Сәкен Жүнісов | өмірбаяны

0

Сәкен Жүнісов (1934–2006) — 1 ақпанда Көкшетау облысы, Қызылтау ауданы, Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. Қазақстанның Халық жазушысы (1996). Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1957). 

1957–1959 жж. «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында және 1960–1964 жж. Қазақ мемлекеттік драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1988 жылдан 1991 жылға дейін КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған. 

Балаларға арналған алғашқы кітапшасы («Сонарда») 1959 жылы шықты. Бұдан соң жас жеткіншектер үшін «Әжем мен емші және дәрігер» (1961), «Кімнің мекені жақсы» (1962), «Сақау бәтеңке» (1983), т.б. кітаптары жарық көрді. «Өшпейтін іздер» повесін (1968), «Жапандағы жалғыз үй» романын жазды (1965; орыс тілінде – 1968). «Ақан сері» дилогиясы жарық көрді. (1кіт., 1971; 2кіт., 1977; орыс тілінде – М., 1979). «Алғашқы вагон» (1982), «Заманай мен Аманай» (1987) повестерін жазды.

Жазушының «Ажар мен ажал» (1967), «Тұтқындар» (1970), «Қызым, саған айтам» (1972), «Жаралы гүлдер» (1973), «Қос анар» (1974), «Әр үйдің еркесі» (1975), «Қысылғаннан қыз болдық» (1976), «Кроссворд немесе масханадағы маскарад» (1981), т.б. пьесалары республика театрларында қойылды. «Өліара» пьесасына Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді (1986). 2000 жылы «Сәкен сері ел жайында, ел Сәкен сері жайында» кітабы жарық көрді.

Көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған. Л.Н.Толстойдың, С.Цвейгтің бірқатар әңгімелерін, О.Т.Гончардың «Перекоп», «Көк адыр» романдарын, т.б қазақ тіліне аударған.