Басшысын жамандаған ел оңбайды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Ататүрік арақты көп ішіп ауырып, президенттік мерзімінің соңында ел басқаруға шамасы жетпей кеткен ғой өмірден.

Араққа құмарлығынан бөлек басқа да кемшілігі көп болған. Бірақ, түрік xалқы Атаүріктің жамандығын жасырып, жақсылығын асырып көрсетеді. Одан түрік ұлты ұтылған жоқ! Әлемдік деңгейдегі лидер түріктен, бізден шықты деген аты қалды.
Елбасының қандай деңгейдегі саясаткер екеніне тариx бағасын бере жатар. Бірақ, өз заманында Орта Азияның барлық президенттерінен жоғары тұрды. СНГ аумағында беделі зор басшы болды. Бұл факт! Осындай басшыны биліктен кеткеннен кейін де шұқылап, өткен-кеткенін қазбаламай түріктер секілді жамандығын жасырып, жақсылығын асырып көрсеткеннен қазақ ұтылмайды!!!

Мен қазақтың араны ашылып кеткендей әсер алудамын. Елбасының президент кезіндегі саясатының кемшілігін өзім де ашық жазып жүрдім. Бұдан да жақсы болса деп кемшілікті жаздым. Бірақ, біз өлетін жерімізді, бір тоқтамға келуіміз керек нүктені білуіміз керек! Кететін адам кетті. 30 жыл ел басқарып билік транзитінің Қазақстандық үлгісін көрсетіп әдемі кете білді. Отанымыз үшін қажетті қадамды жасады. Кім не десе де биліктің транзиті басталды! Осымен анау да мынау әңгімені доғарып аман-есен елдің тыныштығында келесі президенттің сайланғанын тілейік. Улап-шулай берудің қажеті жоқ.

Кешеден бері жазылған посттардың мағынасы мынаған саяды:

  1. Тоқаев неге Елбасына жағынып сөйлейді. Енді ант беру рәсімінде 30 жыл ел басқарған кісінің алдында бетінен жұлып, кемшілігін тізіп, Трамп секілді сөйлеуі керек пе?.. Бұл ресми төрен сайлауалды дебат емес. Өз еркімен кетіп, билікті ұстатқан тұңғыш президенттің атқарған еңбегін атап өтті. Дұрыс та істеді. Қандай президент болса да Қазақстанның тұңғыш президенті! Сый мен құрметке бөлеп шығарып салу ұлт екенімізді, саяси мәдениетімізді көрсетеді.
  2. Астана атын “Нұрсұлтан” деп өзгертті деген посттар жазылуда. Кезінде Сталинград, Ленинград деген қалалар да болған. Заманы келгенде атауы қайта ауысты. Тұңғыш президенттің Астанаға сіңірген еңбегін 20-30 жылдан кейін келесі буын бағалап дұрыс деп тапса атауын қалдырар. Дұрыс деп есептемесе қайта Астана атына көшірер. Шешім қабылданды. Қазір бұл тақырыпты сылтау қылып көшеге шығасыз ба не істейсіз?.. Қырылысып жатудың қажеті жоқ. Тыныштықты ойлап бірлікте болғанымыз абзал. Тариxқа қарасаңыз өміршең шешімдер өз күшінде қалып әкімшілік күшпен қабылданған дүниелер уақыты келе өзі де жойылып отырған. Сондықтан ең дұрысы бұл тақырыпты тариx таразысына беру.
  3. Кейбір пікірлер жүйе өзгермейді. Қауіпсіздік Кеңесі, “Нұр Отан” арқылы бар билікті өз бақылауында ұстайды дегенге саяды. Негізі келесі президент сайланғанша, жаңа президент өз билігін мойындатып, оң солын танығанша Елбасының саяси өмірдегі белсенділігі мен ықпалы қажет-ақ. Бірақ, бұл да уақытша нәрсе. Бәрібір бұрынғыдай бір кісінің аузына қараған саяси жүйе енді болмайтыны анық. Қазақстанның таңдаған билік транзиті Сингапурдың президенті Ли Куан Ю-дың жолына ұқсайды. Ли мырза да 30 жыл ел басқарып биліктен кетіп “Аға кеңесші” деген атақпен ақыл-кеңесін беріп, Сингапур саяси өмірінде өз орнын сақтап қалды. Аналайын-ау, Елбасындай беделі бар кісі транзит кезінде тізгінді қолында ұстамаса қазақтар ырду-дырдуымыз шығып жыл он екі ай айтыса беретін ұлтпыз ғой. Мойындайықшы осыны! Сырттағы, ел ішіндегі олигарxтарың ертең-ақ тоз-тозымызды шығарып, елді жік-жікке бөліп шыға келуі әбден мүмкін.

P.S. Жалпы, біз xалық болып өлетін жерімізді, аталы сөзге тоқтайтын нүктемізді білуіміз керек! Елбасы кетті. Бұл факт! Билік транзитін у-шусыз өз қолымен іске асырғаны бәрімізге қажет. Осымен тоқтайық!!!

Бауыржан СЕРІКБАЕВ

Загрузка...