“Қытайдан келгендер орысша түсінбейді дегенге сенбеймін”
Алматы облысы Талғар ауданының әкімшілік соты қоғам белсендісі Салтанат Ташимова мен Алматы тұрғыны Қаныкен Атантаеваның арасында автобуста болған жанжалға қатысты шешім шығарды. Судья Мейірбекова С.Ташимованы да, Қ.Атантаеваны да әкімшілік кодекстің “ұрып соғу” бабы бойынша кінәлі деп тауып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға үкім етті, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі Malim.kz сайтына сілтеме жасап.
Автобустағы жанжал қоғам белсендісі Салтанат Ташимованың автобус жүргізушісі Қастер Серікке орыс тілінде қойған сұрағынан басталған. С.Ташимованың айтуына қарағанда, 207-автобус жүргізушісі өзінің орысша қойған сұрағын түсіне тұра, әдейі жауап бермей, сұрақты қазақ тілінде қоюды талап еткен. Алайда 207-автобус жүргізушісі Қастер Серік бұл оқиғадан кейін malim.kz-ке берген сұхбатында бір жыл бұрын Қытайдан көшіп келгенін айтып, Ташимованың сұрағын түсінбей, одан сұрақты қазақша қоюды сұрағанын түсіндірген. Оқиға кезінде автобус жүргізушісіне араша түскен жолаушы Қаныкен Атантаева мен Салтанат Ташимованың арасында жанжал туып, екеуі ұрып-соғу ісі бойынша бір-бірінің үстінен арыз жазған.
13 қараша күні бұл істі қараған Талғар ауданының әкімшілік соты Атантаева мен Ташимованы ұрып-соғу ісі бойынша кінәлі деп тауып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды. Malim.kz жанжалға қатысқан тараптарға хабарласып, сот шешімі жайлы пікірін сұрап көрді.
Ташимовамен жанжалдасқан жолаушы: Апелляциялық шағым түсірмеймін
Алматы тұрғыны Қаныкен Атантаева Malim.kz-ке берген сұхбатында өзін кінәлімін деп есептемейтінін, алайда соттың шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсірмейтінін мәлімдеді.
“Мұны жалғастыру (сотты – ред.) қажет емес. Ташимованың “мені жұлқылап сабады” дегені әлеуметтік желіде жүр екен. Мен дені сау адаммын ғой, біреуге өзімнен-өзім қол жұмсайтындай жағдайда емес шығармын. Ол мені орындығымнан сүйреп түсірді. Арандатқаны көрініп тұр. Бірақ апелляция түсірмеймін. Ол не істесе, соны істесін. Дауласып, ырылдасу дұрыс емес”, – деді Қ.Атантаева.
“Сот екеуіңізге де айыппұл салды. Сонда сіз Ташимова, Ташимова сізге қол жұмсады ма?” деген сұрағымызға Қ.Атантаева: “Енді солай болып тұр ғой. Мені ұрмаса, мен көтерілемін бе?!” деп жауап берді. “Қарсы шағым түсірмесеңіз, кінәңізді мойындайсыз ба?” деген сұрағымызға Қ.Атантаева: “Мен қалай кінәлі боламын? Ол айдаладағы азаматтың төбесінен тоқылдатып, аузына келгенді айтып, оны түсіріп, бүлдіріп, халыққа тіл тигізгені дұрыс па?” деп жауап қайырды. Қ.Атантаева 10 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды төлейтін шамасы жоқтығын айтты. “Күйеуімді Талғарға емдеуге келгенімде соған ұрынып қалдым. Қазір баламды ауруханаға жатқызып келдім”, – дейді Алматы тұрғыны.
Қаныкен Атантаеваның қорғаушысы, Алматы қалалық заңгерлер палатасының мүшесі Мейірман Шекеев жанжалда екі тараптың да кінәсі бар дейді.
