтүстік облыстардағы егін егетін аймақтағы барлық элеваторларды, астық сақтайтын қоймаларды Қытайларға сатып жіберген. Билік барлық салалар сияқты, ұн өндіру саласын да әдейі тоқырауға ұшыратып отыр. Ұнмен айналысатын 2 мыңнан аса компаниядан бүгінде жүзі де қалмаған. Барлығына салықты көбейтіп, астық тасымалдайтын тарифтердің бағасын әдейі көтеріп, қысып тастаған. Осының кесірінен көптеген диірмендер тоқтап, кәсіпорындар жабылуда. Бұның барлығы жүйелі түрде елді аштыққа ұшыратып, Қытайға тәуелді ететін жоспар. «Данышпан» Назарбаев осыны біліп айтып отыр.
Кезінде Қазақстан етпен өзімізді ғана емес, жарты одақты қамтамасыз ететін. Бүгінде еттің жартысын Аргентина мен Бразилиядан сатып алатын жағдайға жеттік. Бұл не, кездейсоқтық па? Жоқ, бұл жүйелі түрде жасалынып жатқан қастандық. Субсидияның басым бөлігі қой, жылқы, сиыр шаруашылығына емес, не үшін шошқа өсіруге бөлініп жатқаны да түсінікті. Кеше ғана ет комбинаттарының жаппай тоқырауға ұшырап жатқаны туралы да хабарлар таратылуда. Үкімет осының бәрін бір жүйеге келтіріп, заң қабылдаудың орнына заңды әр клан өзіне ыңғайлап жасап алған. Ондай заңды қылмыстық жолмен тағайындаған депутаттардың бірауыздан қолдап, қабылдайтыны түсінікті. Мемлекетті ойлап отырған ешкім жоқ, тек өздері байыса – болды.
Жақында картоп пен сәбіздің 2-3 есеге қымбаттауы да жай емес. Билік оны әдейі халықтың көңіл-күйін байқайын деп істеп отыр. Момын қазақ айтып-айтып қояды дегенге көздері жеткен соң, көп ұзамай барлық азық-түлік пен тауарларды қымбаттатады. Себебі барлығын ұрлап, шетелге 160 млрд доллардай ақша тығып, енді айлық пен жәрдемақы беруге ақша таппай қиналуда. Оның үстіне 160 млрд доллар қарызымыз тағы бар.
– Сол қарыздан халықтың мүддесі есебінен құтылу үшін, жерді саудаға салмақ болған ниетін де білдік…
– Иә, билік жерді Қытайға сатуға жанталасқанын көрдіңіздер. Мәжіліс депутаттары жерді 25 жылға шетелдіктерге орман өсіруге деген сылтаумен жалға беруге болады деп, қабылдап қойған заңды қоғам белсенділері мен халықтың наразылығынан кейін қайтарып алуға мәжбүр болды. Сол кезде Балташ ағамыз басшылық ететін «Ел мен Жер» қозғалысының белсенділері Жер кодексіндегі жерді шетелдіктерге жалға беруге болады деген 38-бапқа өзгерістер енгізіп, ұсыныстар жасады. Сол ұсыныстарды Жер комитетінің мамандарымен талқылап, орындалуын талап еттік. Осының бәрі бізге үлкен сабақ, тәжірибе болды.
Проблеманың шешілуінің ең тиімді жолы – билікті құр сынап, айқайлай бермей, өз ұсыныс-пікіріңді айтып, соны табанды қорғау екенін түсіндік. Ең бастысы – өз ұсынысыңды дәлелдеп, соған биліктің көзін жеткізе алсаң, қалғаны «техникалық іс» демекші, халық қолдап жатса, шешіледі екен.
Жерге қатысты әлі де шешілмеген проблемалар көп. Солардың бірі – 1,5 миллионнан аса адам 10 сотық жер ала алмай, кезекте тұр. Билік үй салатын бос жер жоқ дейді. Біз ол жерлердің қайда бар екенін білеміз және соны мұқтаж жандарға алып беру үшін, өз ұсынысымызды даярлап жатырмыз.
Одан кейін үкімет кезінде халықтың пайға алған жерлерін алдап алды да, халықты жерсіз қалдырды. Халыққа қарсы қабылданған осы заңнан кейін ауыл-аймақтың барлық жерлерін бір-екі адам ғана иеленіп, қалған мыңдаған ауыл тұрғынының не егін егетін, не мал бағатын жері жоқ. Халыққа қарсы жасалынып мұндай жатқан қиянатқа тез арада тоқтау салып, проблеманы шешетін заң қабылдау керек. Біз осы және жерге қатысты тағы басқа ондаған проблемалар туралы өз жобаларымызды билікке ұсынуға даярлап жатырмыз.
– Еліміздің дағдарысқа ұшырап, болашағының бұлыңғыр болуына билік кінәлі деп, жалпылама айтып жүрміз ғой…
– Жоқ, жалпылама емес, ең бірінші кезекте сол биліктің басында 30 жыл отырған Назарбаев кінәлі! Ол бұл жауапкершіліктен құтылмайды!
Одан кейін, осындай қиын жағдайға тап болып, Қытайдың ықпалына түсуімізге зиялы қауым өкілдері де кінәлі деп ойлаймын. Аңғал қазақ биліктің мақтанып, жалаң ұранға негізделген бағдарламаларына, дамыған 30 елдің ішіне кіріп, гүлденіп, нұрланып кетеміз дегеніне сеніп қалды. Ал халыққа ақыл айтқыш, өздерін зиялы қауымбыз деп санайтын топ осының бәрін көріп, біліп отырды, бірақ қорқақтығы мен екіжүздігінен түк білмегенсіп, бұғып қалды. Биліктің халыққа жасаған қиянатын көрмей, ұры-жемқорларды қолдап отырды.
