Құрбан айт, Ораза айт, Рамазан айы құттықтаулар – Қазақша тілек-құттықтау

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Құрбан айт, Ораза айт, Рамазан айы құттықтаулар

Айттарыңыз қабыл болсын,

Бар жақсылық тамылжысын.

Ұлы Алла жарылқасын,

Жақсы етсін қарымтасын.

Жақсы тілеу үзілмесін,

Жемісі мол күзін берсін.

Есіктерің ашық болсын,

Ыдыстарың асып толсын.

Айттарыңда Қыдыр Ата,

Жақсылығын, шашып келсін.

Отбасыларың аман болсын,

Бейбітшілік заман болсын.

Бар қызықты ел жұртыңмен

Көретұғын шамаң болсын Әмин,

…….

Алла тағала рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, өзімізге иман байлығын бергей! Әумин!

…….

Құрметті мұсылман бауырлар мен отандастар!

Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін. Әрбір отбасына бақыт, береке қонғай! Көп ұлт пен ұлысты Отанымызға бірлік пен ынтымақ бергей!Жаратушы иеміз сүйікті Қазақстанымыздың мерейін үстем етіп, халқымыздың ауыз бірлігін арттыра бергей!

…….

Ата-анаңды пір тұтып, мақтан,

Күндерің болсын, күн нұрын шашқан.

Қыйналған кезде, қол беріп Қыдыр,

Таңдарың болсын, арайлап атқан

Сақтасаң деген, сақтаймын,-деп еді

Алла Жамандық етер, жиынға барма,

Жалқаулық адам, жауы деп ұғып,

Ата-анаңа, ауырлық салма.

Түнде жорытқан, ұрыдан сақтан

Қара жүрек, қудан сақтан,

Адал ойды лайлайтын,

Өтірікші зудан сақтан

…….

Барлықтарыңызды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, ниеттеріңіз қабыл болсын демекпіз. Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта берсін. Отанымыз аман, жұртымыз тыныш, барша Қазақстан азаматтарының ынтымақ-бірлігі берік болғай!

……..

Он сегіз мың ғаламды

Жаратушы бір Аллаһ.

Әуелі Аллаһым бір Аллаһ.

Тілегімді қабыл ет.

Ісімді Аллаһ қолдасын

Періште болсын жолдасың.

Батамыз біздің пәк болсын.

Жанұяңа бақ қонсын.

Дастарханың асқа толсын.

Мың бір атты пәледен Аллаһ сақта.

Жүз бір атты қатерден сақта.

Тілдінің тілінен сақта

Көздінің көзінен сақта.

Кезенгеннің кезінен сақта

Жер бетіндегі пәле-жаланың

Бәрінен Аллаһ сақта.

Бақ қонсын, береке келсін,

Өшпес дәулет орнасын.

Үйдегіні үйде сақта Аллаһ

Түздегіні түзде сақта Аллаһ

Айдан аман ет.

Жылдан есен ет.

Жаратушы жан Ием

Әрқашанда сізді сақ қылып

Кедергі мен кеселден

Бір Аллаһ сізді пәк қылып

Ниетіңді адал, пейіліңді ақ етсін.

Мен бердім бата

Қабыл етсін бір Аллаһ!

Әумин! Аллаһу Әкбар!

…….

Елімізді жаусыз ет,

Дұшпандарды елсіз ет.

Ұл-қызымды, мінсіз ет.

Бейбітшілік заман болсын,

Отбасыларың аман болсын.

Ұл-қызыңның болашағын,

Көретұғын шамаң болсын.

Дендеріне саулық берсін,

Несібеңді молғып берсін.

Жақсылықты жаршы етіп,

Ұлы Алла жарлық берсін.

Болсын аман туыстарың,

Жаман іске жұғыспағын.

Болмашыға өкпелесіп,

Достарыңмен суыспағын.

Мен тілеймін оңдасын деп,

Ұлы Алла қолдасын деп.

Осы отырған барлығыңа,

Еш жамандық болмасын деп.

Көл – көсірғып елге бақ бер,

Әрқайсыңа ұзақ жас бер.

Қосылсаңдар қол жайыңдар,

Қабыл болсын, АллаҺу Әкбар!

……

Баршамызды мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да – Рамазан.

……..

Кигенің кір болмасын,

Маңдайың тер болмасын,

Аллаһ ойыңда тұрсын,

Бұл оқылған аяттар Ай болсын,

Сегіз пейіш ортасында

Көңілің жай болсын!

Іргенекті аралап дау жетпесін,

Еліңді аралап жау жетпесін.

