Ыдырыс Мұстанбаев | өмірбаяны

0

Алаш қозғалысының қайраткері, әдебиет сыншысы, абайтанушы Ыдырыс Мұстанбаев 1898 жылы Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған.

Тінібай медресесін, екі сыныпты орыс-қазақ училищесін бітіріп, Семей гимназиясында оқыды. Еңбек жолын пошта телеграфисі болып бастады. 1918 жылы Семейде Алаштың атты әскер полкін жасақтауға қатысты. 1919-1921 жылдары Семей губревкомы мен губаткомының мүшесі болып, Семей, Өскемен, Аягөз, Зайсан университетінде ұйымдастырушылық-басшылық қызметтер атқарды. 1920 жылы Қазақ АКСР-нің Құрылтай съезінде ОАК-нің мүшелігіне сайланды. 1921-1926 жылдары Орал, Ақмола губерниясының прокуроры, Сырдария губаткомының төрағасы, Қазақ ОАК-нің нұсқаушысы қызметтерін атқарды. 1926 жылы «Сырдария ісі», «Шаян ісіне» қатысты жауапқа тартылды. 1926-1927 жылдары — Қазақ АКСР-інің байланыс халық комиссары. 1927 жылы Семейде өткен атаман Аненковқа қарсы сотта мемлекеттік айыптаушы болды. Өмірінің соңғы жылдарында Қызылорда мен Алматыда әр түрлі кеңес, партиялық, шаруашылық қызметтер атқарды. Қазақстандағы жер мәселесі, ауылдағы тап тартысты, байлардың мүлкін тәркілеу, мекемелерді қазақыландыру, т.б. социалистік қайта құрулар мен голощекиндік ұлт саясатына қарсы күрескені үшін, «сәдуақасовшылдық», троцкилік оппозицияның көрнекті өкілі ретінде қудаланып, бірнеше рет партия қатарынан шығарылды. Мұстанбаев әдеби сынға өзіндік үлес қосып, қазақ әдебиетінің тағдырына қатысты талас-тартысқа белсене араласты. Абай, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаевтардың шығармашылық мұрасын таптық-идеологиялық шабуылдан қорғады. Саяси қуғын сүргіннің құрбаны болды. 1991 жылы ақпанның 18-інде ақталды.