Орыстың «Не бойся друзей, в худшем случае они могут предать тебя. Не бойся врагов, в худшем случае они могу убить тебя. Бойся равнодушных с ихнего молчаливого согласия происходят и убийства, и предательство» деген сөзі бар. Көрдіңіз бе, немқұрайлықты сатқындыққа теңеп отыр?!
– «Халыққа сатқындық жасадым-ау!» деп, қиналып жүрген зиялыны көрдіңіз бе?
– Ұлттың мұң-мұқтажын жоқтап жүрген, саусақпен санарлық бірен-саран зиялы бар. Бірақ олар өте аз. Ал зиялысымақтылар биліктен сый-сыяпат алғандарына мәз болып, ары мен намысын сатты. Нәтижесінде жемқор биліктің ашкөздігінен, оқыған-тоқығаны мол, бірақ ұлтқа жаны ашымайтын зиялысымақтықтардың немқұрайлығынан еліміз алапат дағдарыстың алдында тұр.
Халық сеніп, үміт артқан бүгінгі биліктің дағдарыстың алдын аламыз деген реформалары да кезекті алдау мен ақша ұрлау болып тұр. Бірақ билік бір нәрсені – халықтың сеніміне ие болмай, дағдарыстан шыға алмайтынын, экономиканы көтере алмайтынын біліп жүрсін. Бүгінде билікке ашынған халықтың наразылығы өшпенділікке ұласуда. Егер билік тез арада қателігін мойындап, шынайы реформа жасап, халыққа бет бұрмаса, онда бір төңкеріс болатыны анық. Таңдау – биліктің өзінде. Бұрынғыдай алдап, өтірік айтып, халықты ақымақ санауды тоқтату керек! Нағыз ақымақ – биліктің өзі.
– Ереке, біраз сұрақтарға жауап бердіңіз. Енді «Ел мен Жердің» атынан халыққа не айтасыз? Осылай, күніміз не болады деп, тосып отыра беру керек пе, қалай ойлайсыз?
– Еліміз алапат дағдарыстың алдында тұрған кезде үндемей отыра берсек, елімізден де, жерімізден де айырылатын түріміз бар. Осыны көріп, біліп, үндемей отыру – болашақ ұрпақтың алдында кешірілмейтін күнә, керек десеңіз – қылмыс! Марк Твен: «Егер азамат өз елінің саяси киімінің тозғандығын көре тұра, оны тозды деп айтып, оны жаңартуға атсалыспаса, ол өз отанының сатқыны», – деген екен.
Сол айтпақшы, бауырлар, ел басына күн туған осындай қиын сәтте үнсіз отырмаңыздар! Ел үшін, жер үшін күресіңіздер! Біз сіздерді митингіге шығып, билікті төңкеріп тастауға шақырып отырған жоқпыз. Бізге сіздердің ақыл-кеңестеріңіз, ұсыныс пікірлеріңіз, елімізді тығырықтан алып шығатын тың жобаларыңыз қажет. Елдің ішінде өз ой-пікірі бар, өз саласының мықты маманы, ұлтқа жаны ашитын білімді азаматтар көп. Менің сөзім соларға арналады. Жоғары оқу орындарының мұғалімдері мен кәсіпкерлерге, түрлі лауазымды қызметтерде істеген айтары бар азаматтарға арналады. Халық болып, мемлекетті дағдарыстан шығарып, жарқын болашақтан бастайтын бағдарлама жасайық. Әр саланың кемшіліктері мен қателіктерін анықтап, елімізді дамытудың жоспарын жасайық.
– Ал безерген билік сіздер жасаған жоспарды құлағына қыстырайын деп отырған жоқ па?!
– Егер қоғамдық бастаманы қолдайтындар нөпірі қалың болса, билік тыпыр ете алмай қалар еді… Өкінішке орай, «сендер кімсіңдер, кім сендерді тыңдайды?» деп, бізді сынайтындар табылады. Митингіге шығып, билікті төңкеріп тастайық дейтін популист «батырсымақтар» да табылады. Бірақ мықты болсаңдар, бүгінге дейін жасамадыңдар ма сол төңкерістеріңді, бізді сынағанша. Біздікі де билікпен күресудің бір тәсілі. Сол үшін, ағайын, бірігіп тығырықтан шығатын жол іздейік. Өз ұсыныс-жобаларымызды билік өкілдерімен отырып талқылайық. Өз ұстанымызды дәлелдеп, қорғап қалайық. Біздің мақсат – алауыздықты қойып, мына жүйені халыққа бет бұрғызу немесе өзгерту.
Уақыт өте біздің жасайын деп отырған бағдарлама дені сау, сапалы ұлт қалыптастырып, өркениетті дамыған ел боламыз деген ұлттық идеологияның негізін қалайды деп үміттенеміз. Алаш қайраткерi Мұстафа Шоқай «Ұлтшылдық идеясы – халықтың жаны мен жүрегi. Ұлтымыз өмiр сүрсе, ол да өмiр сүредi», – деген екен. Сол айтпақшы, біздің жасағалы отырған халықтық бағдарлама болашақта өркениеттi, дамыған қазақ елiнiң iргетасын қалайды деп сенеміз.
– Ендеше сеніміңізге селкеу түспесін! Сұхбатыңызға рақмет!
Айсұлу ОСПАН,
«DAT».
01.07.2021.