Сізге бәле ойлағанның

Бәлесі өз басынан кетпесін

……

Әмин десең Алладан,

Берсін дейік қол ұшын.

Періштең кетпей айланып,

Жаман істен қорысын.

Пайғамбардың ақ жолын,

Қыдыр әкеп дарытсын,

Алтынды ерлі ақбоз ат,

Астыңда жүріп арысын.

Қиналғанда достарың

Қасыңнан әр кез табылсын.

Береке сақтап ұлдарың,

Тату өтсін абысын.

Айналаңнан кетпесін,

Жақының мен алысың,,

Дастарқаның жиналмай,

Еселеп өссін табысың.

Саған біткен мал – басқа,

Қожай, Даурен дарысын.

Әмин, АллаҺу Әкбар!

……..

Құрметті мұсылман бауырлар, қымбатты отандастар! Баршаңызға мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл – сүйікті Отанымыз үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Дәл осы айтулы кезеңде егемен еліміз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының тізгінін қолға алып, қазақтың байтақ даласының шежіре-тарихы Исламмен біте қайнасып жатқандығын дүйім жұртқа паш етуде. Осынау мәртебелі қызметте елімізге Алла Тағаладан зор абырой нәсіп етуін тілейік. Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айдың басты ерекшелігі, Алла Тағала Исламның бес парызының бірі болған оразаны осы айда ұстауды парыз етті. Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы, атқарған ізгі іс-амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады. Құдси хадисте Алла Тағала былай дейді: «Ораза тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін. Өйткені пенде Мен үшін шақуат қалауы мен ішіп-жеуден бас тартты». Үшіншіден, мың айдан да қайырлы Қадір түнінің осы айда орын алуы да – Жаратушының пендесіне тартуы. Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман адамның мойнындағы бес парыздың бірі. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деп бұйырылған. Әрине, бұрынғы өткен пайғамбарлардың үмбеттері де өз кезегінде ораза ұстап өткен. Хадис-шарифте: «Ислам бес тірекке негізделген: Алладан басқа ешбір Құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық және Рамазанда ораза тұту» деп ораза ұстау Исламның шартынан екендігін білдірсе, мына хадисте: «Кімде-кім шын көңілмен иланып, кәміл иманмен, сауабын Алла Тағаладан күтіп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі» дей келе, оразаның ұлық ғибадат екендігін сүйіншілейді. Демек, пенделікпен істеген кемшілік-қателіктерге өкініп, тәубеге келіп, сауабын Алла Тағаладан үміт ете ораза ұстаған жағдайда барша жамандықтарға кешірім болары шүбәсіз. Күнәсіз адам болмайтындығын ескерсек, ораза айы сол өткен күнәлардың кешірілуіне себеп болмақ, бауырлар! Ораза ұстаған кісіге берілетін сауапты тілмен айтып жеткізу де, сипаттау да мүмкін емес. Рамазан айы тек оразаның сауабына кенелетін емес, күнәлардың да кешірілетін кешірім айы. Жаратқан Алла ораза ұстағандарды көз көрмеген, құлақ естімеген және адамзат қиялы жетпейтін жақсылығымен марапаттайды. Адам пенделікпен өзге құлшылықты көрер көзге атақ, абырой үшін жасауы мүмкін. Алайда оразаны көрер көзге, риялықпен тұта алмайды. Оразаны Аллаға шын сенген мұсылман ғана ұстайды. Алайда ораза тек таңның атысынан күннің батысына дейін нәр татпау ғана емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ол денсаулықты сауықтыру арқылы тәнді рухани тазартады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы болады», – деп тектен-тек айтпаған. Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы бекітулі жан әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын» деген бірауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабырға келеді. Ал сабырлылықтың сыйы – жаннат. Рамазан айында құлшылығын арттырған мұсылманның әрбір жасаған іс-әрекеттеріне еселеп сауап жазылып, ризық-несібесі артады. Кімде-кім ораза ұстағанға ауыз аштырса, оның күнәлары кешіріліп, ораза ұстағанның сауабындай сауап алады, одан ораза ұстаушының сауабы кемімейді. Бірде сахабалар ардақты Елшіге (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандыруға шамамыз жете бермейді» – дегенде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауабын береді …» – деген. Сондықтан кедей-ғаріптерді бір күн болса да тойындырып, қараусыз қалған мүсәпірлердің жанынан табылсақ, Алла Тағаланың шексіз рақымына бөленеріміз хақ. Осы тұста еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды осындай ұлық Рамазан айында берілетін мол сауап үшін өзгеге қол ұшын созып, қайырымдылық жасауға, игі іс-шараларды мейлінше көбірек атқаруға шақырамын. Жұртымыз қасиетті айда Алла Тағаланың ашуы мен қаһарын тудыруға себепші арақ-шараптан, шариғатымыз тыйым салған басқа да харам іс-әрекеттерден аулақ болса деген тілегім бар. Мейрамханалар мен жиын-тойларда ішкіліктің ешбір түрі ішілмесе, дүкендерде сатылмаса. Сөз соңында айтарым, оразаның жылдан-жылға он күнге кейін шегерілуіне байланысты биыл тамыздың алғашқы күндерінен басталып, ыстық аптапқа тұспа-тұс келмек. Бұл өз кезегінде мұсылман жамағатының төзімділігі мен сабырлылығына сынақ іспетті. Шілденің аптап ыстығында ауыз бекітсек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүйіншілегендей, жаннаттағы «Райян» қақпасының есігін ашуымызға септігін тигізер, иншаллаһ! Құрметті әлеумет! Баршаңызға тауфиқты ғұмыр тілеймін. Ниеттеріңіз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын! Жүздеріңізге нұр, жүректеріңізге иман шуағы ұялай бергей! Жұртымыз тыныш, Отанымыз аман, тәуелсіз еліміздің мәртебесі асқақтап, ынтымағымыз жарасып, Алла Тағаланың құт-берекесі дари бергей!

