Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап не өзгереді

0
435
Сурет: https://malim.kz/

2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап қазақстандықтардың өмірінде қандай өзгеріс болатынын Sputnik Қазақстан жазды.

Бірінші желтоқсанда Қазақстанда тұңғыш президент күні тойланады. Биыл елордада дәстүрлі отшашу болмайды, алайда қоғамдық көлік пен сауда орталықтары жұмыс істейді.

Түркістан әуежайына алғашқы ұшақ қонады

Түркістанның жаңа халықаралық әуежайы алғашқы әуе рейстерін 1 желтоқсаннан бастап қабылдай бастайды.

Бұл тәуелсіз Қазақстанда құрылысы «нөлден» бастап салынған алғашқы әуе айлағы.

Бірінші желтоқсанда Нұр-Сұлтаннан Түркістанға, ал 5 желтоқсаннан бастап Алматыдан рейстер басталады.

Елорда вокзалындағы 15 минуттық тегін тұрақ

1 желтоқсаннан бастап «Нұр-Сұлтан 1» вокзалының тұрақ аумағында көлікті тегін қою уақыты 15 минутты құрайды. Әрі қарай тұрақ ақылы болады. Бұрын тегін тұру уақыты 30 минут болды.

Ақыны nsparking.kz мобильді қосымшасы, www.nsparking.kz сайты, QIWI/Kassa24 төлем терминалдары, Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы, сонымен қатар вокзал ғимаратының бірінші қабатындағы паркоматтың көмегімен төлеуге болады.

Петропавлда электронды билет іске қосылды

2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Петропавлда қоғамдық көлікте байланыссыз төлем әдісі пайда болады.

Электронды билеттер біртіндеп жүргізіледі. Бастапқыда жүйе «27», «16», «26м», «6» автобустарында іске қосылады.

42 500 теңгеге өтінім қабылдау аяқталды

Аудандық (қалалық) штабтар 2020 жылдың 1 желтоқсанына дейін 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем тағайындау туралы шешімді қайта қарауға өтініш қабылдады.

Шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысынан айырылған жандарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бір реттік әлеуметтік төлем төленген еді.

Ағашты кесіп тастайтын компаниялар тізімі жарияланады

Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасы 1 желтоқсаннан бастап жасыл желектерді өз еркімен кесетін компаниялардың антирейтингі басқарма сайтында жарияланатынын хабарлады.

Бұған дейін Алматы тұрғындары орталық көшелердің бірінде өсіп тұрған ағаштардың кесілгеніне наразы болды. Қалада тоғыз емен мен төрт қарағай кесілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполис әкіміне мұқият тексеру жүргізуді тапсырды.

Қызылордада жаңа аурухана ашылады

Қызылордада 200 орынға арналған модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова медициналық мекемені 1 желтоқсанға дейін пайдалануға беру жоспарланып отырғанын хабарлады.

Тоқаевтың тапсырмалары

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 желтоқсанға дейін үкімет пен Ұлттық банкке өңірлерде бөлінетін қаражатты тиімді игеру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырған болатын. Президент қаржының бөлінуіне байланысты «өз» компанияларына келісім-шарттар беру қайталанбауы керек екенін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, қаражаттың бір бөлігі шағын несиелеуге бөлінуі керек.