#CancelElbasy. Алматыда экс-президент Назарбаев жайлы баннер ілінді

0

1 желтоқсанда, елде Тұңғыш президент күні, Алматыда белгісіз біреулер «Адам атына 47,3 млрд теңге жұмсады» деген жазу бар баннер ілді. Нұрсұлтан Назарбаев көшесінің бойындағы ұзындығы он метр баннерде #qazaqkoktemi және #cancelelbasy хэштегтері жазылған.

Акция ұйымдастырғандардың кім екені белгісіз, бірақ 1 желтоқсан күні таңертең Rukh2k19 оппозициялық белсенділер тобы Instagram желісінде баннер суретімен жазба жариялады.

Rukh2k19 парақшасындағы жазба авторлары «2019 жылы 23 наурызда үкіметтің халық пікірімен ескерместен Қазақстан астанасы мен орталық көшелерінің атын өзгерткенін ұмытқан жоқпыз. Түрлі дерек бойынша, Назарбаев атын «жұрт жадынан өшірмеуге» 47,3 млрд теңге жұмсалған. Бұл күнді Назарбаев пен оның нөкерлері мереке ретінде тойлап жатқанда ел азаматтары оның жеке басына табынуға қалай нүкте қоюға боларына бас қатырып отыр» деп жазады. Rukh2k19 авторлары «әрбір қазақстандық мемлекет ісін реттеуге қатысуға хақы бар» деп есептейді және «жұрт құқығы мен еркіндігі сақталуы тиіс» деп санайды.

«Ортақ үйімізде заң алдында бәрі бірдей. Сондықтан «[Қазақстанның тұңғыш президенті] – Елбасы жайлы» заңның күші жойылуы керек» – деп жазады белсенділер.

Қазақстанда 1 желтоқсан Тұңғыш президент күні мемлекеттік мереке саналады. Сынаушылар бұл күнді елді 30 жыл басқарып, былтыр президенттіктен кеткен, бірақ билікке ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың «жеке басына табыну көрінісі» санайды. Жақтастары бұл датаны «экс-президентке құрмет белгісі» деп есептейді.