……

Дендеріне саулық берсін

Өмірлеріңе жететін байлық берсін.

Ұл балаларын ынтымақты болсын,

Қыз балаларын гүл сияқты болсын.

Келіндерін ырысты болсын,

Айтпай білетін, білісті болсын.

Құдаларың сыйласатын болсын,

Құдағиларың сырласатын болсын.

Туысқандарын тату болсын,

Қиналсаң түсіп, атын берсін.

Көршілерің туысқандай болсын,

Жақсылығы досыңдай болсын.

Ел-жұртың қадірлейтін болсын,

Бар мәзірің алдына әзірлейтін болсын.

Ынтымағы елімнің бұзылмасын,

Берсін Алла бәріне ұзын жасын.

Ендігі жерде қиыншылық болмаса екен,

Осы ойымды бір Алла қолдаса екен.

Тілегімді қабыл ет, Иманыңды азық ет,

Барлығыңның сыртыңнан,

Қорғап жүрсін Қазірет Әмин Аллаһу Әкбар!

……..

Батасын тура жолына,

Қайыр берсін соңына.

Кіріптар етпе бір Алла,

Залымның құрған торына.

Залымдық жолға жүргізбе,

Көңілге шайтан кіргізбе,

Тәубәсіз пенде атантып,

Дұшпаныма күлгізбе.

Дұшман көңілін семіртпе,

Тұрақсыз ғылып еліртпе,

Қиямет-мақшар күнінде,

Шерманда етіп телміртпе.

Шын тұрақты тілегім,

Былғанбаса екен жүрегім,

Әшһәду әл-ләә иләһә ил-лаллаһ,

Тайаныш мықты тірегім.

Құлшылық етіп Аллаға,

Құдіретіне сенгенмін.

Мұхәммәдәр-Расулуллаһ

Сүндетіне енгенмін.

Сенімін зор Құдайға,

Құдайсыз болса ұнай ма.

Сене алмаған адамның

Жүрегі ауыр ылайға.

Алдағы өмір жарық етер,

Зырлап барып жалт етер,

Үстіндегі адамзат,

Сыпырылып, жерге жалп етер.

Топырақ басар денесін,

Сонда не күй көресің.

Ерікті Алла сұраса,

Не деп жауап бересің.

Мүмкір, мәнкір қолға алар,

Алдында сұрақ бересі.

Қырық қадам кеткен соң,

Жатқан жерден тіріліп,

Сұраққа жауап берерсің.

Бар күнәңді тартасың,

Көрешекті көрерсің.

Ғамал дәптер оң жақтан,

Берілсін деп тілейік.

Әл-ләә ил-ләлләһ деп,

Иман айтып жүрейік,

Арам істен аулуқ боп,

Дін жолымен жүрейік.

Сақтасын Алла тозақтан,

Әмин деп қол жайдым,

Осы менің тілегім.

……..