“13 қараша күні сот басталмай тұрып Ташимованың адвокаты Гүлнар Жуасбаеваға хабарласып, “бітімге келейік, екі қазақтың соттасқаны ұят болады” дедім. Жуасбаева “қарсы емеспіз, бізге бірақ автобустағы видео керек” деді. Бітімге келейік деп ұсынғаным, ол видеоны көргенмін. Ол жерде Ташимованың да кінәсі бар. Қаныкен апай “Ташимова аяғымды басып кеткендіктен оны итеріп жібердім” дейді. Кейін Ташимова автобустан түседі де, қайта кіріп, апайды төмпештейді. Ташимова “мені ұра тұра өзімді жазалады” деп пост жазып, видео жариялады. Бірақ онда апайды төмпештеп жатқан жерін кесіп тастаған. Содан кейін мен сол сәт бейнеленген видеоны жүктедім. Әкімшілік істің шешімінде де Қаныкен апайдың жарақат алғаны туралы анықтама бар. Сондықтан соттың осындай шешім шығаратынын біліп, бітімге келуді ұсындым”, – дейі М.Шекеев.
Бірақ заңгер басқа процесі бар болғандықтан, кешке қалған сот отырысына қатыса алмаған. Дегенмен тараптар процесте бітімге келмеген.
“Адвокат басында бітімге келсек келейік деген. Бірақ артынан Ташимова “жария түрде менен кешірім сұрасын” деді. Сонда ол өзінің істегенін дұрыс деп тұр ғой”, – деді Қ.Атантаева.
С.Ташимова: Автобус жүргізушілері орысша түсінеді
Ал қоғам белсендісі Салтанат Ташимова сот шешімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. Салтанат Ташимова соттан оқиға жазылған видеоны сұратқан. Кейін автобус камералары жазылған видеоны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Алайда ол видео толық емес, кей жерлері кесіліп монтаждалған.
“Видеода мен оны ұрмағаным анық көрінеді. Ол мен полицейлер шақыртқанда олармен бірге учаскеге барудан бас тартты. Оны соққыға жықсам, учаскеге өзі барып-ақ арыз жазар еді ғой. Менің үстімнен арызды сол учаскеге жеткізілген соң ғана жазды. Екіншіден, учаскелік полицей сот-медициналық сараптамаға жібергенде ол бірден бармады, ал мен бірден бардым”, – дейді С.Ташимова.
“Автобустан шығып кетіп, қайта кіргенде әлгі әйелден сыртқа шығуды сұрамақ едім, өйткені полиция сыртта күтіп тұрды. Видеоның сол сәтін әдейі үлкейтіп, оны ұрмағанымды көрсеттім”, – дейді ол.
С.Ташимова жанжал автобус жүргізушісі Қастер Серікке орыс тілінде сұрақ қойғаннан басталды дейді. Оның айтуынша, жүргізушіге сұрақты бірінші мәрте қойғанда ол жауап бермеген, екінші мәрте қайталағанда “сұрақты қазақ тілінде қойсаң ғана жауап беремін” деген.
Белсенді автобустағы камералардан алынған видеода өзінің жүргізуші Қастер Серікке орыс тілінде сұрақ қойған жері қиылып қалғанын айтады.
“Полицей жүргізушіні қорғаштап жатқандай. Жүргізушінің де үстінен арыз жазуды ойланып жүрмін. Өйткені ол тасымал және тұтынушыларды қорғау туралы заңды бұзды. Тасымал туралы заң бойынша, ол аялдаманы үш тілде айтуы керек немесе автобуста аялдаманы жариялайтын құрал орнатылуы тиіс”, – деді Ташимова.
“Жүргізуші маған “сұрақты қазақша қойсаң ғана жауап беремін” деп шарт қойған соң, тікелей эфирге шығып, видеоға түсіре бастадым. Оған кедергі келтіргенім жоқ, айғайлағаным жоқ. Тыныш қана ақырын сөйлеп, түсіре бастадым. Мені айыптап жатқандар жүргізуші орыс тілін білмейтінін айтты дейді. Бірақ ол орысша түсінбейтінін айтқан жоқ. Бізде барлық ұлттар құқығы қорғалады, менің кез келген тілде сұрақ қоюға құқығым бар, ал жүргізуші сұрақ қойылған тілде жауап беруі тиіс. Заңда солай жазылған. Егер түсінбесе, “тәте, мен түсінбедім, түсіндіріңізші” десе немесе басқалардан аударып беруді сұраса болады ғой”, – дейді С.Ташимова.
Белсенді Ташимова егер жүргізуші орыс тілін түсінбейтінін қазақ тілінде айтса, оқиға жанжалға ұласпас еді дейді.
“Талдыбұлақ аялдамасы қашан?” деген орыс тіліндегі сұрақты түсінуге болады”, – дейді белсенді.
“Қазақша түсінетін сияқтысыз, осы бір ауыз сөзді неге қазақ тілінде сұрамадыңыз?” деген сұрағымызға С.Ташимова бүй деді:
“Бұл өте нәзік мәселе. Бұл жерде тіл емес, тіл белгісі бойынша дискриминация бар. Мен қазақ тілін білмейтін орыс, ұйғыр немесе ағылшын болсам ше? Ол орысша түсінбеймін демеді, қазақ тілінде сұрақ қой деп талап қойды. Адам түсінбесе, аударып беруді сұрайды. Меніңше, ол орыс тілін жақсы түсінеді, әдейі солай дискриминация жасады. Кез келген адамның, мейлі ол қазақ, мейлі ол орыс болсын, түсіндіруге құқығы бар, түсінбесе, өзі түсінетін тілде түсіндіріп беруді сұрауға құқығы бар. “Мен сізді түсінбедім” деп түсіндірген жоқ, тек өз шартын айтты. Автобус жүргізушілерінің бәрі орыс тілін түсінетінін жақсы білемін. Өйткені орыс, қазақтар автобуспен көп қатынайды. Ол кеше-бүгін туылған жоқ қой”, – дейді ол.
“Автобус жүргізушісі Қастер Серік Атажұртқа былтыр ғана Қытайдан көшіп келді. Ол орыс тілін әлі үйренбеген” деген уәжімізге белсенді: “Ол 2019 жылдан бері осында. Автобус жүргізіп, үйренбеуі мүмкін емес”, – деді.
“Бірақ елде өмір бойы тұрып, қазақ тілін үйренбегендер көп. Ол неге қысқа мерзімде үйренді деп ойлайсыз?” деген сұрағымызға С.Ташимова: “Қытайдан келген адамдар тілге өте қабілетті. Олар Қытайда өмірге бейімделуге мәжбүр болды. Сондықтан ол орыс тілін түсінбейді дегенге сенбеймін. Автобусқа кіріп келгенде “Талдыбұлаққа бара ма?” деп орыс тілінде қойылған сұрағыма ол “барады, барады” деп жауап берді. Бұл видеода бар. Демек, ол тілді жақсы түсінеді”, – деп жауап берді.
Автобустағы жанжалдан кейін Malim.kz-ке сұхбат берген Қастер Серік Ташимованың сұрағын түсінбегенін, сұрақты қазақша қоюын сұрағанын түсіндірген.
” Оқиға 24 қазан күні автобусқа көп адам мінетін кешкі уақытта болды. Салонда 35-40 адам болған. Бесағаш маңына келгенде маған бір кісі орысша сұрақ қойды. Орыс тілінде қойған сұрағын түсінбедім. Орысшалап “руский не понимаю, тәте, қазақша айтыңызшы” дедім… Орыс ұлтының өкілдері орысша сұрақ қояды, бірақ бірден “орысша білмеймін, қазақша айтайын” деймін. Орыс ұлтының өкілдерімен еш уақытта Ташимовамен тәрізді мәселе туындамаған. Қазақстанда, қазақ елінде, жерінде тұрып бір-бірімен басқа тілде тілдесуді түсінбеймін. Қалың миллиард қытайдың арасында жүрсе де, Қытайдағы қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлеседі. Ал Атажұртқа келіп қазақша сөйлеймін десем, біреулердің менен орысша сөйлеуді талап еткен әрекетін түсінбеймін”, – деген Қастер Серік сол сұхбатында.