82-дегі Олжастың партиясы 10 пайыз дауыстан дәмелі
Олжас ақсақал партия құрғалы жатыр. Анау-мынау емес, саяси партия. Партияның атауы – «Жасыл әлем». Экологиялық проблемаларды көтеретін партия. Бұл туралы «Forbes.kz» жазып хабарлады. Бүгін сол туралы жазамыз.
Жуырда «Байтақ – Болашақ» экологиялық бірлестігі Алматыда жиын өткізбек көрінеді. Сөйтіп, сол жиында су жаңа партияның құрылатыны хабарланбақ болған. Ұйымдастыру комитеті мен оның мүшелері де сол жиында айтылмақ еді.
Партия құру идеясының авторы ақын – Олжас Сүлейменов. Әлі құрылмаған партияның жарғысы мен алдағы жұмыстарының стратегиясы да дайын көрінеді. Алайда 18-наурызға белгіленген жиын туралы тұшымды ақпарат таба алмадық. Жиынның өткен, өтпегендігі тағы белгісіз. Партия құрылады деген ақпарат тағы жоқ.
Содан біз ақпараттың анық-қанығын білмек үшін белгілі эколог Азаматхан Әміртайға хабарластық. Партия құрыла ма, жоқ па, тәптіштеп сұрап білдік.
Азаматхан Әміртай, «Байтақ – Болашақ» экобірлестігінің жетекшісі:
— Кешегі жиынды біз сәуірге қалдырдық. Сәуір айында негізгі форум өтеді. Осы жолы аймақтардан адамдар келуі керек еді. Толық келмей қалды. Ол жерде протокол түзіліп, әділет басқармасына өткізілуі керек қой. Соған байланысты, біз кешегі жиынды кейінге шегердік. Оның үстіне қазір мейрамдар басталып кетті.
Партияны құру – жалпы экологтардың идеясы. Экология саласында ең беделді кісілердің бірі – Олжас Омарұлы. Осы уақытқа дейін экологиялық проблемалар туралы үлкен мінберлерде айтып жүр. Өзі ақын. Сондықтан, ол кісінің беделі, ол кісінің экологияға сіңірген еңбегін ескерсек, ол кісі де бастама көтерді деп айта аламыз.
Партияның құрылуына қатысты әртүрлі пікірлер айтылады. Айта берсін. Біздің негізгі мақсатымыз – Қазақстанның экологиялық проблемаларын шешу.
Өзіңіз білесіз, кешегі анау Жайықтағы балықтардың қырылуы бар, қалалардағы ауаның ластануы бар, тамақ өнімдерінің табиғи еместігі бар, жануарлар әлемінің апатқа ұшырауы бар, айта берсің мысал көп… Біз осылармен айналысамыз.
Мысалы, қазір солтүстік облыстарда қасқыр жоғалып кетті. Бұл проблема ма — проблема. Айта берсең көп. Сондықтан, негізгі айналысатын контеніміз – экологиялық проблемалар.
Әрине, партия болған соң, Парламентке, Мәслихатқа баруымыз керек. Мәслихатқа сайлауға қатысуымыз керек. Қазір ол жаққа партиялық жүйемен ғана баруға болады. Ал біздің Қазақстанға экологиялық мәселелерде лобби болатын партия керек. Онсыз экологияны қалай қорғайсың?! Одан басқа жол да жоқ. Парламентте экологиялық мәселелердің лоббиін күшейту керек.
Сол болатын сайлауда біз, экологтар кемінде 10 пайыз дауыс жинаймыз деп ойлаймыз.
Әрине, партияны тіркеу үшін 40 мың қол керек. Шындап келсек, оны жинай салу түкке тұрмайды. Бізде «Семей-Невада» қозғалысы бар, бізде экологиялық алянс бар, бізде барлық жерлерде филиалдар бар, бізде инфрақұрылым бар. Сондықтан ол 40-50 мың қолды жинау бізге қиындық тудырмайды.