Айт күні – аса салтанатты, қуанышты күн. Әр иманды адам осы қасиетті күнге ерекше дайындалып, оны мейрамдап өткізсе нұр үстіне нұр. Мен Сіздерге әлемдегі бар жақсылықты тілеймін. Айт арабтың – “әлғид” деген сөзі – мейрам, мереке деген мағына береді. Осы айт күндерді ерекше қарсы алып айтшылайық, құрметті ағайындар. Наурыз мейрамы сияқты той-думанмен қызықтап өткізелік. Барлықтарыңызға осы қасиетті мейрамды өз үй-ішіңізбен құрметтеп өткізуге жазсын. Бұрында әжелеріміз, ана-апаларымыз бар тәуір киімдерін, шашақты орамалдарын, әшекейлі мәсілерін сандықтан, шемоданнан шығарып, түрлене киініп, үстеріне әтір шашып (ер адамдар көп түрленбейтін) қыдырушы еді. Әңгіме-дүкенменен, әзіл-ойынменен ел аралап, бір-біріне барынша сый сыйлап, құттықтап, ағайын-туыстарды жақындататын. Болашақ өмірге Аллах-Тағаладан жақсылық тілейтін. Сол көріністер әлі көз алдымда. Жаныңмен, тәніңмен сағынатын тамаша уақыт. Осының бәрі қайтып оралады, балаларымыз ұлтымыздың мейрамдары мен салт-дәстүрлерін көріп біледі, кезінде біз сияқты естеріне түсіріп сағынады деген сенімдемін. Әлі есімде, 60-шы жылдары жыл сайын бір-ақ рет Рамазан-шәріп, ораза айында Жарапазан келетін – әр жанұяға ізгі тілек айту, оразаны қолдау, қолпаштау ғой деп ойлаймын. Жарапазаншының қолында сылдырмақ таққан таяғы, таяғының басына таққан үкісі, аяғында былғары етігі, үстінде шапаны, басында ұлттық бөрігі болатын.

Жарапазан айта келдім есігіңе,

Қошқардай бір ұл берсін бесігіңе.

Мол дәулет, қайтпас ырызық бере берсін,

Шалқысын көлдәрия несібіңе.

Тәңірім қажымас қайрат берсін,

Ішсе де сарқылмайтын суат берсін.

Көңілің көпке деген шалқар болсын,

Талабың асқар таудай дарқан болсын.

Тәңірім құт береке бере берсін,

Мыңғырған мал өріске өре берсін.

Басыңнан бақ дәулетің еш кетпесін,

Дос сүйініп, дұшпаның басын исін.

Бақ қонсын, дастарқаның мол болсын,

Жолдасың қабағы ашық сайлы болсын.

Тасың өрге домалап әрқашанда,

Жанұяң бәрі ылайық жайлы болсын

…….

Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің.

Ықыласпен қол жайсаң,

Ақ тілекті төгейін.

Дастарханым мол болсын,

Абыройын зор болсын.

Көре алмаған бағыңды,

Сыңдыра алмаған сағыңды,

Дұшпандарың жер болсын.

Өмірің өрлей берсін,

Жүргенде жолың болсын.

Жолдасың Қыдыр болсын.

Аллаға ісің жақсын,

Есігің қыбылға бақсын.

Дәулетің судай тасысын,

Шаппай қылышың кессін,

Отбасың басқа толсын,

Қазаның асқа толсын,

Өрісің малға толсын.

Ел-жұртың аман болсын,

Бақытты заман болсын,

Үйіңе береке кіре берсін,

Бала-шағаң, туған-туыстарың,

Бақытты өмір сүре берсін.

Әмин, Аллаһу Әкбар!

……..

РАҚЫМ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН! Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар! Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған. Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық! Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға еткен. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат. Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген. Биыл маусым-шілде айларына тұспа-тұс келген Рамазанда ауыз бекітуге күннің ыстығы кедергі келтірмейді деп сенеміз. Себебі, оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ. Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!

……..

Күнің шуақты болсын,

Көлің суатты болсын.

Қонысың өрісті болсын,

Еккенің жемісті болсын,

Еңбегің өнімді болсын.

Әйелің жібектей болсын,

Ары түлектей болсын,

Өнерің өрлей берсін,

Өмірің төрлей берсін.

Шайың қызыл болсын,

Ғұмырың ұзын болсын,

Несібең таса берсін,

Достарың өсе берсін,

Дұшпаның аяққа баса берсін.

Ата-бабаңның аруағы қолдасын,

Ешқандай жамандық болмасын,

Үйіңе береке берсін,

Ішкен-жегеніңіз балдай батып,

Судай сіңе берсін.

Әмин, Аллаһу Әкбар!

 

Загрузка...