Тобағабыл Төлепберген | өмірбаяны

0

Тобағабыл Төлепберген 1936 жылы 20 мамырда Қызылорда облысының Тереңөзек ауданына қарасты Ақарық ауылында дүниеге келген. 

Еңбек жолын 1957 жылы бастаған. 1957–1962 жж. Тереңөзек аудандық «Еңбек майданы» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, 1962–1963 жж. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бөлім меңгерушісі, 1963–1967 жж. Қазақ радиосының редакторы, 1967–1970 жж. Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде бас редактор, 1970–1973 жж. «Қазақтелефильм» студиясының сценарий жөніндегі алқа мүшесі, 1973–1992 жж. Қазақ радиосында бас редактор, 1992–1994 жж. Халықаралық «Тұран» радиосының бас редакторы, 1994–1996 жж. Қазақ КСР Министрлер Кабинеті жанындағы Тіл комитетінде бөлім бастығы болды. Қазір шығармашылық жұмыста.

«Баспалдақ» атты тырнақалды дүниесі 1955 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарық көрді. «Көктемнің ең ұзақ күні», «Коммунист Мұқан Көккөзов» (1975 жылы Владивосток қаласында өткен Бүкілодақтық байқауда арнаулы дипломға ие болған), «Құзар» (Вершина) атты деректі телефильмдер сценарийлерінің авторы.

«КСРО телевизиясы мен радиосының үздігі» белгісімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі.

Шығармалары: Өлеңдер. А., «Жазушы», 1963; Сағадат Нұрмағанбетов. Очерк. А., «Жазушы», 1966; Өкініш. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1966; Өңшең мықты. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1968; Тағдыр. Повестер мен әңгімелер. А., «Жазушы», 1970; Жазира. Повесть. А., «Жазушы», 1971; Тағы да күз. Повесть. А., «Жазушы», 1975; Түсінсең енді мені. Повесть пен әңгімелер. А., «Жалын». 1978; Время жить. Повести. А., «Жазушы», 1980, 1982; Жүрегім соғып тұрғанда. Повестер. А., «Жалын», 1982.