Бұл жерде ең бастысы тіркеуден өту керек. Тіркелмеген партия болмайды. Біреулер жүр ғой «тіркелмеген партия» деп алаулатып-жалаулатып. Тіркелмеді ме, демек ол партия емес. Ол – қоғамдық ұйым. Бізге заңды жұмыс жасау үшін тіркелу керек. Сол кезде біз сайлауға, тағы басқаға қатыса аламыз.
Фейсбукте жалау ұстап шыға келгендерді сөз етудің өзі артық.
Бұл жерде ғой, Нұргелді бауырым, заң бар. Заңнаманы алсаңыз, саяси партия түрлері деген бар. Сонда партия құрудың барлық этаптары жазылған. Онда нақты талаптар бар. Соны орындау керек. Біріншіден, аймақтарда бастама көтерген ұйымдар мен топтар болуы керек. Одан кейін ұйымдастыру комитеті құрылуы керек. Ол комитеттің барлық құжаттары, протоколдар әділет басқармасына өткізілуі керек. Олар әрбір адамды тексереді. Онда да талаптар бар. Басқа партияға мүше болмауы керек, жасы 18-ден асуы керек, т.б. Осының барлығынан өткеннен кейін 40 мың қол жинау үшін 2 ай уақыт береді. Әрі қарай сьез өтукі керек. Әр аймақта жиындар өтуі керек. Ол үлкен жұмыс. Ал енді фейсбукке шығып сөйлей бергеннен партия құрылмайды. Ол пиар ғана.
Шынында жұмыс жасауың керек. Егер шындап жұмыс істемесең, онда мүлдем істеме.
Бізде қазір 1000 адамның тізімі бар. Бұлар делегаттар. Біз оның барлығын жасап қойдық.
Мен сізге эколог ретінде айтайын, Байқоңырдың экологиялық проблемасы – ол ең басты проблема емес. Одан да үлкен проблемалар жетіп жатыр. Алматы қаласының ауасын алып қараңыз. Ауа жоқ қой. Алматыдағы әрбір екінші бала аллергиялық аурумен туылып жатыр. Мысалы Ақтаудың тап қасында 500 млн тонналық химиялық қалдық төгілетін қойма бар. Ол кеңес одағы кезінен бері тұр. Әлемдегі ең үлкен қалдық қоймасы. Кезінде жапондар сұраған. Осындай проблемалармен айналысу керек.
Бір ғана Байқоңыр айта бермеуіміз керек. Байқоңыр 1 жылдың ішінде жабылады. Қазірдің өзінде ол жерден кетіп жатыр. Адамдардың ойын сол жаққа бағыттау үшін әдейі манипуляция жасайды. Сіз қай жерде тұрып жатсыз, сол жердің экологиялық проблемаларын алып қараңыз. Оның зардабын сіз, сіздің бала-шағаңыз көріп отыр. Бұл өте үлкен мәселе. Айдаладағыны неге айта береміз…
Әрине, гептилді айту керек. Ол радиоциялық мәселе. Ол үлкен мәселе. Ауызбен сөйлеп қоя салмау керек. Жұмыс жасау керек. Аймақтаремн жұмыс жасау керек. Тіркеуден өткізе ме, жоқ па ол да мәселе. Көре жатармыз…
Осыдан бір ай бұрын, мен Мелс ағаға барып, осындай партия құрайық деп жатқанымызды айттым. Бізбен бірге болуға шақырдым. 1 аптадан соң, өзі баспасөз жиынын өткізіп, партия құратынын мәлімдеді. Ертесінде хабарласып, айтып жатыр. «Жақсы болған екен, аға» дедім. Бәріміз экологпыз ғой. Барлығымыз жұмыс жасай берейік. Ол кісі 25 жыл бойы айтып келе жатыр ғой. Әлі құрған жоқ. Еңбек ету керек. Бізде телефонмен пікір айтып, эксперт болып отырған адамдар жетеді.
Тақырыпқа тұздық.
Біле жүріңіз. Қазіргі уақта біздің елде 6 саяси партия заңды тіркеуден өткен. Олар – Нұр Отан ХДП, Ақ жол ХДП, Бірлік партиясы, Ауыл партиясы, ҚХКП, ЖСДП.
