Қазақша реферат: ХI—XV ғасырлардағы Түркия |

0






ХІ ғасырдың 40жылдары Шығыста жаңа түркілік мемлекеттің жұлдызы жанды. Ол селжук түріктерінің мемлекеті еді. Жаңа мемлекеттің негізін 993—1063 жж. өмір сүрген Тоғрыл-бек қалады. Ол Х—ХІ ғасырларда Сырдарияның ортаңғы ағысы мен Қаратау маңын мекендеген оғыз тайпалық одағындағы қайы руының көсемі Селжук ибн Тугактың немересі болатын. Х ғасырдың аяғында Селжук бастаған топ Сырдарияның төменгі ағысына қоныс аударып, Аралдық оғыздар көтерілісін қолдады. Көтеріліс басылған соң Селжукты қолдаушылар Мауераннахрға қоныс аударды.





.

Ол кезде Мауераннахрдағы саманилер Шығыстан қауіп төндірген қарахандықтармен күресіп жатқан еді. Селжуктер саманилер жағында шайқасып, жеңіліс тапты. 999 жылы саманилер мемлекетін қарахандар басып алды. Селжуктер енді қарахандар жағында ғазнауиларға қарсы соғысты. 1008 жылдан бастап селжуктер ғазнауилердің қорғауында болды. 4000 түрікпен селжуктеріне Амудариядан өтіп, Серахс пен Авиберда (қазіргі Түркмения) маңында қоныстануына рұқсат берілді. Тарихшылар Махмұд сұлтанның бұл ісін үлкен ағаттық деп санайды. Селжуктер Хорасанға қоныстанғаннан соң жергілікті халыққа зəбір көрсете бастады. 1025 ж. ғазнауилар селжук ибн Тугактың үлкен ұлы Исраилды (ол Шағрыл-бек, Тоғрыл-бектің əкесі еді) тұтқындап, түрмеде өлтірді. 1028 ж. Махмұд Ғазнауи селжуктерді Хорезмге қуып тастады. Бірақ 1030 ж. билік үшін күрес кезінде Масуд Ғазнауи Селжук түріктерін өз жағына тартты. Солардың көмегімен 1031ж. қаңтарда таққа отырды. Селжуктер Балхан (Балх) тауына қоныс тепті. 1035 ж. селжук ибн-Тугактың баласы Мұса ибн Селжук пен немелері Дауд Шағрыл-бек, Мұхаммед Тоғрыл-бектер бастаған түріктер Амудария өзенінен өтіп, қазіргі Түркмения жеріне қоныс тепті. Олар Масуд Ғазнауиден Ниса мен Ферав жерлерінен малдарын бағып, көшіп-қонып жүретін жайылым сұрады. Ақысына əскери қызмет атқарып, салық төлеп тұруға міндеттенді. Ғазнауилердің əмірі Хорасаннан айырылып қалудан қауіптеніп, 1035 жылғы жазда селжуктерге қарсы əскер жіберді. Бұл кезге қарай күшейіп алған селжуктер ыңғайын келтіріп сұлтан əскерін талқандады. Мұса, Тоғрыл-бек пен Шағрыл-бектер Масуд Ғазнауимен келісім шартын жасап, қоныстанған жерлеріне қоса Дахистан (қазіргі батыс жəне оңтүстік Түркмения) облысын иемдене тұруға алды. 1038 ж. Масуд Ғазнауи селжуктік түріктерге қарсы Сюбашы басқарған əскер жіберді. Серахс маңында селжуктер бұл əскерді де талқандады. Тоғрыл-бек Нишапурде сұлтан деп жарияланды. Теджен өзенінің бойындағы Дих-и Базарген аулының маңында қан төгіс шайқас болды. Біраз үзілістен кейін, 1039 жылдың қысында соғыс қайта жалғасты. Сол жылғы қараша айында Масуд Тоғрылбекті Нишапурден қуып шықты.

1040 ж. сəуір айында Масуд селжук түріктеріне қарсы кезекті жорығын бастады. Мамыр айында Данденакан қамалында шешуші шайқас болып, ғазнауилік əскер талқандалды, Масудтың өзі əрең дегенде аман құтылып шығып, Гератқа қашты. Данденакандағы жеңіс Батыс Азияда селжуктік түріктер мемлекетінің өмірге келгенін жария етті. Тоғрыл-бек 1040—1050 жж. аралығында Хорезмді, бүкіл Иранды, Əзербайжанды, Күрдістан мен Иракты басып алып, өз билігін орнатты. 1049 ж. Арменияны жаулау басталды. 1055 ж. Бағдад қаласы да селжуктер қол астына көшті. Аббастық халиф Қайым Тоғрылбекке «сұлтан» атағын беріп, екі жылдан кейін «Шығыс пен Батыстың патшасы» деген атағын бекітті. Тоғрыл-бектің мұрагері Алып Арыслан /1063—1072/ кезінде, 1064 жылы Армения басып алынды. 1071 жылы селжуктер Манцикерт маңында византиялықтарды жеңді. 1071 жəне 1081 жылдар аралығында сельжуктер Кіші Азияны, т.б. жерлерді жаулап алды. Мелік-шах сұлтан /1072—1092/ тұсында сельжуктер мемлекеті өзінің саяси қуаттылығының шырқау шегіне жетті. Бұл кезде олар Грузияны, қарақандар мемлекетін басып алды. 1077 ж. Рум сұлтанаты құрылды. 1081 жылдан бастап оның астанасы Никей (қазіргі Изник) қаласы болды. Сонымен қатар бұл сұлтанның билігі кезінде феодалдық бытыраңқылық та орын алды: сельжуктер басқарған бірнеше сұлтандықтар құрылып, олар орталық өкіметке номиналды ғана тəуелді болды. Олар: Керман сұлтандығы /1041—1187/, Рум /1077—1307/, Сирия /1094—1117/ сұлтандықтары. Бірінші кресшілер жорығынан кейін /1096—1099/ сельжуктер Палестинадан, кейінірек Сириядан, Кіші Азияның теңіз жағалауларынан, Грузиядан айырылды.





.

1118 жылы Селжуктер мемлекеті Мелік-шах балаларының арасында бөліске түсті. Санжардың үлесіне астанасы Мерв / Мары/ болған шығыс облыстары, Махмудтың үлесіне — Батыс Иран мен Ирак тиді. 1141 жылы қарақытайлықтардан жеңілген Санжар Орта Азиядағы билігінен айырылды. 1153 жылы балхтық оғыздар көтеріліске шығып, Марыны, Нишапурды, Тусты, т.б. Хорасан қалаларын талан-таражға салды. Санжар өлген /1157/ соң Хорасандағы «Ұлы селжуктер» билігі жойылды. 30 жылға созылған феодалдық өзара қырқысулардан кейін Керманды, Хорасан мен Батыс Иранды хорезмдықтар басып алды. Сельжуктер тек Кони сұлтандығын ғана сақтап қалды. Кони /Рум/ сұлтандығының қуаты əсіресе Алад-дин Кей Қуат /1219—1236 жж./ сұлтанының тұсында күшейді. Ол Қырымға жорық жасап, қыпшақтарды жеңді, олардан Судак қаласын тартып алды. 206 207 1239 ж. Баба Исхак басқарған көтеріліс болды. Олар сұлтан жіберген əскерді жеңіп, Амасью қаласын басып алды. Сұлтан ІІКейХосроу көтерілісті əрең басты. Көтеріліс сұлтанатты əлсіретті. 1243 ж. моңғолдар Кесе-даг маңында селжук əскерін талқандады. КейХосроу ІІ — «монғолдың ұлы ханына» вассалдығын мойындады. 1307 ж. Рум (Кони) сұлтандығы монғолдарға бағынышты бірнеше бейлікке бөлініп кетті. Сол бейліктің (округ) бірі — Осман бейлігі 1299 жылдың аяғында құрылған Осман түріктері мемлекетінің ядросы болды.








Османның арғы атасы Сүлеймен-шах бастаған түріктер монғолдар шапқыншылығы кезінде, яғни ХІІІ ғасырдың 20жылдары Хорасан жақтан қашып келген оғыздық тайпа өкілдері болатын. Бірақ сол ғасырдың 40жылдары монғолдар Кіші Азияға да жеткен еді. Солармен шайқастағы ерлігі үшін селжук түріктерінің сұлтаны Хорасаннан келген түріктерге Византиямен шекаралас эпиктеттік Фригиядан (Сакария өзенінің алқабы) жайылымдық жер сыйлаған болатын. Ол Фригияның орталығы Сөгет елді мекені болды. Осы Сөгетте Сулеймен шахтың баласы Ертоғрылдың отбасында 1258 ж. болашақ билеуші əулет атын алған Осман өмірге келді. Осман І — Ғази əкесі Ертоғрылдан өз үлесіне тиген бейлікте 1282—1324 жж. билік құрды. Оның бейлігі 1299 ж. тəуелсіздігін жариялап, 1307 жылдан бастап эмират деп аталды. Осман əкесінен қалған мұраны Кіші Азиядағы Византия империясының есебінен ұлғайтқан болатын. Ал Османның баласы Орхан (1326—1359) Бурса мен Никеяны басып алып, көрші Караси мемлекетін бағындырды. Орхан эмираттың астанасын Бурса қаласына көшірді. Сөйтіп, Орханның тұсында Византияның Кіші Азиядағы иеліктері түгел дерлік Осман эмиратына қосылды да, ол империяға айнала бастады. Орхан жақсы қаруланған, қатаң тəртіпке бағынған атақты янычарлар корпусын құрды. Бұл жаңа əскер османдар жаулап алушылығының басты күші болды. 1354 жылы Османдық түріктер Балқан түбегін жаулауға кірісті. Алдымен Еуропадағы Галлиополь қаласын басып алды. Бұл кезде Балқандық елдер арасында бірлестік жоқ еді. Орханнан кейін Осман эмиратын басқарған оның баласы І Мұрат /1359—1389 жж./ сұлтан деп аталды. Ол Балқанда Адрианополь /1362 ж./ қаласын, Фракияны, Филиппопольды, Марица өзенінің алқабын басып алып, тез қарқынмен батысқа қарай жылжи берді. Эмираттың астанасын І-Мұрат Адрианопольге көшіріп, ол қаланы Эдирне деп атады. 1389 жылы османдар Сербияға шабуыл жасады. Шешуші ұрыс Косово деген алаңда 15 маусымда болды. Серб королі Лазарьдың сербтер мен босниялықтардан, албандықтардан, валахтар мен венгерліктерден тұратын 20 мындық əскеріне түрік сұлтаны І-Мұрат басқарған 30 мыңға жуық əскер қарсы тұрды. Сербтер жеңілді. Князь Лазарь тұтқынға түсті, соңынан өлтірілді. Милош Обилич деген серб жауынгері жасырын түрде сұлтанның шатырына кіріп, І-Мұратты қапыда өлтірді. 15 маусым — сербтердің қырылған күні — қаралы күн ретінде аталып өтеді. М. Обилич сербтердің ұлттық батыры болып саналады. Оған ескерткіш қойылған. Түріктер осы жеңістен 70 жыл кейін Сербияны толық басып алды. Орталық Еуропа елдеріне түрік османдарының шабуыл жасау қаупі төнді. Рим папасының көмегімен оларға қарсы бірнеше крест жорығы ұйымдастырылды. Бірақ жорықтың барлығы да кресші-рыцарьлардың толық талқандалуымен аяқталды.

1396 жылы османдық Түркияға қарсы кресшілер жорығына венгр, чех, поляк, француз, т.б. рыцарьлары қатысты. Ол жорықты венгр королі Сигзмунд басқарды. Дунайдағы Никопольде олар түріктерден жеңілді. Он мыңға жуық кресшілер тұтқынға түсті, қалғаны қырылды, қашты. Баязит үш жүзге жуық бай рыцарьларды салық төлеткізіп босатты да, қалғанын құлға айналдырды. І-Мұратттың баласы — Баязит /1389—1402 жж./ Болгарияны, Македонияны басып алды. Енді Фессалоникиді алып, Константинопольдің берілуін талап ете бастады. Баязит — «Иылдырым» — «Найзағай» — деп аталды. Еуропада жаулап алынған жерлерге қоныстанған түріктер отырықшылық өмірге көшті. Ал Кіші Азияда қалған түріктер отырықшылыққа кейін көшті. І-Баязит 1402 жылы 20 шілдедегі Анкара маңындағы шайқаста Ақсақ Темірден жеңіліп қалды. Өзі тұтқынға түсіп, сонда өлді. Түрік əскерлері Балқан жаққа қашып құтылды. Оған гректер мен т.б. еуропалықтар көмектесті. Темір бұрынғы эмираттарды қайтадан қалпына келтірді. Олардың арасында араздық туғызып отыруға тырысты. Баязиттің артында қалған 4 баласының арасында бақталастық туды. Бұл бақталастықта 1413 жылы Мұхаммед жеңіп шықты. Ол түрік елін қайта қалпына келтіруге кірісті.

Осман мемлекетіндегі феодалдық қатынастар. Түркияда жер мемлекет меншігі болды. Жердің едəуір бөлігі феодалдарға уақытша меншікке берілді. Бұл уақытша берілген жер ленник деп аталды. Ол 208 209 екі категорияға бөлінді: табысы 3-тен 20 мың сомға дейін жететін тимариоттар жəне 20 мыңнан 100 мың сомға дейін табыс табатын займдар болып. Əсіресе əскери лендер басым болды. Леннің иелерін сипахилер деп атады. Олар сұлтанның атты əскерінде қызмет атқарып, өздерінің лендерінің мөлшеріне сəйкес жорыққа белгілі бір əскер шығаруға міндетті болды. Жоғары əскер басшылары мен чиновниктер неғұрлым ірі лендерді-хассаларды алып отырды. Үкімет шығарған заңдар феодалдардың алатын рентасының мөлшерін жəне олардың шаруалармен қарым-қатынастарын қадағалады.

Түркия жаулап алған Балқан жерлерінде ұсақ феодал — христиандар біршама мол сақталып қалды. Уақыт озған сайын олар мұсылман дінін қабылдап отырды немесе өздерінің жерлерінен айырылды. Халықтың басым бөлігі — феодалдық тəуелділіктегі шаруалар өздерінің жер үлестерін мұрагерлікпен пайдаланды. Еңбекке жарамды бүкіл ересек христиан еркектері сұлтанның қазынасына ақшалай салық — харадж, джизья төлеп тұрды. Барлық халыққа салынатын ақшалай салық испандже деп аталды. Джизья — кəпірлерден алынатын қосымша салық болды. Ауыл шаруашылығы өнімінен алынатын салық /оннан бірі/ ушур деп аталды. Малдан да салық алынды. Егіншілікпен айналысатын халықтың басым бөлігі жерге бекітіліп қойылды жəне феодалдық немесе жергілікті өкіметтің рұқсатынсыз өз үлесін тастап ешқайда кете алмады. Түркиялық заңдар бойынша қашқын шаруаларды іздеп табудың мерзімі 10—15 жыл болып белгіленді. ХVІІ ғасырдан бастап шаруалардың жерлерін сауда-өсімқорлық капиталдың өкілдері мен янычарлардың жоғарғы топтарының не басып алып, не сатып алуларының нəтижесінде феодалдық жер иеленудің жаңа түрі пайда болды. Олар чифтиликтер деп аталды. Еуропаға қоныс аударған түріктер отырықшылыққа көшіп, Кіші Азиядағылары көшпелі мал шаруашылығымен айналыса берді. ХV ғасырдың 20жылдарында Баязит балалары арасындағы араздық басылып, Түркия мемлекеті қайта күшейген кезде, олар назарын қайтадан Константинопольге аударды. 1422 жылы түріктер Константинопольді қоршап алды. Бірақ, көп ұзамай, елде ақсүйектер бүлігі қайталана бастаған соң ІІ-Мұрат сұлтан қоршауды қойып, кейін қайтуға мəжбүр болды. Дегенмен Византия Македония мен Фракиядағы бірсыпыра қалаларды түріктерге беруге мəжбүр болды. Сөйтіп византиялықтар бір кездегі ұланғайыр иеліктерінің болмашы қалдықтарын ғана сақтап қалды. 1430 жылы түріктер Византияның ең ірі экономикалық орталығы — Фессалониканы басып алды.

Осындай жағдайда Византия үкіметі қалайда Батыстан көмек алуды ойлады. 1439 жылы Феррар-Флоренция шіркеуі соборында католик жəне православие шіркеулері арасында папа тағының басшылығын мойындаған шартпен уния жасалды. Соншама қымбатқа түскен Уния Византияға ешқандай нақтылы көмек көрсете алмады. Ол — ол ма, унияға байланысты Византияның өзінде əлеуметтік-саяси күрес бұрынғыдан да шиеленісіп кетті, мұның өзі мемлекетті түріктерден қорғау үшін барлық күшті топтастыруға бөгет болды. «Біріктіру комедиясы» папаға православие шіркеулерін, ең алдымен орыс шіркеуін жəне Констанинополь патриархын бағындыру үшін қажет болды. Жоғарыдан келісіліп, католик шіркеуімен жасалған унияны византия халқы қолдамады да, ол толық сəтсіздікке ұшырады. 1452 жылдың жазында түріктер Константинопольді сыртқы дүниеден кесіп тастап, блокада ұйымдастырды. 1453 жылғы сəуірдің басында ІІ-Мехмед сұлтан құрлықтағы жəне теңіздегі үлкен күшпен Византия астанасын қоршады. Констанинополь түбінде сол кездегі тамаша артиллериямен жабдықталған 200 мыңдық түрік армиясы болды, ал қыруар түрік флоты қаланың теңіз жағын бүркемеледі.

Византия тарихшысы Дуканың айтуы бойынша империяның ежелгі астанасын қоршап алушының 20 адамына қорғаушылардың 1 адамы қарсы тұрды. Оның үстіне қаланың қорғанысының əлсіреуіне өзінің ішіндегі саяси партиялардың арасындағы таластартыстың тоқтатылмауы да көп əсер етті. Византия əскерінің басым көпшілігі жалдамалылар /неміс, француз, испан/ болды, гректер өте аз еді. Астана тұрғындарының түріктерге ерлікпен қарсылық көрсеткеніне қарамастан Константинополь 1453 жылы 29 мамырда толық жеңілді. Константинопольдің құлауымен Византия империясы да өмір сүруін тоқтатты. Византияның соңғы императоры ХІ Константин Палеолог /1449—1453 жж./ шайқас кезінде қаза тапты. Константинопольдің атын Стамбул деп өзгертіп, Осман империясы астанасын осында көшірді. Іле-шала түріктер бұрынғы Византия мемлекетінің Орта Грециядағы жəне Пелопоннестегі басқа аймақтарын да басып алды, ал 1461 жылы Трапезунд империясының астанасын да өзіне қаратты. ХVІ ғасырдың қарсаңында Осман империясы өзінің қол астына Балқан түбегін түгелдей дерлік бағындырды. 1457 жылы Албанияны басып ала алмаған түріктер оны 1468 жылы ақыры бағындырып алды. Албан халқының ұлттық батыры Скандар-бег /1405-1468/ 212 213 шайқаста қаза тапты. Скандарбег Кастриоти деген албан князінің əулетінен шыққан. Ол бала кезінде түрік сұлтанына кепілдікке берілген. ІІ-Мұрат сұлтанның қолында тəрбиеленіп, ат жалын тартып мінісімен, соның əскерінде қызмет атқарды. Əскер басқарудағы ерекше қабілеті үшін «бэй» атағын жəне Александр Македонскийдің құрметіне Ескендір атын алды. Бұл ат бұрмалана келіп «Скандербег» болып кеткен. Өз халқының түрік сұлтандығына қарсы күресіне жанжақты дайындалды. Оның ішкі жəне сыртқы жауларымен қатынас орнатты. Венгр əскербасы Янош Хуньядимен келіссөз жүргізді. 1443 жылы 3 қарашада Нише түбіндегі венгр əскерлері жеңіске жеткенде Скандарбег үш жүз сенімді серіктермен түріктер лагерінен қашып шығып, Дибрге келді. Онда албан халқын түріктерге қарсы күреске көтерді. Бірнеше күннен кейін Круяға келіп, 28 қараша күні Кастриоти княздығының басшысы деп жарияланды. Қамалдардағы түрік гарнизондары қуылды.






.

Скандарбегтің қолбасшылығымен албан халқы 24 жыл бойы түріктер үстемдігін қайта орнатуға мүмкіндік бермеді. Скандарбег талантты əскер басшысы ғана емес, көреген, айлакер саяси да қайраткер болды. Ол албан феодалдарының ішіндегі ішкі өзара кикілжіңдерін де, венециялықтар мен папаның қулықтарын да шебер іске асырмай, тиып тастап отырды. Албан Халық Республикасы Скандарбег атындағы орден шығарған. Албандықтардың жеңілуіне италияндықтардың көмекке келіп үлгермеуі себеп болды. 1463 жылы түріктер Боснияны басып алды. Шығыспен теңіз саудасына қожалық түріктер қолына көшті. 1475 жылы түріктер Қырымдағы Каффаны /қазіргі Феодосия/ генуялықтардан тартып алды. Көп өтпей түріктер Донның Азовқа қосылатын алқабын тартып алып, онда Азов қамалын салды. ХV ғасырдың ІІ жартысында түрік-османдар Қырымды бағындырды. Қырымда тұрған татарлар түрік сұлтанының вассалына айналды. Кескілескен ұрыстан кейін Дунай князьдықтары — Молдавия мен Балахияның княздары түрік сұлтанының вассалдарына айналғанын мойындады. Молдавия 1456 жылы Түркияға салық төлеп тұруға уəде берді. Бірақ 1457—1467 жылдары ІІІ Иванмен одақтасып, түріктерге қарсы соғысты. 1487 жылы жеңіліп, сонан 300 жылдан астам уақыт Түркияның қол астында болды. /1793 жылы Речь Посполитаяны екінші рет бөлу кезінде Молдавия Ресейдің қол астына көшті/. 1473 жылы Кіші Азиядағы Караман эмиратын басып алғаннан кейін шығыста көшпелі түрікпен тайпаларының Ақ-қойлы деген мемлекетінің қарсылығына тап болды.

ХV ғасырдың 50—60 жылдарында астанасы Əзербайжандағы / қазір Иранда/ Тавриз қаласы болған Ақ-Қойлы сол кездегі қуатты мемлекеттердің бірі еді. Оған Армения, Əзербайжан, Карабах, Күрдістан, Ирак, Парс жəне Керман елдері бағынды. Ақ қойлылықтар Ұзын Хасан деген падишахтың бір орталыққа бағынған мемлекет құруына қарсы болды. Венеция Ұзын-Хасанға қару-жарақ, зеңбірек беруге тырысты. Ұзын-Хасан 1472 жылы Туркияға қарсы соғыс ашты. Ол Қараманның қолдауына сүйенді. Бірақ одақтасыҚараманның жерінде жеңіліске ұшырады. Қараманды 1473 ж. түріктер өзіне қосып алды. Ұзын Хасанның əскерлері түрік янычарларына қарағанда өте нашар қаруланған еді. Оның үстіне Ұзын Хасан түріктерге қарсы Египетті, Грузияны қосып, блок ұйымдастырмады. Керісінше, Грузиямен соғысып, оны талан-таражға салып, əлсіретті. 1478 жылы кезекті Грузияға қарсы жорықтың бірінде Ұзын Хасан өлді. 1501 жылы Əзербайжанда бұрынғы Ақ Қойлы мемлекетінің орнына Сефевилер мемлекеті құрылды.

Осман эмиратының жаулап алушылық саясатының табысты болуына өте қатаң тəртіп арқылы жақсы ұйымдастырылған күшті əскер көп үлес қосты. Ол əскерде «Яны чар» — «Жаңа əскер» деген тұрақты жаяу əскер үлкен роль атқарды. Бұл əскердің жауынгерлері үкіметтен жалақы алып тұрды. Алғашында янычарлар əскері 5-10 мың адамнан тұрды. Түріктер жеңген елдерден денсаулығы мықты балаларды ата-анасынан айырып алып, оларды əскери қызметке дайындады, ислам дінін қабылдатты. Янычарлар өз басшыларының бұйрығын мүлтіксіз орындауға үйретілді. Сұлтан биілігі тежеусіз болды. Оның билігін мұсылман дінбасылары қолдады. Олар дінге сенушілерді сұлтан — «құдайдың жердегі көлеңкесі» деп сендірді. Жаулап алынған халықтардың осман-түріктерге қарсы көтерілістері. Ол халықтар өздерінің тəуелсіздік жолындағы күресін тоқтатпады. Болгар жəне серб партизандары «гайдуктер» деп аталды. Олар мұсылман мекендерін өртеді, тонады, түрік чиновниктері мен жауынгерлеріне шабуыл жасады. Гайдуктер жиі-жиі қажетсіз қаталдыққа барып, тонаумен жəне зорлық-зомбылықпен айналысты. Славян феодалдарының едəуір бөлігі ислам дінін қабылдап, сұлтан жағына қызмет істеуге шығып кетіп отырды. Осман империясына кірген жерлер ірі əскери-əкімшілік бірліктерге-уалаяттықтарға, ал олар — санджактарға бөлінді. Уалаяттарды, санджактарды басқарушылар тек азаматтық билікке ие болып қана қоймай, жергілікті əскерлерге де басшылық етті. Сот билігі əкімшілік өкіметтерге тəуелсіз судьялардың-қадилердің қолында болды. Көптеген шіркеулер мешіттерге айналдырылды. Болгария мен Сербиядағы православиялық шіркеулердің дербестіктері жойылды. Балқан түбегіндегі барлық православиелік халық Константинопольдегі грек патриархының қарауына кірді. ХІV—ХVІ ғасырларда Түркияның жəне оның жаулап алған жерлерінің экономикалық жағдайлары біршама жақсарды. Түркия үкіметі мен түрік армиясы қолөнері мен сауданың өркендеуіне мүдделі болды. Қолөнершілердің цехтық бірлестіктері эснафтар деп аталды. Түріктер əдетте сауда жұмыстарымен аз айналысты. Көпестер негізінен гректерден, славяндардан, армяндар мен еврейлерден құралды. Өнеркəсіп товарларын шет елден əкеліп тұруды көтермелеп отырған Турция үкіметі шет ел көпестеріне сауда артықшылықтарын беріп, баға салығын төмендетті. Мұның өзі жергілікті көпестердің қызметтеріне мейлінше кедергі жасап, жергілікті қолөнер кəсібінің өркендеуіне зиян келтіріп отырды.









Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!