Қазіргі уақта Парламент Мәжілісінің алтыншы шақырылымы жұмыс жасауда. Алдыңғы сайлау 2016 жылы өткен еді. Нәтижесінде Мәжіліске 3 партия «допуск» алды. Ал біздегі кесіп-пішілген меже – 7 пайыз.
Биліктегі доминатты партия саналатын Нұр Отан сол сайлауда 84 пайыз дауыс алды. Ал Ақ жол мен ҚХКП әрқайсысы 7 пайыздан бөлісті.
Жалпы «Жасыл әлем» соңғы жылдары құрылайын деп жатқан алғашқы партия емес. Осыған дейін де партия құруға талпыныс жасаған азаматтар болды. Енді солардың біразын еске түсіріп көрейік. Соңғы 5 жылды алайықшы…
2015 жыл. «Бірлескен көп ұлтты «Әділет» партиясы» (Справедливость). Құрушылардың бірі – Олеся Халабузарь. Тіркелген жоқ. Тіпті құрылған да жоқ.
2015 жыл. «Жасылдар» партиясы. Құрушы – Мелс Елеусізов. Партия құрылған жоқ.
2015 жыл. Қазақстанның аграрлық партиясы. Қазақстанның фермерлер одағы осындай бастама көтерген еді. Бұл бастама да аяқсыз қалды.
2018 жыл. «Жаңа Қазақстан қозғалысы». Құрушылар – Әміржан Қосанов, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Серікжан Мамбеталин, Ермұрат Бапи, Дос Көшім. Қазіргі уақта тіркелу процессі жалғасуда.
2018 жыл. «Алаш» партиясы. Сырым Әбдірахманов деген белсенді азамат осындай атаумен партия құрмаққа бекінді. Бұл жолы да жаңа партия құрылған жоқ.
2019 жыл. «Наше право» партиясы. Құрушы – Санавар Закирова. Тіркелмеген партияның өтпей қалған құрылтайы туралы да ақпарат тараған еді.
2019 жыл. Бақытжан Көпбаевтың «Интернационалистер» партиясы. Белгілі блогер Бақытжан Көпбаев деген адамның да партия құрмақ ойы туралы айтылды.
2019 жыл. «Жасылдар» партиясы. 68 жастағы Мелс Елеусізов бұрын құра алмаған партиясын қайта құру туралы мәлімдеді.
Жалпы Қазақстанынң қазіргі саяси өмірінде партия құру мүмкін бе?
Қазіргі уақта 6 саяси партия ресми тіркелгенін жоғарыда айттық. Сол секілді 11 партияның жұмысын тоқтатқан.
Олар – Қазақстанның аграрлық партиясы, Қазақстанның коммунистік партиясы, Әділет партиясы, Қазақстанның азаматтық партиясы, Қазақстанның халық конгрессі партиясы, Патриоттар партиясы, Республикалық-халықтық партия, Асар партиясы, Республикалық партия, Социалистер партиясы мен Руханият партиясы.
Бұған қоса – Хизб-ут-тахир-әл-Ислами партиясы мен Алға партиясына Қазақстанда заң жүзінде тыйым салынған.
Түйін. Жоғарыдағы ақпараттарды көрдіңіз. Елдегі саяси ахуал осындай. Жыл сайын екі-үш белсенді топ шығып, партия құрмақ болғанымен, олардың ешбірі әлі заңды тіркелмеген.
Тіркелген — алты-ау. Олардың үшеуі парламентте. Ал қалған үшеуі сайлау науқаны басталғанда ғана тіріліп тіршілік еткен түр жасағанымен, қалған уақытта қалың ұйқыда.
Олжас Сүлейменов ақсақал да айналасына экологтарды жинап, жаңа партия құрмақ көрінеді. Ақсақал биыл 82 жаста. Қазақстанның Еңбек ері. 1991 жылы Қазақстан конгрессі партиясын басқарған. Кейін ол партия жабылып қалған еді. Бірақ, Олжас ақсақал онда да жұмыссыз қалған жоқ. Италияда, Грекияда, Мальтада Төтенше және өкілетті елші болып жұмыс жасаған.
Енді міне, 82 жасына қараған шағында ақсақал атына қайта мінген секілді.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz